Ерлан салдың үнтаспасы шықты
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының ашылғанына биыл бес жыл толмақ. Ұлттық өнерді ұстанған кафедра Ұлыстың ұлы күніне дәстүрлі ән мен күйден арнайы тарту-таралғысын жасады. Кафедра жанынан ашылған фольклорлық кабинеттен шыққан тұңғыш ән-күй таспасы мен шетел қазақтарының еңбегі – осының айғағы. Ал осы шаңырақта дәстүрлі әннен сабақ беретін Ерлан Рысқали өзінің екінші СD-дискісін кафедраның мерейтойына шашу етті.
Наурыз мерекесіне арнайы концерт беруі кафедраның бесжылдық еңбегінің нәтижесі іспетті. «Әнші өз ауылының ахуалын жақсы біледі» деген мақсатпен кафедра тізгінін ұстауға шақыртылған ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев келген алты айында бірқатар келелі мәселені шешті. Ән мен күйдің фольклорлық кабинет қорына жиналуына ерекше мән берген жетекші музыкатанушылар мен орындаушыларды да асыл мұраны зерттеуге жұмылдырған. Дәстүрлі әншілерді баптап жатқан бүгінгі ұлттық музыканың кіл жүйріктерінің әндері мен күйлері «Жай қоңыр» атты тұңғыш жинаққа топтастырылды. Екі дискі мен бір кітаптың тұсауын ректор өзі кесті.
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:
– Өнер саласында ерекше адамдар болғаны жақсы. Кафедра басшылығына келгеніне бір жыл да толмаған Рамазан Стамғазиев бөлімнің аяғынан тік тұруына аянбай еңбек етіп жатыр. Фольклорлық кабинетті құнды мұралармен толықтыруға талантты адамдар адалдықпен, ішкі тебіреніспен рахаттана кіріссе, шықпайтын биік жоқ. Баянөлгей аймағындағы дәулескер күйшілердің көне туындыларын, оның ішінде Қ.Аққожаның күйлерін фольклорлық кабинет жетекшісі Қайырғазы Төлен нотаға түсіріп, оқулық етіп шығарды. Кафедра ұстаздарының ән-күй топтамаларын жинақтады. Дәстүрлі өнердің бүгінгі жарқын бейнесі Ерлан Рысқалидың да жеке үнтаспасының шығуы – халық музыкасына қосылған үлес. Кафедра ұстаздары мен шәкірттерін Қазақстанның бүкіл аймағына, дүниежүзінің ірі елдеріне паш етсек деген ойымыз бар.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, ҚР еңбек сіңірген артисі:
– Музыкатанудағы зерттелмей жатқан, зерттеліп, тоқталып қалған ғылыми еңбектерді әрі қарай жылжыту, әр ғалымның зерттеуін кітап етіп шығару, ұлттық музыканың туын жықпай жалғастыру – басты мақсатымыз. Биыл қазан айында кафедрамыздың бесжылдығын халықаралық деңгейде атап өтіп, шеберлік сыныптарын өткізбек ойдамыз. Осы уақытқа дейін тек дәстүрлі ән мамандарын дайындап келеміз, күзден бастап, Алла қаласа, күй мамандығына да талапкерлер қабылдасақ деп отырмыз. Болашақта көне аспаптарды жаңғыртып, оркестр де құрмақ ниетіміз бар. Ал фольклорлық кабинетті толықтыру үшін ұстаздарды экспедицияға жіберіп тұрамыз.
Кафедраның бес жылдығы мен қазақ әнін Париж төрінде әуелеткен Әміре Қашаубаевтың 125 жылдығына орай Ерлан Рысқали Арқа әндерінің басын біріктіріп, ән жинағын шығарды. 60 әннен тұратын үш дискіні шығаруға Ерланның өнеріне тәнті жанашыр ағасы Базарбек Атығай көмектескен екен. Өнер иесінің дайындығы мен даму кезеңдерін айшықтайтын үнтаспаның шығып тұруы әр әнші, күйшіге ауадай қажет. Қалталы азаматтар өнерпазды құр сөзбен мақтамай, жинағын шығаруына қол ұшын созса, өнерпаз мәртебесінің өскендігі емес пе? Ақын-жазушылар еңбегін қолдау мақсатымен кітаптарын шығарып беретін Мәдениет және ақпарат министрлігі әнші-күйшілерге де демеу көрсетсе, өнер иесіне ол да медеу болмақ.