Қыркүйектің 16-сы күні Алматыда ІІ ұлттық «Миссис Қазақстан» байқауының финалы өтпек. Бұл жолғы жеңімпазға AllurAuto компаниясының Ssang Yong Kyron темір тұлпары сыйға тартылмақ. Мұнымен қоса бағы жанып, айы оңынан туған жеңімпаздар 2010 жылғы халықаралық байқауға жолдама да алады.
Осыған байланысты қазір еліміздің аймақтарынан «Миссис мира-2010» байқауынан үміткер бикештеріміз іріктелуде. Ал Астанадағы «миссистер» «Миссис Қазақстан» байқауына түсу үшін тамыздың 26-сы күні Rixos қонақүйінде бақтарын сынамақ. Кеше Астанада өткен баспасөз мәслихатынан осыны білдік.
«Елордамыздан 16 келіншек арасынан іріктеу жүреді. Олардың арасында журналистер, банк қызметкерлері, сондай-ақ бас прокуратураның да қызметкері бар», – дейді «Миссис Астана» байқауының директоры Динара Сәтжанова.
Байқаудың ерекшелігін атап өткен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Ләззат Құсайынова былай дейді: «Байқау отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Байқаудың ерекшелігі – осы. Мемлекет отбасынан басталады. Отбасы мықты болмай, мемлекет те мықты бола алмайды. Ал шаңырақ түтінінің дұрыс шығуы әйелге байланысты. Бұл байқауда отбасылы әйел өзін түрлі қырынан көрсете білуі керек. Атап айтсақ, тамақ әзірлеу жағынан шеберлігін, өнерін көрсете білуі қажет. Тіпті отбасындағы жандардың басын біріктіре алуы да осы байқауда сынға түспек».
Ләззат Құсайынованың айтуынша, биылғы байқаудағы тағы бір ерекшелік, қатысушылар тек қана іскер және қызметтегі әйелдер болуы керек. Сондай-ақ қатысушылардың жасы шектеліп отыр. «Алғашқы байқауымызда біршама қателіктер болды. Соның салдарынан іріктеу кезінде біраз қиналғанымыз бар. Өйткені бірінші байқауда жас жағынан шектеу қойылмады және тек қана қызметтегі әйелдер ғана байқауға қатыстырылады деген талап болмады. Биыл осылардың бәрін ескердік. Байқауға қатысатын әйелдердің жасын 45 жасқа дейін шектедік. Сондай-ақ қатысушылар міндетті түрде жұмыс істеуі керек және бала-шағасы бар, тұрмыс құрған келіншек болуы шарт», – деді Ләззат Құсайынова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау бірнеше турдан тұрмақ. Оның ішінде өзін-өзі таныстыру, интеллектуалдық білімін тексеру, отбасымен бірге және жеке өнер көрсету, сондай-ақ аспаздық шеберлігін байқау кезеңдері бар.
Ең әдемі келіншек көлік мінбек
Последние статьи автора