"Естайдың Қорланы": 40 жылдан кейін
Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын
Табиғат берген екен Күн мен Айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жетпес,
Дариға, арманым көп неғылайын?, – деп Қорлан сұлуды әнге қосқан ақын Естайды білмейтін қазақ жоқ. Кешегі өткен Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сынды дүлдүлдердің ізін жалғаған сал-серілердің соңғы тұяғы Естайдың аты аталғанда Қорлан сұлу мен «Құсни Қорлан» әні ойыңа орала кетеді. Естай мен Қорлан ұлы сезім махаббаттың символына айналған тұлғалар. Тарихта бір-біріне қосыла алмай арманда өткен қос ғашықтың кіршіксіз махаббаты әдебиеттегі қияли туындыларға арқау болған. Алаштың белгілі ақыны, драматург Иран Ғайыптың қаламынан туған «Естайдың Қорланы» шығармасы таяуда театр сахнасында өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды. Спектакльдің премьерасын «Алаш айнасы» тілшілері де тамашалап қайтқан еді.
Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Естайдың Қорланы» драмасы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахмановтың режиссерлығымен қойылды. Бұл спектакль 40 жыл бойы өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жылдық мерейтойына арнап сахналанды.
Театрда «Естайдың Қорланы» қойылады екен дегенде кез келген адамның көз алдына үкілі бөрік киіп, домбырасын құшақтаған сері жігіт, тал шыбықтай бұралған, аққудай сыланған сұлу бойжеткен, екеуінің арасындағы ынтық сезімге толы көріністер елестейді. Алайда бұл жолы көрермен театр сахнасынан 40 жыл бойы бірін-бірі сағынып аңсаған, тағдырдың тауқіметін кешкен қос мұңлықтың егде тартқан кездерін тамашалайды. Өмірлерінің қоңыр күзінде бір-біріне жолыққан ғашықтар өздерінің өмір бойғы сырларын айтып, мұңдарын төгеді.
Естай мен Қорлан өмір сүрген уақыт күллі қазақ елінің басына күн туған, халықтың нәубет көрген заманы еді. Естай жас кезінде өзінің сүйіктісіне қолы жетпей арманда қалды. Қорлан болса, Естайды ойлап жүрегі қарс айырылса да, өзгенің етегінен ұстап кете барады. Тағдыр бұдан кейін де Естайды сынауын тоқтатпады. Сұм соғыс оның жары мен кіндігінен туған жалғызын жалмады. Тағдырдың тәлкегі Естайды тәлтіректетіп, әбден естен тандырды. Ол өзінің серілігінен де, өнерінен де, әннен де, домбырасынан да қол үзді. Сөйтіп сандалып жүріп бір күні өзінің сүйіктісі Қорланмен жолығады. Арада 40 жыл өткенде өзінің өмір бойы сарыла күткен Естайын көрген Қорлан оның мүсәпір түріп көріп, өзі сүйген, халқы алақанына салған Естайын өнердің тағына қайта отырғызбақ болады. Ал қыз Қорланды өзіне жар етіп, 40 жыл бойы өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген Қожақ Естайды мүсіркеп, өзінің кемпірін оған ұзатпақшы болады. Сыртқа қомпиып зор көрінгенмен Қожақтың да мұңы жоқ емес еді. Өйткені ол өмір бойы Естайдың Қорланға деген махаббатына, оған арнаған әніне тұншығып, іштен тынып өтті.
Қойылымдағы қобыз ұстаған қария қазақтың данышпан абыздарының бейнесі болса, Қорланның жеңгесі Айнаш тағдырдың тауқіметін, өмірдің кермек дәмін татқан қазақ аналарының образы.
«Естайдың Қорланы» спектаклі сахналық безендірілуімен де ерекше Мұнда декорацияға құм графикасы, көлеңкелі көріністер қолданылған. Сондайақ сахнадағы сары маталар кейіпкерлердің сағынышы, өмірдегі сары уайымы іспеттес. Режиссердің айтуынша, адам өмірі құм сияқты алақаннан сусып кетеді, ал көлеңке көріністер қазақтың басындағы нәубетті, адамның жан-дүниесіндегі астан-кестен сезімдерді беруде ерекше рөл атқарды.
«Естайдың Қорланы» спектаклінде басты рөлді ойнаған Сағат аға мен Жібек апай өз кейіпкерлерінен қарағанда әлдеқайда бақытты. Олар 40 жыл бойы қол ұстасып отбасылық өмірде де, сахнада да жұптары жазылмай келеді. Олардың арасындағы дақ түспеген кіршіксіз махаббат, түсіністік, сахнада да айқын көрініп тұрды.
Біз театрға барып «Естайдың Қорланын» тамашалап, мұңлы болса да, әдемі ән тыңдап, домбыраның күмбірлеген үнін естіп рухани байып қайттық. Алайда Естайдай серінің тауы шағылып, жігері жаншылып, өмірден баз кешкен, жанарында өнер адамына тән ұшқын жоқ Естайды көру біртүрлі көңілде мұң ұялатады екен. «Ұлы Естайдың Қорланы боп өлейін» деп Қорлан айтқандай, Естай елдің есінде сері болып қалғаны жөн еді. Жә, біз бұл әңгімені театр сыншыларының еншісіне қалдырайық. Ең бастысы, қазақ театры төл туындымызбен толықты. Ендеше, театрға барайық, ағайын!