– Ерлан Әбділдәұлы, «бүгінгі күн –ертеңгі тарих» дейді ғой. Міне, күні кеше ғана тәуелсіздігімізді алып, төбеміз көкке жетіп еді, содан бері де 25 жыл өте шығыпты. Осы 25 жылда қазақ руханиятының дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Ең алдымен қазақ халқын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Меніңше, тәуелсіз Қазақстанның осы бір алғашқы 25 жылы тарихта ойып тұрып орын алатын, ерекше кезең болып қалмақ. Өйткені осы азды-көпті 25 жылдың ішінде біз егеменді ел болып қалыптастық, өз Ата заңымызды бекітіп, шекарамызды белгіледік, халықаралық алпауыт ұйымдарға мүше болдық, экономикамызды тұрақтандырдық, төл теңгемізді енгіздік, елордамыз Астананы мемлекетіміздің келбетіне айналдырдық, Қазақстан Халықтары Ассамблеясын құрдық. Тізе берсек, ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз көп-ақ. Қай саланы алсақ та қарыштап дамып келеді. Еліміз, жеріміз, қалаларымыз бен ауылдарымыз да күннен күнге көркейіп, өркендеуде. Ең бастысы, бірлігі жарасқан, ынтымағы артқан берекелі елде өмір сүріп жатырмыз. Осының бәрі бізге тәуелсіздік берген сый!
Ал енді әдебиетіміз бен мәдениетіміз, тарихымыз жайлы айтар болсақ, көпшілікке мәлім, біздің елде аталған саланы дамыту мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында біздің тарихи драмаларымыз, ел мен жер үшін санаулы ғұмырын сарп еткен небір тұлғаларымыз туралы спектакльдерімізді сахналауға мүмкіндік алдық. «Өз қолымыз өз аузымызға жетіп», қалаған шығармамызды сахналап, халыққа ұсына алатын дәрежеге жеттік. Тәуелсіздіктің алдындағы кезең кеңес заманында, өздеріңізге белгілі, цензура өте күшті болды, небір туындыларды көрсетуге мүмкіндігіміз болмады. Айталық, «Абай» спектаклінің өзі бұрыннан қойылып жүрсе де, әрбір сөзі сүзгіден өтіп, көп тұстары қиылып кететін. Азаттығымыздың арқасында сахна төрінде шындықты батыл айта алатын болдық. Біздің еліміздің талай қаймақтары, асылдары ел азаттығы жолында құрбан болған жоқ па? Осындай тұлғаларымызды қалың жұртқа жарқыратып көрсететін сәт туды. Қазір біздің театрымызда «Балуан шолақ», «Жаужүрек», «Қилы заман», «Бейбарыс» секілді қойылымдар қойылып жатыр. Біздің сахналап отырған дүниелерімізді өнер әлемінде халықаралық аренаға шығарып, ұлтымыздың өнерін дүниежүзіне паш етуге мүмкіндік туды. Еліміздің бағына берген Елбасының табандылығының арқасында тәуелсіздік бізге зор мүмкіндіктер беріп отыр. Кез келген бастаманың, игі істің басында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұр.
– Театр ұжымы өзіңіз айтқандай шетелдерге гастрольдік сапарларға жиі шығады. Шетелдіктер біздің өнерімізді қалай қабылдайды?
– Еліміз егемендік алғанға дейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелдерде Қазақстан деген ел туралы біле бермейтін. Мен 1995 жылы Германияға барғанымда бәрі менен қытайсың ба, жапонсың ба деп сұрайтын. Қазақпын десең, ол қандай ұлт деп таңғалатын. Ал соңғы он жылдың ішінде Қазақстан өзін әлемге танытып, тіпті мойындата білді деп есептеймін. Біздің елімізде тек қазақ емес, жүз қырыққа жуық ұлт тұрады. Осы ұлттардың бәрі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отыр. Ал Қазақстан халықтарының ассамблеясы – біздің еліміздегі бірліктің, тұрақтылықтың, еларалық ынтымақтастықтың бір көрінісі. Қай елге барсақ та, шетелдіктер біздің еліміздің қонақжайлылығына, тұрақтылығына, бірлігі мен бейбітшілігіне қызыға да, қызғана да қарайды, тамсана айтады. Сондықтан біз еліміздегі бейбітшіліктің қадірін ең алдымен өзіміз түсінуіміз керек. Елбасы үнемі тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек екенін айтады. Театр ұжымы болып Әзірбайжанға барғанымызда сол елдің қала басшылары Президентіміздің еңбегін ерекше атап, мәртебемізді көтеріп тастады. Біз Елбасымызбен мақтанамыз.
Қазақстан Халықтар Ассамблеясы – біздің еліміздегі еларалық ынтымақтың, достықтың, келісімнің бірден бір көрінісі. Біз дәл осы мызығымас бірлігімізді саханалап көрсетіп те жатырмыз. Жақында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Ақтастағы Ахико» спектаклін қойдық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында, 29 қарашада Астанада және Қарағандыда «Ақтастағы Ахико» алғаш рет көрсетілді. Осы спектакльдің идеясынан бастап басы-қасында өзім жүргендіктен үлкен жауапкершілікті арқаладық десек болады. Қолға алған ісімізді абыроймен аяқтап, көрерменге ұсындық. Көрермен қойылымды өте жылы қабылдады. Мұнда халқымыздың ерекше мейірімі, дархандығы, жомарттығы, бір-біріне деген сүйіспеншілігі көрініс табады.
Қазақ халқының басынан қандай зобалаң өтпеді. Бірақ біздің халқымыз өзінің бойындағы тамаша қасиеттерінен ешқашан ажыраған емес. «Ақтастағы Ахико» спектакліндегі Ахико түрмеден шығып, шала-жансар жатқан жерінен оны түрмедегі баласын зарыға күтіп жүрген ана тауып алады да, өз баласындай бауырына басады. Қазақ даласы, жер анамыз адамдардың ұлтына, тіліне, дініне қарамай, полякты да, немісті де бауырына басқан ғой. Ахиконың өз еліне барып тұрып, Қазақстанды отаным деп қайта оралуы халқымыздың дархандығын, мейірбандығын көрсетеді. Өйткені өмір мен өлімнің ортасында жатқан, барар жер басар тауы жоқ Ахико секілді талай азаматты қазақ жері адам қылып, өзекке теппеген еді.
– Талай майталманның ізі қалған, 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақтың әртістері қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараларға белсене атсалысты. Өзіңіз басқарып отырған ұжымдағы жастар туралы не айтар едіңіз?
– Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлау да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Осы айтулы мерекеге орай Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 5 мыңға жуық адам қатысқан үлкен шара өтті. Біздің театрдың ұжымы осы шараға белсене атсалысты. Елбасымыздың тәуелсіздік жылдары жазған еңбектерінің негізінде сонау Күлтегін заманынан бүгінге дейінгі кезеңдегі қазақтың тарихын қойылым етіп көрсеттік. Одан кейін Тараз қаласында да қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараға қатысып, 700 адам қатысқан қойылымға атсалыстық. Бұл мазмұны жағынан өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие боларлық дүние болды. Осындай игі шараларды біздің ұжым абыроймен атқарды деп айта аламын.
Бізге шығармашылықпен айналысуға, қомақты жобалар жасауға мүмкіндік беріп отырған – тәуелсіздік.
Өз басым біздің еліміздің жастарына дән ризамын. Күні кеше Елбасымен кездескен жастардың арасында небір өнертапқыш, дарынды, ақылды, парасатты, білімді жастар бар. Осындай жастар біздің театрымызда да еңбек етіп жүр. Жоғарыда айтқан ірі шараларға қатысу барысында жастарымыз жанын салып, белсене араласады. Адамның азаматтық позициясы деген болады. Ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды насихаттауда жастарымыздың позициясы дұрыс болмаса, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, өзіндік ұстанымдары болмаса, олар сахнада дүйім жұртты сендіре алмас еді. Ұлттық болмысымызды, өзіндік нақышымызды әлемге танытайық деп ұмтылыс жасап жүрген жастарымыз өте көп. Осындай жас актерлеріміз, режиссерлеріміз халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз да атанып жүр. Сондықтан «мен жастарға сенемін» демекші, мен жастарға кәміл сенемін. Өйткені олардың ажарында да, жанарында да от бар. Осындай жастарға басшы ретінде бағыт сілтеу, қолдау көрсету, білімді шәкірт тәрбиелеуді, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруды өзімнің міндетім деп білемін.
Қазір нағыз еңбек ететін уақыт. Марқұм әкем ылғи да: «Шіркін, менің жастық шағым осы заманға сәйкес келгенде миллионер болатын едім» деп отыратын. Сол айтпақшы, қазір бізде бостандық та бар, білім-ғылым іздеуге, ақша табуға, кәсіп істеуге барынша мүмкіндік жасалған. Ізденіңіз, еңбек етіңіз! Біреуді сынап, мінеп, тырнақ астынан кір іздеуден еш пайда жоқ.
– Мәдениетіміздің тал бесігі – Алматы қаласы ғой. Биыл қаламыздың 1000 жылдық мерекесі аталып өтті. Осынау дүбірлі тойдан театр да шет қалмағаны анық?
– Талай адамның алғашқы махаббаты, студенттік қызықты шақтары Алматы қаласымен байланысты екені мен айтпасам да белгілі ғой. Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі, әдемілік пен ізгіліктің қаласы. Біздің театрымыз осы қалада орналасқан, осы қалада отбасылы болып, осы қалада үйлі болып, ұрпақ тәрбиелеп отырған қаншама қаракөздеріміз бар. Соңғы жылдары Алматы тіпті көркейіп, ажарлана түсті. Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған әрбір шараға біздің ұжым белсене араласады. Алматының тұрғыны, еліміздің бір азаматы ретінде Алматы қаласы әкімдігіне үнемі қолғабыс жасап, иық тіресіп, үзеңгі қағысып бірге жұмыс істеуге қашан да дайынмын, біздің ұжым да әзір.
«Өзі болған қыз төркінін танымас» дейді ғой қазақ. Біз барлық істі өзіміз тындырып жүрміз дегеннен аулақпыз. Қандай іс бастасақ та Елбасының саясатын жүзеге асырып отырған министрліктердің бірі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бізге әрдайым қолдау білдіріп отырады. Ол кісі ректор кезінен жастарды іскерлікке тәрбиелеуге атсалысып келеді. Ел мен жұрт, ұлт үшін еңбек етіп отырған азаматтарға алғысымыз шексіз!
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай қазақ халқына бір ауыз тілегіңіз!
Тәуелсіздік – бізге Алланың бұйыртқан бағы. Бабаларымыздың сан ғасырлар аңсаған арманына жету біздің маңдайымызға жазылыпты. Сондықтан біз тәуелсіздіктің әр күнін, әр сағатын, әр сәтін бақытқа балап, арқалап алып жүруіміз керек. Елбасымыздың алға қойған арман-мақсаттарына бірге жетейік. Халқымыз аман, ел іргесі тыныш болсын! Әрбір отбасына бақыт тілеймін! Әрқайсымызға азаттығымыздың парқын, қадірін түсінетін пайым-парасат, елімізді өркендетуге деген қажыр-қайрат, төзім берсін!
Сұқбаттасқан Айнұр СЕНБАЕВА