Еркін жырдың егесі еді...
Әдебиетіміз тағы бір қарымды қаламгерінен айырылды. Ұзаққа созылған ауыр науқастан қазақ баспасөзінің ардагері, көрнекті ақын Еркін Ібітанов 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1935 жылы 6 маусымда Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол), Қаратоған ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын бастауыш мектепте ұстаздық қызметтен бастаған. 1959 жылдан зейнетке шыққан 1995 жылға дейін аудандық «Хан-Тәңірі» (бұрынғы «Советтік шекара») газетінде редакцияның бөлім бастығы, редактордың орынбасары болды. Осы редакция жанынан құрылған М.Мақатаев атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі бола жүріп, бүгінгі таңдағы әдебиетіміздегі орны бар ондаған қалам иелерінің қалыптасуына ықпал етті.
Көз алдымда көлеңке өмір – дүлей күн,
Құлағымда сұңқыл жоқтау – үрейлі үн.
Бақытымның балғын көгін жапырып,
Сол күндердің оралмауын тілеймін.
Сондықтан да шайқастардан
шайлықпай
Тыныштықтың күзетінде түнеймін.
Өйткені мен ұрпағыма, жұртыма,
Тыныштықты тілеймін,
Тыныштықты тілеймін...
Еркін Ібітанов
Е.Ібітановтың өлең өлкесіне ә дегеннен өзіндік үнімен келген, қазақ поэзиясында орны ерекше талант иесі болатын. Ол әдебиетімізге 1959 жылы жарық көрген «Көктем тынысы» атты жас ақындардың топтамасында жарық көрген шуақты да, отты өлеңдерімен батыл қадам жасады. Содан соң, сол кездегі әдеби ортаны талассыз мойындатқан, тың тақырыптағы «Қойшылар» атты поэмасымен жарқырай көрінді.
Әдеби ортадан жырақта жүріп-ақ, өрісі кең, өрнекті жырларымен оқырмандардың ыстық ілтипатына ие болды. «Арман әлемі», «Хан-Тәңірі қайдасың», «Қасіретті де қасиетті ғасырым», «Елшенбүйрек» атты жыр жинақтары өлеңсүйер қауымның іздеп жүріп оқитын туындыларына айналды. Мұқағали Мақатаев екеуінің арасындағы ағалы-інілік сыйластық, шығармашылық достық байланысы айрықша еді. «Мен білетін Мұқағали» атты деректі эссесі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымы биік өнеге көрінісі. Көркемдік қуатымен, шынайылылығымен құнды.
Ол ел арасында еңбек ете жүріп, Қасиетті Қарасаз өңіріндегі Мұқағали мұражайының күрделі жөндеуден өткізілуіне, сол жердегі 1990 жылдары жабылып қалған Өнер мектебінің қайтадан ашылуына, бұрынғы аудан орталығы болған өзінің тұрған ауылы Нарынқол көшелерінің толықтай қайта жөнделуіне мұрындық болды.
Райымбек ауданының Құрметті азаматы, М.Мақатаев атындағы Республикалық Қордың және М.Мақатаев атындағы сыйлығының иегері еді. Аяулы жар, абзал әке, немере-шөберелерінің сүйкімді атасы болатын.
Көрнекті ақынның жарқын бейнесі ел есінде ұзақ сақталады.