Эмиграциядағы Оспан батырды отаны ұлықтай ала ма?
Қазақ оқырманы тағы бір құнды еңбекпен қауышты. Мұхиттың арғы жағында жатқан алпауыт Америка ғалымдарының өзі (Линда Бенсон, АҚШ) «қазақтың алтын аңызы» деп тамсанған әйгілі Оспан батыр туралы «Азаттықтың өшпес рухы» атты кітап оқырманға жол тартты. Оспан батырдың үзеңгілес серіктерінің бірі әрі ол бастаған азаттық күресінің басынан аяғына дейін қатысқан Нұрқожай батыр Молдажанұлының естелігі негізінде жарық көрген аталмыш кітаптағы деректер бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Ғылыми айналымға тұңғыш рет ұсынылып отыр.
Жуырда Астанада өткен осы кітаптың таныстырылымына Түркиядан белгілі тарихшы Әбдіуақап Қара ат арытып арнайы келіпті. Оның арнайы келуінің сыры – кітапты әзірлеген, ғылыми түсініктерін жазған, қолжазбаны төте жазудан қазіргі кириллица қарпіне түсірген осы кісі. Бүгіндері Түркиядағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы. Оның айтуынша, бұл еңбек Оспан батырды бізге беймәлім жаңа қырынан таныстырады және қазақ тарихын толықтыра түседі.
Шындығында, америкалық ғалымдар айтса айтқандай, Оспан батыр тарихта аңызға бергісіз із қалдырған тұлға екені даусыз. Ол Алтай қазақтарының азаттығы үшін күресіп, тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды мақсат тұтты. Құрды да. Ғұмырының қысқалау болғаны болмаса. Сөйткен батырдың биыл – 110 жылдығы. Қазақтың азаттығы үшін Иосиф Сталин, Мао Цзэдун, Чан Кайши секілді азуы алты қарыс алпауыттармен алысқан Оспан батырды өз елімзде – Отанында ұлықтай алар ма екенбіз?!
Астана қаласындағы «Руханият» орталығының мұрындық болуымен өткен кітапты таныстыру шарасы батырды өз Отанында ұлықтай бастаудың басы секілді. «Бұл шараның басты мақсаты – қазақтың күрескерлік тарихындағы айбынды тұлғалардың бірі Оспан батырдың қаһармандық бейнесін, адамдық өмір жолын жұртшылыққа таныту. Біз білмейтін, жалпы тарихқа енбеген жаңа қырларынан ашу, жастардың патриоттық сезіміне рух беру», – дейді филология ғылымының докторы Рымғали Нұрғали.
Әбдіуақап ҚАРА, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, түркітанушы:
– Тарихты дәріптеу – біз үшін парыз. Тарихты тану арқылы тәлім аламыз. Кітаптың өн бойы тұнып тұрған шындық. Нұрқожай батырдың көрген-білгендері баяндалады. Оспан батырдың қасында сегіз комиссары болған екен. Сондай-ақ ол осы сегіз серігінен тірі қалған жалғыз куә іспеттес. Басқасы майданда шейіт болған. Нұрқожай батыр сонымен қатар Оспан батыр армиясының штаб бастығы болғаны белгілі. Соғыс қимылдарын, жоспарларын сол кісі басқарған. Оспан батыр туралы бізге көп мәлімет жеткізіп отыр. Кітапқа ешкім біле бермейтін дүниелер еніп отыр деуіміздің сыры осында. Сонымен қатар бұл кітап ауызекі тілде жазылды. Қолдан келгенше сол кісінің айтуы бойынша түсіруге тырыстық. Атамыз өте зерек, шешен адам болған екен. Сондай-ақ кітап соңында Нұрқожай бабамыздың көзі тірісінде жазылған қолжазбаны қоса беріп отырмыз. Бұл – зерттеушілер үшін таптырмас құрал.