Ел арасында ет жеуде қасқыр мен қазақты салыстырып жатады. Қайсысы көп жейді деп те дауласады. Алайда атам заманнан бергі асымызды аузына алмайтын қандастарымыз да бар екен. Қызылжарлық жігіт ет жеуден тыйылғалы ешбір ауырмайтын болған.
Кикбоксингтен спорт шеберлігінен үміткер Бақтияр Тұраров барлық ауруға асқазандағы тамақ себеп болатынын айтады. Қатерлі ісік, қант диабеті, жүрек аурулары және ауыз қуысындағы қаншама аурулардың бәрі асқазанға тәуелді. Осыны оқып-зерттеген ол үш жыл бұрын ет жеуді қойған.
Бақтияр еттен ғана емес, мал өнімдерінің түгелінен дерлік бас тартқан. Май жемейді, сүт ішпейді. Тек жеміс-жидек қана тұтынумен жүр. Адамға тәулік бойына қажетті қуатты екі алма ғана бере алады. «Қарынды қампайтып жеген тамақ қуат бермейді, қайта оны қорыту үшін қаншама күш кетеді», – дейді Бақтияр.
Бақтиярдың қымбатшылық заманда жемістен басқа тағамдардан бас тартуы отбасылық бюджетке де көп жеңілдік болған. Мысалы, ол күніне ең көп дегенде бір келі алма немесе бір келі алмұрт жейді. Кей күндері осының жартысы да жетіп жатыр. Ал бұл жемістердің Қызылжар базарындағы бағасы 200-300 теңге ғана. Бақтияр тамақты тоя жеп ауруға шалдығып – бір, оны емдеу үшін дәрі сатып алып екі шығындалатындарды түсінбей әлек.
Жас жігіт ет жемеген үш жылдың ішінде жеті келі салмақ жоғалтқан. Қазіргі салмағы – 53 келі. Салмақ жеңілдігінің спортшыға көмегі де көп. Қимылы да ширақ. Ең бастысы, ауруларға қарсы иммунитеті жақсарған. Қызылжардың қақаған қысында көшеде спорттық жейдемен ғана және малақайсыз жүрген жігітті көріп қалсаңыз, таңғалмаңыз, ол – ет жемейтін Бақтияр. Дәрігерлер оған дұрыстап тамақтанбаса, екі-үш айда өліп қалатынын айтқан екен. Ал Бақтияр жемістен басқа тамақ жемеген үш жыл ішінде ешбір аурумен ауырмаған. Тіпті бірде-бір рет тұмауратпаған.
Бақтияр ТҰРАРОВ, Қызылжар қаласының тұрғыны:
– Адам денсаулығына қажетті заттар етте жоқ екенін көбі көріп жүрсе де, мойындағысы келмейді. Мысалы, футболшылар үзілісте апельсин жейді, ал теннисшілердің банан жеп жатқанын көреміз. Неге олар ет апарып жемейді? Себебі ет асқазанда сегіз сағат бойы қорытылады. Қуат бергеннен гөрі сол қуатты жұмсайды екен. Менің білуімше, ерте замандағы адамдар жеміс-жидекпен қоректенген. Ет жеуді жер бетін мұз басқан кезде бастаған. Жеміс-жидек қатып қалған соң, жан-жануарларды жей бастаған екен. Қазір менің жолыма достарым да түсуде. Ет жемеуімде ешқандай діни астар жоқ. Мұсылманмын.
Ет жемейтін қазақ
Последние статьи автора