Ескі дүниелерді заманауи құбылыстармен ұштастыру керек
«Думан» комедия театры:
Қазақстандағы шоу-бизнестің көрігі соншалықты қызып тұрмаса да, қазіргі уақытта әнші, биші де, продюсерлік орталықтар мен комедия театрлары да баршылық. Әрине, олардың деңгейлері де әрқалай. Біреулердің атағы жер жарып, дүркіреткенмен, көп ұзамай ыстығы тез басылып қалып жатады. Өйткені оның орнын басқа біреулер басып әкетеді. Осылайша, бәсеке бәйгесіне түскен жекелеген таланттар мен өнер ұжымдары шоу-бизнес көгінде өз жұлдыздарын жағып тұруға жанталасып бағады.
Алайда біздегі шоу-бизнес деп жүргеніміз, сайып келгенде, той-бизнес төңірегін ғана айналшықтап жүргендей көрінеді. Десек те, үлкен өнерге шын пейілмен қызмет етіп, халықтың көңілінен шығып жүретіндер некен-саяқ. Күлдіреміз деп бүлдіргенімізді аңғармаймыз. Басы тәтті басталып, аяғы қатты болып жатады. Бұл – әсіресе әзіл-сықақ театрларына қатысты пікір. Мұны айтып отырған себебіміз, осыдан бір жылға жетер-жетпес уақыт бұрын өнер сахнасында мәзірі әзілден тұратын «Думан» деп аталатын тағы бір театр құрылған болатын. Оның өзге әзіл театрларынан бір ерекшелігі – бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арнап бөлек бағдарлама жасайтындығында. Қазіргі заманның балаларын арзан күлкімен, жеңіл-желпі бірдеңелермен алдай алмайсың. Жас көрерменнің алдына да тың идеялар мен жаңаша ізденістермен шығу керек. Заман өзгерді. Өнерді қабылдау да өзгеше сипат ала бастады. Сондықтан да бұл ұжымның бұрыннан қалыптасып қалған кейбір ескі дүниелерді бүгінгі талғамға икемдеп, көп ізденуіне тура келеді.
Әдеттегідей Алматыда емес, қаладан тыс, Талғар ауданында құрылған бұл театр үлкен қалаларда танылып үлгермесе де, ел ішінде кәдімгідей сый-құрметке ие болып келеді. Өнер қуғандардың бәрі Астана, Алматы сияқты ірі қалаларға шоғырланып жатқан тұста аудандарда театрлардың құрылып, ел ішінде тамыр жая бастауы – жақсы құбылыс. «Думанда» өнер көрсететіндердің барлығы да – осы Талғар ауданынан шыққан жас әртістер. Осылайша, қарапайым елдің ішінде, ауыл адамдарының арасында, қаладан шет жерде жүріп те үлкен өнерді бағындыруға болатынына көз жеткізу қиын емес.
Осы сенбіде, яғни алдағы 13 қарашада, кешкі сағат 18.00-де Алматы маңындағы Талғар қаласының аудандық Мәдениет үйінде «Думан» комедия театрының думанды кеші өтпек. Сол қарсаңда біз, осы ұжымның құрылып, қалыптасуына күш-жігерлері мен қабілет-қарымдарын сарп етіп жүрген азаматтардың өнерге қатысты ой-пікірлерін тыңдап көрген едік.
Әділхан Қабылов, «Думан» комедия театрының директоры:
– Біздің театрға тұрақты түрде демеушілік жасап, қанатының астына алып, қаржы-қаражат жағынан қолдау көрсетіп жүрген ешкім жоқ. Әйтеуір ары-бері шапқылап, талай емен есіктерді тоздырып жүріп, аз-маз тапқан тиын-тебенімізді театрымыздың игілігіне жұмсап келеміз. Құдайға шүкір, қазақ тойшыл халық болған соң, біз де сол тойлардың ортасында жүріп қосымша нәпақа табатынымызды жасырмаймыз. Осылайша, там-тұмдап жиған ақшамызбен біраз аудандарға, шеттегі ауылдарға арнайы гастрольдік сапарлар жасап келеміз. Бұған қоса біз шағын мектептер мен үлкен оқу орындарында да қойылымдар қойып жүрміз. Жас жеткіншектерге арналған қойылымдарымыз өз алдына бөлек. «Думан» театрының атына қарап, бұл тек думандатып, күлдіріп қана қоятын театр деп қабылдауға болмас. Біз өз бағдарламаларымыз бен сахналық қойылымдарға арналған сценарийлерімізді өзіміз жазамыз. Мысалы, бір ауылдық жерге барсақ күндіз мектеп жасындағыларға, кешкісін үлкендерге арнап бөлек-бөлек концерт береміз. Әйтеуір халық жақсы қабылдап жатыр. Десек те, біздің думанды бағдарламамыз республикалық деңгейде өткізілмек. Біздің театр Талғардағы Мәдениет үйінде орналасқан. Шама-шарқымызша осында қызу жұмыстар жүргізіп, репетициялар жасаймыз. Бірақ жарық, декорация, басқа да техникалық құрал-жабдықтарды Алматыдан жалдап алып жатырмыз. Алматыдағы бірқатар өнер жұлдыздары бізге қонаққа келеді. Қазіргі уақытта үлкен-үлкен концерттік бағдарламалар үлкен қалаларда ғана болатындықтан, аудандардағы, ауыл-аймақтағы ел-жұрт бұл қызықтардан шет қалып жатады. Біз халықты ондай мүмкіндіктерінен айырғымыз келмейді.
Ерболат Әлқожа, «Думан» комедия театрының әртісі:
– Қазір қарап отырсаңыз, қазақ баласы көретін мультфильмдер мен кинолар, спектакльдер өте аз. Сондықтан да тағы да амалсыз шетелдің дүниелеріне жүгінуімізге тура келетіні рас. Мысалы, әлемнің мықты мультипликаторлары жас көрермендерін тарту үшін жаңа кейіпкер бейнесін ойлап шығаруға небір суретші-аниматорларға тапсырыс беріп жатады. Біздің фольклор қаншама таңғажайып кейіпкерлерге бай.Сондықтан да алысқа қол созбай-ақ, біз қазақ баласының санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруді мақсат етіп, оларға түсінікті тілмен қойылымдар жасауға талпынып келеміз. Мұндай кезде біз қазақтың төл ертегілеріне, аңыздарына арқа сүйейміз. Әйтсе де біз шетелдің қызықты дүниелерінен бірден бас тарта алмаймыз. Себебі бүгінгі балалар сол жылтырақтарға әбден үйренісіп қалған.
Мысалға алатын болсақ, қазақтың «Ортеке» деген қуыршағы бар. Оны бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Ал соны танытып, көрсету үшін ортеке туралы қойылымды бірден сахнаға шығарсаң, көпшіліктің қабылдамауы мүмкін. Біз осы жерде жануарлар әлемінен сыр шертетін әйгілі «Мадагаскар» деп аталатын шетел мультфильмін өзек етіп алып, оған ортекені қостық. Осылай кете берсек кейін «Мадагаскар» қалады да өзіміздің ортеке ортамызға ойқастап шыға келеді емес пе? Қуыршақтардың көмегімен сахналанатын мұндай қойылымымызды балалар керемет қабылдап жүр. Сол үшін де ұлттық өнердің кереметін насихаттау үшін біз ескіліктен де, заманауи құбылыстардан да бас тарта алмаймыз. Оларды бір-бірімен ұштастыру керек.