Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымының докторы, профессор Майя Хежетдинқызы Шығаеваның 85 жасқа толған мерейтойына арналған шара өтті.
Салтанатты шараға ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, академик Нәдір Нәдіров және басқа да профессорлар мен биология саласының ғалымдары, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Ғалымды мерейтоймен құттықтаған Ғ.Мұтанов: «Майя Хежетдинқызы – үлкен білім мен ғылымның иесі, қазақстандық ғылымның мақтанышы. Сіздің еңбегіңіз барлығымызға өнеге. Сіздің бойыңыз ұстаздық және адами жақсы қасиеттерге толы. Қашанда қара шаңырақпен байланысыңыз үзілмей келеді. Бұл университет ұжымына зор мақтаныш», – деп атап өтті. Өз кезегінде М.Жұрынов Майя Шығаеваға арналған ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хатын оқып, ғылым мен рухани әлемнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалымға министрлік тарапынан алғысхат жолдады. Биология ғылымын дамытуда үлкен қадамдар жасаған, тек бұл ғылымды отандық емес, алыс-жақын көрші мемлекеттерде де кең насихаттаған Майя Шығаеваға деген шәкірттері мен замандастарының жылы лебіздері толастамады. Құттықтау рәсімі барысында академик Нәдір Нәдіров ғалымның ҚазҰУ-дың дамуына қосқан үлесі бір төбе екендігін айтып: «Майя Шығаева – отандық ғылым мен жеңістің аңызы», – деп атап өтті. Қайраткер ғалым кезінде «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар медальдармен және басқа да марапаттармен марапатталды. Бүгінде ғалым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультетінің құрметті кафедра меңгерушісі болып қызмет жасауда.
Қаперге!
Академик Майя Хежетдинқызы Шығаева 1927 жылы 21 қаңтарда Астрахань қаласында дүниеге келді. 1949 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін ҚазКСР ҒА микробиология және вирусология институтында аспиранттан директордың ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасарына дейін қызмет атқарды. 300-ден аса ғылыми жұмыстың авторы, соның ішінде 10 монография, үш оқу құралы, екі оқулық, екі кітапша шығарды, 43 авторлық куәліктің иегері.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі