Жарнамасы ай бұрын жария етілген белгілі әнші, сазгер Естай Әлікеевтің 1 қараша күні Республика сарайында «Жүрегім – сазды сандығым» деген атпен өткен шығармашылық концерті аншлагпен өтті. Бас ақпараттық демеушісі «Алаш айнасы» газеті болған ән кешіне халық көп жиналды.
Әнсүйер қауымды бір желпіндірген бұл кеш Естай Әлікеевтің өнер жолындағы 10 жылдық шығармашылық қызметінің есеп беру сипатында өтті. Концерттік бағдарлама елге кең тараған «Жаса, мәңгі Қазақстан», «Алға, Қазақстан», «Мына дүние», «Жақсы-жаман» сынды жүрекжарды туындылармен басталды. Бір басына әншілік, сазгерлік, ақындық секілді үш бірдей өнер дарыған жас талант иесі Естайдың патриоттық рухтағы шығармашылық табыстары кеш соңында Мәдениет және ақпарат министрлігінен келіп түскен құттықтау хатта да арнайы атап көрсетілді. «Талдықорған», «Алакөл», «Семейім» деп «Адасқан сезімнің» сырын шерткен дарын «Жастық шаққа» қайта оралғандай болып, «Жан әке» мен «Анама» деп «Ақ тілек» пен өлеңмен өрілген сөздермен жүрек қылын тербетті. Әнші-сазгер Естайдың шығармаларын репертуарларына енгізген Мақпал Жүнісова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Өмірқұл Айниязов, Дина Хамзина, Ділназ Ахмадиева, Әйгерім Қалаубаева, Динара Қырықбаева, Есет Сәдуақасов сынды жекелеген әншілер мен «Нұр-Мұқасан», «Каспий», «Нани» топтары кештің ажарын кіргізді.
Кеш барысында классикалық, рок стиліндегі дүниелер де, өзіміздің дәстүрлі әндер де, лирикалық шығармалар да орындалды. Бұл жанрлық жағынан да жан-жақты қамтылған концерт болды.