Бүгін Алматыда «Тұран» этнофольклорлық ансамблінің «Ер-Тұран» атты жаңа күйтабағының тұсаукесері өтеді.
Тұсаукесер барысында жаңа күйтабаққа енген композициялар орындалады.
Олардың ішінде «Ер-Тұран», «Мұқағали толғауы», «Жарапазан», «Қайыстың зары», «Ортеке», «Аққу» «Аңшылық», «Елім-ай», «Шилі өзен», «Қаражорға», «Іңір» деп аталатын қазақтың халық әндері мен авторлық шығармалар бар. Ерекше ұлттық нақышты жандандырып жүрген ансамбль Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Хорлан Кәртенбаева, Серік Нұрмолдаев, Абзал Арықбаев есімді жас таланттардан құралған.
«Тұран» этнофольклорлық ансамблі осы топ мүшелерінің бастамасымен 2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттерінен құрылған. Ансамбль халық аспаптар орындаушыларының Халықаралық конкурстары мен фестивальдарының лауреаты атанған және елімізден тыс Франция, Израиль, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Испания, Өзбекстан елдеріндегі беделді концерттерге қатысып жүр.
Өткен жылы ансамбль «Тұран» деген атпен тұңғыш CD жинақ шығарған болатын. Консерватория ректоры, әйгілі музыкант Жәния Әубәкірованың қамқорлығымен үлкен өнерге жаңа қадам басып келе жатқан топтың бұл тұңғыш жинағын шығаруға «Классик. КZ» ақылы радиосы, EL продюсерлік орталығы, «Қазақстан-Рекордс» студиясы қол ұшын берген. Бұл жолғы музыкалық жинақтың шығуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры демеушілік жасаған.
«Ер-Тұран» жинағының тұсаукесері Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры орналасқан ғимаратта (Махатма Ганди к-сі, 10-үй, басталуы 19:00-де) өтеді. Ұлттық музыкалық мұрамызға бейжай қарамайтын өнерсүйер қауымға есік ашық.
«Ер-Тұран» тұсауын кеседі
Последние статьи автора