Француз ғалымы Тәттімбет күйлерінің жинағын шығарды
Алматыда қазақтың ұлы сазгері, шертпе күй өнерінің негізін салушы Тәттімбет Қазанғапұлының шығармалары жазылған Dombra du Kazakhstan L’heritage de Tattimbet («Қазақ домбырасы: Тәттімбет күйлері») атты компакт дискі көпшілікке таныстырылды. Бұл жинақ – француз тарихшысы, өнертанушы, Сорбонна университетінің түлегі Гзавье Аллездің еңбегі.
Тәттімбет шығармаларының жинағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында таныстырылды. Баспасөз мәслихатына музыкатанушы Жарқын Шәкәрім, өнертанушылар Ерлан Төлеутай, Саида Дәукеева, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург Дидар Амантай қатысты. Dombra du Kazakhstan L’heritage de Tattimbet атты компакт дискіге таңдаулы өнерпаздардың орындауындағы Тәттімбет күйлері енген. Олардың қатарында белгілі жазушы, өнертанушы Таласбек Әсемқұлов, қарағандылық күйші, Тәттімбет мектебінің орындаушылық дәстүрін таза сақтап отырған Құнан Кәріпбеков, керекулік жас күйші Қайрат Айтбаев, астаналық өнерпаздар Нұрғаным Жексенбай және Ақжусан Иманғазылар бар. Тәттімбет мұрасын қазақтың шертпе күй өнерінің шебері Әбікен Хасеновсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Сондықтан да дискіде Хасенов күйлеріне ерекше маңыз берілген. Франциялық ғалым әйгілі дала данышпаны Тәттімбет шығармашылығын зерттеуге 1998 жылдан бастап жүйелі түрде кіріскен екен. Қыркүйектің 13-інде Париждегі әйгілі BUDA MUSIQUE студиясынан шығарған дискісі – қазақтың ұлы күйшісіне қатысты ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Гзавье Аллез қазақ халқының тарихын зерттеумен де әуестенеді екен. Баспасөз мәслихатында ол өзінің 1900-1940 жылдардағы қазақ халқының басынан өткен зұлмат оқиғалардың сырын ашуға қызығатынын айтты. Еуропалық ғалым шетелде Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Бақытжан Қаратаев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаевтар жайлы ғылыми мақалалар да жариялаған.
Гзавье АЛЛЕЗ, тарихшы, қазақ музыкасын зерттеуші:
– Қазақ музыкасын зерттеуге қызығушылығым ерекше. Себебі Тәттімбеттің шертпе күй өнерінде музыканың классикалық дәстүрі бар екеніне көзім жетті. Мен бұл жазылған еңбекпен тоқтап қалмай, Тәттімбет өнерін ары қарай зерттеуге тырысамын.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы:
– Гзавье Аллездің еңбегін өте құнды деп бағалаймын. Өзімізде бар асыл дүниелерді біз арзан деп бағалайтын сияқтымыз. Ал Гзавье қазақ халқының өнеріне асқан қызығушылық танытып, барымызды әлемге паш етіп отыр. Оның осы әрекетіне қазақ халқының атынан рақмет айтқым келеді.