Ғарышкерлер Арқалыққа қонды
Кеше Астана уақытымен сағат 10:46-да Қостанай облысы Арқалық қаласынан 70 шақырым жерге Халықаралық ғарыш стансысының «Союз ТМА-19» кемесінде болған 25-экспедиция келіп қонды. Экипаж құрамындағы ресейлік Федор Юрчихин, америкалықтар Дуглас Уилок және Шеннон Уокерді қарсы алуға аталмыш екі мемлекет пен Қазақстан тарапынан 18 тікұшақ және бірқатар эвакуациялық көліктер жұмылдырылды.
Халықаралық ғарыш стансысында бес ай бойы қызмет етіп, арнайы аппарат ішінде Арқалықтың маңайына кеп құлаған аталмыш экипажды жедел іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Қостанай облысына келіп жеткен бір топ ресейлік-америкалық мамандарды Росавиацияның жетекшісі Александр Нерадько басқарды. Ғарышкерлер қауымын әдеттегідей құрт-майымен құшақ жая қарсы алған Қазақстан өкілдерінің атынан Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов бұл жолы да ғарыштан келген азаматтардың иығына шапан жауып, ал нәзік жанды ғарышкер Шеннонға қамзол кигізді.
Жоспар бойынша «Союз ТМА-19» кемесінің 25-экипажы жерге 30 қарашада оралуы тиіс еді. Алайда Астанада өтетін ЕҚҰЫ саммитіне байланысты бұл шараны 26 қарашаға ауыстырған болатын, бірақ Қостанай облысындағы қолайсыз ауа райы біраз алаңдаушылық туғызған еді. Дегенмен Арқалық аймағындағы ауа райы қалыпты болып, экипажы бар капсула аман-есен жерге жетті. Құтқару қызметі офицерінің айтуынша, ғарыш кемесінен бөлінген аппарат Қазақстан жерінен тысқары құлауы да мүмкін деген болжам болғандықтан, әлемнің әр жерінен 12 «полигондық нүкте» дайындап қойыпты. Алайда Торғай даласына тұрақты түрде қонуды әдетке айналдырған аппараттар бұл жолы да қазақ даласын жазбай тапты.
Ғарышкерлер өздерімен бірге радиацияның адам ағзасының органдарына қалай әсер ететінін анықтау мақсатында ашық айлаққа шығарылған «Матрешка-Р» манекенінің детекторын әкелді. Әсіресе, соның көмегімен қатерлі ісікке байланысты болжаулар анықталады деген үміт зор. «Екінші рет екі ай бойы орбиталдық саяхатта болған клеткалардың барлығы тірі, олардың өміршеңдігі бірқалыпты, тіпті кейбіреуінің белсенділігі Жердегіден де жоғарылаған», – дейді «Женьшень-2» экспериментінің жетекшісі Татьяна Крашенинникова.