Ғұлама Ғылманидың мұрасы халыққа жол тартты
Жуырда Астанада ХХ ғасырдағы аса көрнекті қоғам және дін қайраткері, ақын, аудармашы Сәдуақас қажы Ғылманидың тұңғыш рет жарық көрген поэзиялық мұрасының тұсауы кесілді. Шара барысында асыл дінімізді қиын жылдары қызғыштай қорғаған діндар ғұламаның рухына құран бағышталып, ас берілді. Қасиетті әрі сауабы мол Мәуліт айымен тұспа-тұс келген жиында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, мәуліт те оқылды.
Сәдуақас Ғылманидың бұл еңбегі – жұртшылық игілігі үшін тұңғыш рет баспа жүзін көріп отырған поэзиялық тағылымды жинақ. Қалың қауымға таныстырылып, тұсауы кесіліп отырған кітап белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Ел шежіре» қоғамдық қорының баспасынан былтырғы желтоқсанның соңын ала шыққан екен. Шектеулі санмен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ел кітапханаларына таралуы үшін шығарылған кітаптың сыртынан демеушілер қолдау жасап, туындыны қосымша тапсырыспен тағы біршама данаға еселепті. «Сәдуақас Ғылмани – ХХ ғасырдағы ұлттың рухани ізденісінің, діни талабының әрі жарқын үлгісі, әрі «ақтаңдағы». Ал ол кісіге қатысты ақтаңдақ екі бағдарда аңғарылады. Біріншіден, егер біз оның шығармаларын толық қалпына келтіріп, жүйелеп, талдап, халыққа лайықты ұсына алсақ, қазақ әдебиеті тарихындағы аса трагедиялы әрі идеологиялық таптаурынға ұрынған 30-жылдар мұрасын жаңа қырынан таныған болар едік. Бұдан да түсініктірек айтсақ, С.Ғылмани туындылары 1929-1930 жылдары ұсталып, ойындағысын айта алмай кеткен Алаш арыстарының арман-аңсарын жеткізеді. Отандық әдебиет тарихының тұтас бір кезеңіне сәулесін түсіреді: үзілген жерді жалғайды, кемді толықтырады. Екіншіден, С.Ғылмани қайраткерлігі ХХ ғасырдың өн бойындағы Қазақстан діни жолының ізденісі мен іркілісін, қапалығы мен қателігін, өрісі мен терісін байыптатады. Әйтпесе тұтасқан атеистік қоғамда отырып, діни пайым айту немесе сұхбат пен мәмілеге келу қай тараптың ұпайын түгендейтіні түсінікті ғой», – деп жазады кітаптың алғысөзі мен түсініктерін әзірлеп құрастырған филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы. Дәп осы Дихан Қамзабекұлы ғұлама Ғылмани мұрасының бір парасын жарыққа шығаруға зор қажыр-қайрат сіңірді десек, артық емес. Десе де, Сәдуақас қажы еңбектерінің қаз-қалпында бізге жетіп, жарық көруінің өзі – бір ұзақ әңгіме. Ерейментаулық шежіреші ақсақал Тасмұхамбет Тәлімұлы кітаптың осы нұсқасын даярлауға да көп мұрындық болған екен. «Мұның қолыма түсу жағдайына келсек, Сәкен қалпенің (Сәдуақас Ғылманиды жұртшылық осылай атап кеткен – автор) баласына қалдырған бұл мұрасы кезінде өзінің сырлас жолдасы болған Қалкен ақсақалдың жиған-терген мұрағатынан шықты. Ол кісі тірі кезінде Сәкен қалпенің әңгімелерін айтып отырушы еді. Алайда мұндай еңбегі бар екендігін білмеппіз. Кейін Қалкен ақсақал баласына көрсетіп, бір қап кітапты киізге орап, ескі молаға көміп тастаған. Сол кісі қайтыс болған соң, балалары қайта қаздырып алған екен. Сол кітаптарды немересі көрсетіп, соның ішінен қалпенің осы шығармасымен қоса екі Құран шықты. Оның бірі – Арабстанда, бірі Қазанда басылыпты», – дейді Тасмұхамбет ақсақал. Сөйтіп, ерейментаулық ақсақал арқылы Сәдуақас қажының мұрасы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлының қолына түсіп, жарыққа шығуына да ғұламаның бүгінгі ізбасары септігін тигізген. Алайда Сәкен қалпенің әлі де жарияланбаған еңбегі жетерлік. «С.Ғылманидың 110 мың сөзден тұратын «Арабша-қазақша сөздігі» бар. Ол Алматыда тұратын үлкен қызы Әминаның қолында, әлі жарияланбаған. Бұл, бір жағынан, Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толып отырған Қазақ елінің ғалымдары үшін үлкен сын. Ал мұндай сөздікті шығару Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, бүкіл ислам әлеміндегі үлкен оқиға болмақ. Расында, біз 1970 жылдан бері арабтану мәселесін көтеріп келгенімізбен, қазақ үшін соның қайнар көзі болып табылатын Сәдуақас қажының арабша сөздігі әлі шаң басып жатыр», – дейді Д.Қамзабекұлы. Ғылымның жас перілері үшін ендігі мұрат та сол болмақ.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Сәдуақас Ғылмани – ХХ ғасырдағы қазақтың рухани мәселелерін ту етіп көтерген, соны жинақтап, халыққа жеткізе білген үлкен тұлғалардың бірі. Жалпы, ХХ ғасырдағы ислам мәдениеті мен ислам құндылықтарын, ұлт мәдениетін жалғастырып, жаңа заманға жеткізе білген бірнеше ғана тұлға бар болса, олардың ішінде Сәдуақас Ғылмани мен Ақжан Машанидің шоқтығы биік. Қызық ретінде айтайын, ғалым Ақжан Машаниді халық етене жақсы білсе, оның ұстазы Сәдуақас Ғылмани туралы жұртшылық көп біле бермейді. Расымен, әл-Фарабидің еңбектерін даярлау барысында Ақжан Машани арабша мәтіндер бойынша Сәдуақас Ғылманидан түсініктер алып отырған. С.Ғылманидың ғұмырбаяны ХХ ғасырдағы қазақ халқының тағдыр-тәлкегімен байланысты. Бұл кісі 1930 жылдардан бастап қудаланған. Репрессиялық аппараттың дегеніне салсақ, Сәдуақас Ғылмани да сондай нәубеттің құрбаны болар еді. Бірақ ол кісі өзінің түйсік астарындағы ойларына сеніп, қызыл империяның құрсауынан қаша түскен. 1931 жылдан бастап, 1946 жылға дейін қуғыннан қашып, Сібірде, Омбыда жасырын аттарды жамылып өмір сүрді. Алайда соның өзінде ғалым бүкіл қазақ тағдырын өлеңге, поэзияға түсіріп жазған. Осы еңбекті халық оқыса, бір жағынан, діни құндылықтарды біле түседі. Екінші жағынан, 1930 жылдары қазақ әдебиетінің ең трагедиялы беті болып табылады. Қазақ әдебиеті өз бағытынан жаңылып, «көмір коммунизм» мен темір-терсекті жырлап кеткен еді. Ал халықтың қайғы-мұңынан бөлек бағытқа кетіп қалған. Сол кездегі ақтаңдақты Сәдуақас Ғылманидың еңбегі толықтырады.
Үкіжан СӘДУАҚАСҚЫЗЫ, ғұламаның қызы:
– Атамыздың жарыққа шықпаған мол дәулеті мен барлық мұраты кіші қызы Әминаның қолында. Әкем екеуміздің көрмеген қиыншылығымыз жоқ. Тоғыз жасымда әкеммен бірге тоғыз адам болып Ақмолаға келген едік. Осында келген түні әкемді милиция ұстап, түрмеге қамап тастады. Сонда әлгі тоғыздың бесеуі, оның ішінде анамыз да аштан өлді. Кейін әлгі қамауда ұстағандардың өзі әкеміздің көркем мінезіне, білімділігіне таңғалысып, оны өлтіруге еш қимай, қайтыс болған біреудің құжатымен босап шығуына жәрдем берген. Бүгінгі кітап – әкемнің өзінің басынан кешкенін жазып қалдырған мұрасы. Әлі шықпаған 50 шақты кітабы бар. Жалпы, әкемнің мұрасы телегей-теңіз ғой. «Сәкен қалпе айтыпты» деген ел арасындағы жиналмағаны қаншама?.. Әкем мағынасы мен мақамын сақтап қазақша тұңғыш рет 1949 жылы жазған «Мәуліттің» кең насихатталмай жүргеніне де қайранмын.
Қалижан ЗАҢҚОЕВ, «Нұр Астана» орталық мешітінің имамы:
– Жақында ғана осы кітап қолыма тиген еді. ХХ ғасырда елімізге, дініне, руханиятқа қызмет еткен Алаш арыстары көп. Соның ішінде бірегейі, дінмен қатар ұлт мүддесін бірге қорғап шыққан тұлға – Сәдуақас қажы. Сол заманда дін қолда шоқ ұстап тұрған секілді аса қиын кезеңге ұшыраған болса, асыл дінімізді жеке басымен ардақтап қана қоймай, жұрт арасында насихаттауда да табандылық көрсеткен Сәдуақас қажының еңбектерінің жарыққа шыққаны қуантады. Жастар нағыз дін қайраткері С.Ғылманидың жарыққа шыққан еңбегін жақсырақ біле түсуі тиіс. Бұл еңбек – жастар көзін сүртіп жүріп, соншалықты құштарлықпен оқитын зор еңбек болуы керек. Медресеміздегі шәкірттердің әрқайсысына осы кітаптың бір-бір данасы тиді. Оны оқулық ретінде пайдаланатын боламыз. Расымен де, С.Ғылманидың еңбегі алдымыздағы жарық бағдар болмақшы.
Көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші ақын Сәдуақас қажы Ғылмани өз бетiмен мұсылманша сауат ашып, Арқаға аты мәшһүр Ақтамақ халифа (Ахмет Ғұсманұлы) медресесiнен тәлім алады. 6,5 жыл оқып, ұстаз батасын алып шығады. Алмағайып заманда бастан кешкен тағдыры тым ауыр болса да, ғалым алдына қойған мақсатынан тайсалмаған. Ислам iлiмiне деген құштарлық оны «қасиеттi Құранға қазақша түсiндiрме жазсам» деген арманға жетелейдi. Бiрақ бұл еңбегiн ол белгілі себептерге байланысты жалғастыра алмайды. Әйтсе де С.Ғылмани құтпа, жұма намаздарға арнап уағыз жаза жүрiп, иманшарт негiзiн ауызша және жазбаша да таратады. С.Ғылмани 1934 жылдары Омбы облысының Лиюбин ауданына қоныс аударуға мәжбүр болады. Содан ол 1946 жылы ғана Ақмола облысына қайтып оралады. Саналы өмiрiн ата дiнiне арнаған С.Ғылманиды жұртшылық қуана қарсы алады. Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов ұсынысын мақұлдаған ақмолалықтар Сәдуақасты қала имамы етедi. 1949 жылы ол көптеген кедергiге қарамай, қасиеттi Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтады. Дін ғұламасы 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орталық Азия және Қазақстан Діни басқармасының мүшесі қызметін атқарған. 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітапты, «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендердің мол мұрасы)» жинағын әзірлеген. Құран Кәрім аяттары мен хадистерінің қазақша тәфсірлерін, Мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды әзірлеген. Қайтар алдындағы өсиетіне қарағанда, ол ислам діні туралы 42 кітапша жазған.