«Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі Нұрбек Өмірбек Семей шаһарында «Ерке Семейім» атты өзінің ән кешін өткізді.
Ән кешінің шымылдығы «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнімен ашылып, халық әндері – «Алқоңыр», «Еркем-ай», «Ақбақай» әндерімен жалғасты. Абай ауданынан шығып, бүкіл елге танымал болған Мейрамбек Жанболатов ағамыздың «Сағындым Сарыарқаны», «Ән – домбыра» әндерін көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Сонымен қатар ән кешінде «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншілері: Бақыт Шағатаева, Тамара Көзбаева, Баян Сағынбаев сияқты өнердегі ұстаздары әннен шашу шашты. Ән айтуды кәсіби түрде үйреткен Нұрлан Көшеров те бұл кеште бірнеше ән орындады. Інісіне сәттілік тіледі. Әсем ән кеші Шәмші ағамыздың «Қайықта», «Ақ бантик» әндерімен жалғасты. «Қаламқас» ән-би ансамблінің бишілері де өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ду қол шапалақтауына ие болды. Қазақтың қара сөзі мен халық әнін асыл тұмарындай санайтын семейліктер жиналған сазды кеш Нұрбектің орындауындағы «Ерке Семейім» әнімен қорытындыланып, тыңдармандардың игі тілектерімен аяқталды.
Нұрлан КӨШЕРОВ, Қазақстан мәдениет қайраткері, ұстаз:
– Нұрбек – шәкірттерімнің ішіндегі ерекшесі. Бұл Нұрбек менің ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, атақты дүлділі, әнші Дауыл Хайрулиннің көзін көрген. Ол өзінің еңбекқорлығы мен өнерге деген талантын жақсы көрсете білді. Музыкалық білім алған соң, Абайға аттанды. Анда-санда хабарласып тұратынбыз. Өткен жылы Қарауылда «Жаңа жылға – жаңа әнмен» атты концертін берді. Үш сағатқа созылған ән кешін тыңдармандар ұйып тыңдады. Нұрбектің шығармашылығы шыңдалып, кәсіби деңгейі өскенін байқадым. Сосын Нұрбектің концертін Семейде өткізу туралы өз ойымды айттым. Ол келісті. Нұрбектің дауысы лирикалық әнге жатады, нәзік. Ол ансамбльмен, оркестрмен, эстрадамен де айтады. Дауысы таза және тұнық.
Нұрбек ӨМІРБЕК, «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі:
– «Қаламқас» Кеңес Одағы кезінде құрылған. Қазіргі кезде шағын ұжым. Онда 30 шақты адам қызмет істейді. Облыс көлемінде өнерімізді көрсетіп жатырмыз. Республикалық деңгейде Астананың 10 жылдығына байланысты өнер көрсетті. Бұл ансамбльде Тамара Көзбаева мен Бақыт Шағатаева сынды ҚР еңбек сіңірген әртістер жұмыс істейді. «Қаламқас» құрылған кезден жұмыс істеп келе жатқан осы аға буын өкілдері. Облыс көлемінде «Қаламқас» ансамблі өнерін көрсетіп жүр. Семей қаласындағы «Ерке Семейім» атты концерт Әміре Қашаубаев атындағы филармония ұжымының демеушілігімен ұйымдастырылды. 1-бөлім филармонияның «Бибігүл» халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. 2-бөлім эстрадалық әндерге арналған.
Аты аңызға айналған «Қаламқас» халықтық ән-би ансамбліндей киелі өнер ұжымына келгеніне бес жыл толуына орай алғаш рет ұйымдастырылған жеке ән кешінде Нұрбек тыңдарман қауымды тәнті етті. «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі талғамы биік жұртшылықтың жүрегінен орын тапқан Нұрбек Өмірбек сияқты өнерлі жастарымен де абыройлы болса керек.