Кеше күллі қазақ ұлы Мұхтар Әуезовтің туған күнін тойлады. Алашының алақанына, қала берді жалпақ жалғанның маңдайына сыймай кеткен арыстың биыл бақиға аттанғанына 50 жыл толса, артында қалған мұралары 50 томдыққа жүк болды.
Жалпы, аталған академиялық басылымда М.Әуезовтің 1917 жыл мен 1961 жыл аралығындағы әңгіме, роман, повестері, аудармаларымен қатар, бұл томдықтарда жазушының кезінде бір рет баспасөзде жарық көріп, кейін ешбір жинағына енбей қалған, сондай-ақ қолжазба күйінде мұрағаттарда, өз тартпасында, баспаларда қалып қойған еңбектері, эпистолярлық жанрдағы хаттары – бәрі-бәрі түгел қамтылған.
Әуелі Ләйла Мұхтарқызы бастаған бұл жұмысты 1993 жылы ол кісінің көзі кеткен соң Талапбек Әкімов, Алдабек Қуанышбаев, Руда Досымбеков, Раушан Қайшыбаев, Кеңес Рақымжанов сынды көптеген М.Әуезов мұражай-үйінің байырғы қызметкерлері жалғап, соңында Рафат Әбдіғұлов сынды ғалымдар 50 томдықтың соңғы нүктесін қойса керек.
Рафат ӘБДІҒҰЛОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әуезовтану бөлімінің ғылыми қызметкері:
– Әуезов көзінің тірісінде өзінің алты томдығын көріп үлгеріп кеткен. Қайтыс болғаннан кейін 12 томдығы шыққан. Содан соң 20 томдыққа өсті, Мәскеуде тағы бес том жарық көрген-ді. Ал енді жазушының кезінде, әсіресе 1917-20 жылдары «Сарыарқа», «Алаш» газеттері мен «Абай» журналында шыққан мақалалары елге белгісіз болып келді. Кейін оларды табу өте қиынға соқты. Қазақ халқының психологиялық ерекшеліктерін, этнографиялық ерекшеліктерін керемет ашқан мақалалар, міне, осы еңбекке енді. Негізі, бұлар кітап бетіне бірінші рет шығып отыр. Жалпы, Әуезовті қазақ этнографиясының негізін салушы деп айтуға толық негіз бар. 50 томдықтың 10 томынан астамы – еш жерде жарық көрмеген қолжазбалар. Әуезовтің қолжазбалар қорында қазір 500-ден астам папка бар. Арасында араб, латын графикасымен жазылғандары да бар. Кезінде осы себептен де, бір жағы, олар кириллицаға түсірілмей қалып қойса, екіншіден, идеологиялық та кедергілер болған.
Ұлан-ғайыр еңбек, томдықтарды құрастыру 1997 жылы жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында басталса керек. Бірінші том сол 1997 жылы жарық көре бастаса, тағы екі том келесі жылында шыққан. Сонда 50 томдықты құраудың өзіне 14 жыл кетсе, өзінің 64 жылдық ғұмырында осыншама ұшан-теңіз еңбек еткен Мұқаңа таңданбай көр.
Ал әттеген-ай дейтін бір үлкен жайт – кітаптың таралымы: небәрі 2000 дана ғана. Демек, тек еліміздің басты кітапханаларына ғана жетеді деген сөз. Теңгенің сыңғырына тамақтың иісін ғана сатып алған Қожанасыр сынды, 50 томдықтан құлақтанған елдің сол құлақтанған күйінде қалатыны өкінішті-ақ...
Елу жыл... 50 том
Последние статьи автора