Киелі Кереку өңірінің өз филармониясынсыз күн кешіп жатқанына – 14 жыл. Әріден толғап айтсақ, Жаяу Мұса, Байғабыл, Жарылғапберді, Естай, Майра сынды ән өнерінің дүлдүлдерін дүниеге әкелген текті топырақта бір облыстық филармония жоқ дегенге кім сенеді? Бірақ ақиқаты солай. Жұртшылық өзге қалалардан келген филармониялардың концертіне таңдай қаға тамсанып, дуылдата қол соғады.
Ондай филармония Павлодардың өзінде де болған. Қазір сол филармонияда еңбек еткен аға-апаларымыздың филармония тараған жылы дүниеге келген немерелері де мұсылманша балиғатқа жетіп қалды. Әзірге Павлодардағы осынау өнер ошағының жүгін С. Торайғыров атындағы университеттің Естай атындағы студенттік филармониясы арқалап тұр. Осы студенттік филармонияны ашудағы ұлтжанды азамат Ерлан Арынның табандылығына қанша мақтау айтса да жарасады. Былтыр осы ұжым «халықтық» деген атқа ие болды. Ал іргетасы 1964 жылдың көктемінде қаланған облыстық филармония отыз екі жыл халықты өз өнерімен сусындатты. Талай-талай байқауларда «Павлодар өңірі орыстанған, ол жақтың қазақтары домбыраны ұмытып қалған шығар» деген сыңар жақ ойларды теріске шығарды.
Қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Осындай филармония 1996 жылы өз жұмысын тоқтатты. Анығында, тоқтатуға мәжбүр болды. Нарықтық қиын кезеңде «өз күніңді өзің көр» қағидасына негізделген шешім құрамында 155 қызметкері бар дүркіреген филармонияны жауып тынды. Ұзақ жыл облыстық филармонияға басшылық жасаған Бектас Тапалшенов мырзаның айтуынша, керекулік филармония сол кезде республикаға ғана емес, күллі Одаққа танымал еді.
– Одақ көлемінде 398 филармония болды. Соның ішінен Павлодар облыстық филармониясы екі рет III, бір рет II орын алды. Бірақ 1996 жылдың шілдесінде бюджеттен қаржы бөлу тоқтатылды да, содан кейін-ақ филармония ұзақ өмір сүрмеді. Ал қазір халық жақсы келсе де, жаман келсе де, бара беретін болып алды ғой», – дейді Бектас Тапалшенов.
Кезінде облыстық филармонияның құрамында болған симфониялық оркестр, камералық хор, Естай атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Әл-Әки» ансамбльдері күні бүгінге дейін жемісті еңбек етуде. Бірақ бірі «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында орын тепсе, енді бірі Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында дегендей, әрқайсысы әр тарапта өз тіршілігін жалғастыруда. «Әл-Әки» былтырғы халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері атанды. Міне, осы дайын ұжымның басын қосып, бір филармония жасайтын уақыт та жетті.
Атап өтерлік мәселе, филармонияны орналастыратын ғимаратты табу күрделі мәселе екен. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, бұрынғы ғимараты жекеменшікке өтіп кетіпті. Ал қазіргі заманға лайық, филармония орналаса қоятын ғимаратты табу да қиынның қиыны. Әзірге ғимарат мәселесі өз шешімін таппайынша, оның ашылмайтыны тағы белгілі. Әйтпесе, кешегі аты мәлім тұлғаларды айтпағанның өзінде, бүгінгі күні керекулік жұртқа танымал өнерпаздар да аз емес. Белгілі дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев, Аманкелді Қожанов, бүкілодақтық фестивальдің лауреаты Қайырболат Нұрғалиев, Арман Хасенов, «Жеңеше-ай», «Думан» топтары елге мәлім. Осындай таланттардың басын қосатын бір орталық әбден керек-ақ.
Қанат КӘРІМОВ, Облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Филармония жөнінде әзірге ештеңе айта алмаймын. Жобасын дайындап жатырмыз. Көрші облыстардағы филармонияларды көріп, зерттеп, қосатын тұстарын да қарастырудамыз. Бізді қинайтыны – ғимарат мәселесі. Бірақ филармониясыз да өзге өңірлердің өнерпаздарынан кем соғып жатқанымыз жоқ.