Елордалық мектептің «жұлдыздары» марапатталды
«Мектеп жұлдыздары...» Кеше Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда осындай атаумен өткен фестивальдің жеңімпаздары марапатталды. Бұл фестивальға оқуда озат болып, халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүрген оқушылар қатысып отыр.
Бір ғасырлық тарихы бар бұл мектеп дарынды оқушылардан кенде болып көрген емес. Венгрия, Чехия, Греция, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей секілді мемлекеттерде өткен әртүрлі халықаралық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Мектебімізден биыл аудандық пәндік олимпиадаға барлығы 45 оқушы қатысып, 19-ы жүлделі орыннан көрінсе, 12-сі арнайы грамота алып келді. Көптеген оқушымыз шетелдік университеттердің грантын ұтып алды. Олар 30-60 пайыздық жеңілдіктерге ие болды. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі конкурстарға қатысып, гран-при алып келген дарынды әншілеріміз де бар. Біз осындай дарынды оқушыларымыздың еңбегін көрсете отырып, оларға «Мектеп жұлдызы» атағын береміз», – дейді мектеп директорының ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары Жанар Жұмабекова. Бұл грамота түрінде үш номинация бойынша табыс етіледі.
Алма БОЛАТҚЫЗЫ, «Мектеп жұлдызы» фестивалінің жеңімпазы, 11-сынып оқушысы:
– Мен Кореядағы «Жас ғалымдар» фестиваліне қатысып, ғылыми жобам бірінші орын алып оралдым. Ғылыми жобамның тақырыбы «Қазақстандағы туризм жолдары және туризмді дамыту» деп аталды. Өз жобамды қазақ тілінде қорғадым. Бірақ әртүрлі тілде сұрақтар болды. Мен олардың барлығына ағылшынша, түрікше жауап бердім. «Туризмді дамыту жолдары» туралы жобамды 9-сыныптан бастап қолға алып келемін. Биыл оқуымды экстерна бітіріп жатырмын. Яғни 10 мен 11-ді – бір жылда. Болашақта қазақ даласына туристер тарта алатындай үлкен жобалар жасағым келеді.
Әдепхан ТОЛЫМ, «Мектеп жұлдызы» фестивалінің жеңімпазы, 11-сынып оқушысы:
– Мен осы сыныпта 1-сыныптан бері оқып келе жатырмын. 9-сыныптан бастап халықаралық жарыстарға қатыса бастадым. Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің грантын ұтып алдым. «Мектеп жұлдызын» ала отырып, осы еңбегімнің жемісін көрдім деп ойлаймын.