Фото – тылсым өнер...
Құдайға шүкір, бүгінде мойнына фотоаппарат асынған қазақ фотографтарының қарасы жыл өткен сайын көбейіп келеді. Десек те, сыры мен қыры көп бұл өнер бізде әлі де болса кенжелеп қалғаны жасырын емес. Қазақ фотографтарының басын бір арнаға тоғыстыруды мақсат еткен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің өзі бір жыл бұрын ғана құрылды. Бірлестік төрағасы, елге белгілі фототілші Асылхан Әбдірайым ағамызбен «Жас Алаш» газетінде бірге жұмыс істеп жүргенімізде қазақ фотоөнерін дамыту, жұртшылыққа таныту арманы екенін жиі айтатын. Осы айдың басында басталған «Тәуелсіздік тағылымы» атты отандық фотосуретшілеріміздің көрмесі – Асылхан аға арманының жүзеге асып жатқанына дәлел. Кеше сол фотокөрме Астанада да жалғасын тапты. Көрмеге еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Президенттік Мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков келіп тамашалап кетті.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тарту болған көрмеге 20 фототілшінің 200-ден астам фотосы ілініпті. Тәуелсіздік таңымен таласып, азаттықтың туын тігіп, ел болып рәміздерімізді қабылдап жатқан сәттегі фотолардан басталатын көрме әртүрлі сәттерден көрініс береді. Әрқайсысы, бір-бір шежіре. Керемет көріністерді қалт жібермей түсіріп үлгерген фотографтардың шеберлігіне таңғаласың, еріксіз тамсанасың.
Көрмеге Шүкір Шахай, Сайлау Майлыбаев, Асылхан Әбдірайым, Орынбай Балмұрат, Ермек Сарбасов, Жақсылық Тұрлыбеков, Мұхтар Қалдарбеков, Айтжан Мырзанов, Нұрғожа Жұбанов, Асылхан Бәген, Нұрманбет Қизатұлы, Нұрғиса Елеубеков, Жұмабай Мұсабеков, Амангелді Мутигуллин, Сәрсенбек Қызайбекұлы, Самат Құсайынов, Серік Зұлқаров, Сұлтан Сейітов, Алтынбек Қартабай, Сәби Майемеров, Жеңіс Ысқабайлардың жұмыстары қойылыпты. Көрмеден Түсіпбек Сләмқұлұлы мен Бағдәулет Батырбекұлы секілді Қытайдағы қандастарымыздың фотоларына да орын берілген. Алғаш Тәуелсіздігімізді алған тұстағы тарихи сәттердің басым көпшілігі бүгінде Премьер-министрдің жеке фотографы болып жүрген Шүкір Шахайдікі екен. Сол кездің өзінде қазақ фотографтарының тапшы болғанын осыдан-ақ аңғарамыз.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымның айтуынша, көрме жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ. Бұдан былай көрмені негізінен ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында ұйымдастыру жоспарда бар. Оның ішінде салт-дәстүрлеріміз бар, ұлттық спорт бар. Қысқасы, келешекте ұлттық дүниетанымымызды насихаттайтын көріністерден сыр шертетін жұмыстар жұртшылық назарына ұсынылмақ.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі көрмемен ғана шектеліп қалмайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Фотожурналистика шеберлігі» пәнінен дәріс оқитын Асылхан Әбдірайым алдағы уақытта осы салаға арналған оқу-әдістемелік оқулықтарды да басып шығаруды мақсат етіп отыр. Оның айтуынша, бүгінде фотоөнерге баулитын қазақша оқулықтар жоқтың қасы. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасында танымал болған Түсіпбек Сләмқұлұлы деген фотографтың «Фотографияның 1000 сұрағының 1000 жауабы» деген кітабын да қазақшаға аударып, басып шығару жоспарда бар. «Бұл да фотоәліппе есебінде құнды оқулық болғалы тұр», – дейді Асылхан Әбдірайым.
Асылхан ӘБДІРАЙЫМ, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Келесі жылы сайт ашу жоспарда бар. Ал оған дейін көрмеге қойылған осы суреттерді альбом қылып басып шығармақпыз. Сонымен қатар, жыл сайын үздік фотожурналистерді арнайы номинация бойынша марапаттап отырамыз. Бұл фототілшілерді ынталандыра түседі деп сенемін. Алдағы жылғы көрмеге биылғыдан да көп адам қатысатын шығар. Қатысуға ниеттілердің қарасы әлден-ақ көбейіп жатыр.