Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық, бетбұрыс әкелген, өз алдына жеке тарихи мектептің негізін қалаған ұлы тұлға. Бұл туралы бүгін Алматыда Жазушылар Одағында «Ілияс Есенберлин. Суреткер ақиқаты - тарих шындығы» атты дөңгелек үстел барысында Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов мәлімдеді.
«Ілияс Есенберлин кезінде «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиясын жазды. Ол заманда мұндай тақырыптарға ешкім бармаған. Бару мүмкін емес еді. Тарихи шығарма жазу ол кезде екінің бірінің қолынан келмейтін. Ал Кенесары туралы роман жазу деген, ол кезде ешкімнің маңдайына жазылмаған нәрсе! Кенесары туралы кітап жазбақ түгілі оның атын атау мұң болатын. Өткен ғасыдың елуінші жылдары оны зерттеген тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов 25 жылға сотталды. Мұхтар Әуезов пьеса жазып еді, ұзақ уақыт басы дауға қалды. Кенесары туралы өлең жазғандар жауапқа тартылды. Ал кейін, 15 жылдан соң, Ілияс Есенберлин «Қаhар» деген романын жарыққа шығарды», - деді Қабдеш Жұмаділов.
Сонымен қатар, Қабдеш Жұмаділов кезінде Ілияс Есенберлинмен істес болғанын, бұл үшін өзін бақытты санайтындығын жеткізді.
«Мен «Көшпенділер» трилогиясына және «Ғашықтар» романына редактор болдым. Ол кезде Ілекең «Жазушы» баспасының директоры болатын. Мен сол баспаның проза бөлімінде істедім. Жас кезіміз. Талай рет үйінде отырып, архифтік материалдарды, кейіпкерлерді өзара салыстырып, ретке келтіретінбіз. Ол кезде барлығымыздың да сусап жүрген кезіміз. «Тарихи тақырыптарға барсақ», - деп армандап жүрген кезіміз.
Ал Ілияс Есенберлин сол «Жазушы» баспасының директоры болып, өзіне өзі жол ашты. Оның бұл қызметке тұруына Дінмұхамед Қонаев көмектесті. Егер Димекең Ілекеңді қолдамағанда, «Қазақфильм» киностудиясында аудармашы болып жүргені оны «Жазушы» баспасына директор етіп қоймағанда, онда жаңағы кітаптардың жарыққа шығуы мүмкін болмас еді.
Ашығын айту керек, замандастары Есенберлинді қолдаған жоқ. Көбісі қарсы болды. Несін айтасың, пендешілік қой, іштарлық жасады. Енді, Ілекең әдебиетке 50 жасында келді ғой. Ол өзі мамандығы бойынша тау-кен инженері болатын. Әдебиетші де емес еді. Бұл енді ұзақ әңгіме... Қысқасын айтқанда, Есенберлин қазақ әдебиетіне үлкен реформа әкелген, жаңа тақырыптарды бастаған ұлы тұлға», - деп сөзін аяқтады Қ. Жұмаділов.
Жаппарберген Айбота. ҚазАқпарат