«Еркеайымның» жеңімпаздары анықталды
Семейде бірінші сыныптар арасында өтетін «Еркеайым» қалалық байқауының биылғы жылғы жеңімпаздары анықталды. Сайыс «Балалар мен жастар» шығармашылық сарайында осымен тоғызыншы жыл қатарынан өтіп отыр.
Ерекшелігі сол – осы аралықта аталған шара тек мемлекеттік тілде өткізілуде. Биыл сайысқа қатысып, бағын сынауға алты-жеті жас аралығындағы 70-тен астам қыз бала ниет білдіріпті. Соның арасынан таңдаулы деген 22-сі ғана қатысуға мүмкіндік алды. Жас таланттарға осы жолы берілген тақырып ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылды. Алғашқы күнгі сайыс қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесін – №22 орта мектептің 1-сынып оқушысы Жазира Мұқаш, ал екінші күні Гран-приді №8 мектептің оқушысы Айым Түсіпжанова жеңіп алды. Қалған сайыскерлер түрлі номинация бойынша мақтау қағаздарына ие болып, сыйлықтарға қол жеткізді.
Айта кетсек, алдағы жылы «Еркеайым» байқауының дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанына 10 жыл толады. Осы мерейтойға орай ұйымдастырушылар игі шараны кең ауқымда өткізуді жоспарлап отыр. Сәтін салса, ол кезде «Еркеайымның» барлық жеңімпаздары үлкен сахнада бас қоспақ.
Алмас ЗАИТОВ, «Еркеайым» сайысының авторы әрі жүргізушісі, Балалар мен жастар шығармашылық сарайының жаппай ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі:
– Жыл санап «Еркеайымның» қатысушылары көбейіп келеді. Осыған дейін байқау тек екі кезеңнен тұрса, биыл оған тағы «Ана көмегі» және «Білімді мыңды жығар» сынды бөлімдерді қостым. Осы байқаулар барысы әр баланың анасымен үйде қаншалықты қарым-қатынаста болатынын ашып берді.