Ербол АҚШОЛАҚОВ, «Әдебиет айдыны» қоғамдық қорының президенті: «Қатерлі ісіке шалдыққан сәбилерге қолұшын берейік, ағайын!»
Үстіміздегі жылдың 21 сәуір күні «Әдебиет айдыны» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен Алматы қаласындағы Республика сарайында «Өмір сүргім келеді» атты қайырымдылық кеші өтеді. Қазақстан өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерт еліміздегі қатерлі ісікке шалдыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Деректерге сүйенер болсақ, елімізде жыл сайын 250-300-дей бала қатерлі ісікке шалдығады екен. Қазақстанның әр облысы бойынша 100 мың балаға шаққанда 15-20 бала жыл сайын қатерлі ісік дертімен ауырады. Әлем ғалымдарын әуреге салған осы бір дертке шалдыққан еліміздегі кішкене бөбектерге қол ұшын беруді өзіне парыз санайтын жандар бар арамызда. Осындай ұлтжанды азматтардың бірі жас қаламгер Ербол Ақшолақов. «Алаш айнасы» оқырмандарына жақсы таныс Ербол бүгінде «Әдебиет айдыны» қоғамдық қорының президенті. Қоғамдық қордың игі шарасы жөнінде Ербол Ақшолақовтың өзінен сұрап көрген едік...
– Ербол мырза, өзіңіз басқарып отырған қоғамдық қор ұйымдастырып отырған игі шара туралы кеңірек айтып берсеңіз...
– «Әдебиет айдыны» қоры «Майра» продюссерлік орталығымен бірігіп 21 сәуір күні қатерлі ісік дертіне шалдыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында қазақтың өнер жұлдыздары қатысатын концерт ұйымдастырып отыр. Қазақстанның халық әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Майра апамыз «Жан анам» секілді түрлі қайырымдылық концерттерін өткізіп жүргені көпшілікке мәлім. Жүрегі кең, парасатты Майра Ілиясова біздің алғаш рет өткізіп отырған қайырымдылық кешімізге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Респулика сарайында өтетін қайырымдылық концертіне әншілерді тарту, ұйымдастыру жағын ол кісі өз мойнына алды.
– Осы концерттен түскен қаржы нақты қанша баланың емделуіне жұмсалмақ?
– Қайырымдылық кештен түскен барлық қаражат ауыр дерттің тырнағына ілінген қос сәбиге бөлініп беріледі. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Жан жылуы» бағдарламасында көрсетілген қатерлі ісікке шалдыққа балалардың аса көмекке зәрулері іріктеліп жатыр. Біздің қор мұндай қайырымдылық шарасын алғаш рет ұйымдастырып отырғандықтан толқыныс көп. Билеттеріміз сатылар ма екен, сәбилерге аз да болса шапағатымыз тиер ме екен деп алаңдап жүрміз. Ең болмаса, бір сәбидің көрер жарығын бір ай немесе бір жылға ұзартсақ деп ойлаймыз. Дәрігерлер бүгінде қатерлі ісіктің кейбір аса ауыр түрі болмаса, дерттен айығып кетуге болатынын айтады. Сондықтан біз кішкентай нәрестелерімізді ажалдан арашалап қалуға барымызды салуымыз керек. Болашақта осы қайырымдылық концертін жылда өткізіп тұруды дәстүрге айналдырмақпыз.
– Осындай қайырымдылық концерттерін өткізу үшін Республика сарайының жалға алу ақысы сәл жеңілдік жасай ма екен?
– Республика сарайының жалға алу ақысы 3 миллион 500 мыңға түсті. Осыған орай билеттердің бағасы да қымбатырақ. Алдыңғы орындары 7000 теңге, ең арзан орындар 3500 теңге. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші осы қаражатты кейбіреулер бір-ақ күнде құмар ойын ойнап шашып жібереді ғой. Оның жанында көздері жәутеңдеген қазақтың қаракөз балаларының ем-домына қаражат аямайық дегім келеді.
– Тұрақты демеушілеріңіз бар ма?
– Әрине, қазақтың жомарт азаматтары бар ғой. Бізге осы уақытқа дейін «Жер-су» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов, «Бент» АҚ басшысы Ділмұрат Кузиев мырза қаржылай көмектесті. Қазақстанның басқа да қалаларынан демеушілер табылып жатыр. Әрине, қазіргі аумалы-төкпелі заманда біреуден осынша қаржы бер деп сұраудың өзі қисынсыз. Дегенмен түрлі мекемелерге хаттар жазып, әркімнің шама-шарқынша көмек беруін өтінеміз. Әзірге біздің хаттарымызға «жоқ» деген жауап келген емес. Біздің қорда арнайы ревизорлық кеңес бар. Қаржының бәрі Жарғыға сәйкес жұмсалады. Банктен ақшаның аударылымы туралы қағаздың бәрін алып отырамыз, көпшілікке жариялы түрде бір тиынын ысырап етпейміз.
– «Әдебиет айдыны» қоғамдық қорының құрамы, негізгі қызметі туралы бірауыз айта кетсеңіз...
– «Әдебиет айдыны» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылғанына біршама уақыт болды. Бұл қордың негізгі мақсаты әдебиет, өнер саласында жүрген жастарға қолдау көрсету. Өздеріңізге белгілі, бүгінде жастарға қолдау аздау. Біздің қор қоғамдағы осы бір олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүр. Қазіргі таңда 150 балаға білім грантын беріп, жоғарғы оқу орындарында оқытып отырмыз. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар осы грантпен медицина, педагогика, журналистика, тағы басқа салаларда білім алуда.
Біздің қорда негізінен ерікті жастар қызмет етеді. Тіпті өзіміздің жалақымызды алмасақ та, кейбір оқуының ақысын төлей алмай қалған балаларға өз қалтамыздан ақша беріп, қол ұшын беріп жүрген жайымыз бар.
«Әдебиет айдыны» қорында қоғаммен байланыс, қайырымдылық, халықаралық байланыс секілді түрлі салалар бойынша 7 адам қызмет атқарады.
– Болашақта тағы қандай іс-шараларды жүзеге асырмақсыздар?
– Меніңше, тәуелсіздіктің құрдастары біз қатарлас жастар осынау алтын ғасырда тарихта өшпес бір із қалатындай еңбек етулері керек. Біз бүгінде еліміздің әр өңірінен шыққан жас ақын-жазушылардың, жалпы қалам ұстаған жастардың шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығармақпыз. Өйткені көп жастарымыз өздерінің шығармаларын қандай басылымға берерін білмейді, екінің бірі кітап шығаруға жағдайы жоқ дегендей.
Тағы бір тілге тиек етерлік жаңалық, алдағы уақытта біздің қор «Елбасы» деген журнал шығаруды қолға алып отыр. Бұл бір ғана президент туралы баслымы емес. Сонау қазақтың қазақ болып қалыптаса бастаған кезінде-ақ ел билеген көсемдер мен билер, шешендер, ел басқарған ұлы қайраткерлер туралы тарихи, мәдени, танымдық басылым болмақ. Бұл журнал қазақ қырғыз, қытай, өзбек, ағылшын тілдерінде жарық көреді деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазақ жастары жастанып оқитын «Жас қалам» дейтін газет шығару ойымызда бар.
– Игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!