Еркін Нұржанов анасының рухына арнап туған жерінде ас беріп, көкпар өткізді. Әнші көкпар ойынына “Мерседес” және “БМВ” автокөлігін тікті.Бұл туралы “Замана” басылымы жазды.
Бүгінде көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жандар Еркін берген көкпардың қызығын ауыздарынан тастамай айтып жүр.
Естуімізше, көкпарды ұзын саны 10 мың адам тамашалаған, оған Оңтүстік Қазақстан облысының аудандары мен Тараз қаласынан 1 мың ат қатысқан. Көкпарды тамашалаушылар арасында «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған Бейбіт Ыстыбаев, «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиев сынды бірқатар азаматтар болған. Актер Нұржан Төлендиев Еркін інісіне: «Көкпар беріп, көптің, палуандардың батасын алсаң жаман болмайсың. Ұлың Қайыр осы палуандардай палуан болып өссін!» – деп ағалық ақ тілегін жеткізіпті.
Көкпарға «Мерседес», «БМВ» көліктері мен 2 миллион теңге ақша және түйе бастаған, өгіз бастаған тоғыздар тігілген.
«Мерседес» көлігін Қазығұрт ауданынан барған Ерсайын палуан, «БМВ» көлігін бәйдібектік Хасен палуан иеленіпті. Ал шәуілдірлік Бағлан Байымбетов есімді палуан Әмеш деген ағасының тұлпарымен екінші салымдағы 40 мың теңгені және түркістандық Базарбайдың атымен Н.Төлендиев тіккен түйе бастаған тоғызды қанжығасына байлап, көкпардың жұлдызы атанып қайтыпты. Өгіз бастаған тоғызды әкесі Оңғарбайдың Хан атты тұлпарымен Алтай палуан иемденген. Салым салған өзге көкпаршылардың әрқайсысы 40 мың теңгені тақымына басып қайтыпты.
Ендеше, атан жілікті жігіттерімізге көкпар тойлар көп болсын, тақымдарыңыз талмасын дейміз.
Есте болса, бұған дейін Төреғали Төреәлі Еркін Нұржановтың көкпар өткізгенін хабарлаған болатын. Алайда ол кезде ұлттық ойының не себепті өткізілгені жария етілген жоқ.