Қазақстандық Moviq кинокомпаниясы голливудтық продюсерлер Кери Гранат және Эд Джонспен бірге Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсіреді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Картинада белгілі әнші әрі актер Әміре Қашаубаевтың шығармашылығының шыңына шыққан кезеңі баяндалады. Оның Еуропаны қазақ халқының ән өнерімен таныстырған Кеңес одағының тұңғыш әншісі екені белгілі. 1925 жылы Парижде өткен EXPO-1925 көрмесінде ол қазақтың "Ағаш аяқ", "Қанапия", "Жалғыз арша", "Үш дос" атты ұлттық әндерін орындап, күміс жүлде алған еді. Фильмге әншінің орындауындағы сегіз ән алынды.
Moviq кинокомпаниясының өкілі Андрей Распутиннің айтуынша, фильмнің түсірілім жұмыстары сәуір айында басталады. Түсірілім жұмыстарының көбі Еуропа қалаларында, кейбірі Алматыда өтеді. Картина қазақстандық, сонымен қатар, шетелдік прокатқа да шығады. Фильмді түсіруге "Қазақфильм" киностудиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірді.
Cast.kz орталығы 1 желтоқсаннан бастап басты рольде ойнайтын актерге кастинг жариялады. Айта кетейік, "Әміре Қашаубаев" картинасы ағылшын тілінде шығады, сондықтан да басты ролье ойнайтын актерге ағылшын тілін білу талабы қойылып отыр.
Қашаубаевтың ролін ойнайтын актерге қойылатын басты талаптар: жас шамасы 25-40 аралығында болу керек, ағылшын тілін Upper Intermediate деңгейінде білу, актерлік шеберлігі жоғары, қазақ әндерін шебер орындау және домбырада ойнау.
Басты рольдерге: ағылшын, қазақ тілдерін жақсы білетін 55-65 жас аралығындағы ер адам; Мұстафа Шоқайдың роліне 30-40 жас аралығындағы, ағылшын тілін білу деңгейі Intermediate деңгейінен төмен болмауы тиіс; 25-35 жас аралығындағы, ағылшын тілін Intermediate деңгейінен кем білмейтін әйел; 55-65 жас аралығындағы актерлік қабілеті жоғары, ағылшын тілін білетін әйел адам және 13-16 жас аралығындағы ағылшын және қазақ тілдерін жақсы білетін ұл бала керек.
kaz.tengrinews.kz