Жақында қазақ театрына абсурд деп аталатын жаңа жанр әкелген елорда театрында әлемдік драматургияның тағы бір үздік туындысы көрермен назарына ұсынылды. У.Шекспирдің шоқтығы биік туындыларының бірі – «Гамлет» трагедиясының премьерасы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанды. Қойылым режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Шығарманы қазақ тіліне аударған – жазушы Хамит Ерғалиев.
Аталмыш премьераның басты ерекшелігі – Қаллеки театры шығармашылық ұжымының кезекті әлемдік сахна өнеріндегі туындыға бет бұруында. Осылайша, әлемнің барлық елінде сахналанған, экранизация жасалған туынды елорда театры сахнасында тұңғыш рет сахналанып, трагедия қаһарманы жаңа сарынмен сахнаға жол тартты.
«Гамлет» – Шекспир шығармалары ішіндегі шоқтығы биік туынды. Әлемге әйгілі кейіпкер «Гамлет» – Дат елінің ханзадасы. Оның тағдыры жақсылық пен жамандықтың, сатқындық пен жалғандықтың, сүю мен жек көрудің «құрбандығына» айналып, саналы түрде «күйіп кету» трагедиясына ұшырайды. Ханзаданың өміріндегі әкесінің оқыс өлімі, анасы мен достарының сатқындығы секілді соққылар оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Маңайында болып жатқан барлық кереғар оқиғадан, атап айтқанда, опасыздық, жалғандықтан туған ызасы оның кек алуына әкеліп соқтырады. Ол қоғамда шындықты орнатуға, опасыздықты әшкерелеуге тырысады. Алайда өз мақсатын орындауда «бар болу ма, әлде бордай тозу ма» деген ұранды ұстанған Гамлет өліммен іштей күреседі.
Гамлет – батыр болып өмір сүріп, батыр болып қаза тапқан тұлға. Өмірдегі шиеленіске толы тартыс пен күреске толы ойды сахналаған спектакльдің мағынасы тереңде екенін айтпай-ақ ұғынуға болады.
Заман талғамына сай, жаңа сарынмен көрерменге жол тартқан трагедияның басты қаһарманы – Гамлет бейнесі Қаллеки театрының орта буын артистері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов пен «Дарын» жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаевтардың шеберлігімен сомдалды.
400 жылдан бері әлемнің барлық елінде өз көрерменімен бірге жасап келе жатқан, шытырманға толы қақтығыстар мен машақаты мол махаббат әуресіне жетелейтін шығармадан әр көрермен көргенін өзінше саралайды.
Болат ҰЗАҚОВ, «Гамлет» трагедиясының қоюшы режиссері:
– Жалпы, «Гамлет» трагедиясы – қазақ театрларында көп қойылмаған қойылым. Бұл спектакль 10 жыл бұрын – Алматыдағы М.Әуезов театрында, бертін келе Жамбыл облыстық драма театрында ғана сахналанған. Қойылымға келетін болсақ, «Гамлеттің» өзінің философиясы, көтерген мәселелері қай заманда болсын өз мәнін жоғалтқан емес. Былайша айтқанда, бұл – заман тынысын тап басып келе жатқан туынды. 400 жылдан бері сахна мен көгілдір экраннан түспей келе жатқандығының басты себебі де – осы. «Гамлет» бұдан кейін қай заманда сахналанса да, қандай формада қойылса да, оның айтатын ойы мәңгілік, адами құндылықтар туралы. Бір айта кетерлігі, әр заман сайын әрбір ұрпақ бұл қойылымның өзіне керек жағын жаңаша көзқараспен, жаңа тыныспен тауып ала береді. Шекспир шығармаларының ішіндегі жалғыз осы «Гамлеті» ғана ешқандай эпохаға, костюм, декорацияға байланбаған. Бұл – дүниежүзінде әлі күнге дейін режиссердің қиялына көп мүмкіндік беріп келе жатқан жалғыз шығарма. Қорыта айтқанда, бұл – қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамның келеңсіз құбылыстарына жауап беретін, заман ойын айтқан керемет қойылым.
Еркін ЖУАСБЕК, театрдың көркемдік жетекшісі әрі директоры:
– Режиссерлік, актерлік басқа мақсаттарды айтпағанның өзінде, білікті театры бар жерде Шекспирдің ұлы шығармасының үлгісі көрсетілуі керек деп есептейміз. Себебі академиялық деген мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған театрымыздың актерлары Шекспирдің шығармасымен жұмыс істеуге, қоюға пісіп-жетілді. Сондықтан да 20 жылдық тарихы бар театрдың актерлік мектебінің «нартәуекелге» баратын мезгілі әлдеқайда жетті ғой деген мақсатпен осы шығарманы алып отырмыз. Біз бар мүмкіншілігімізді салып, осы театрдағы «Гамлетке» шамасы келеді деген режиссерлік, актерлік мектептің басын қосып, көрерменге ұсыну үшін біраз тер төктік. Өйткені бұл – не дегенмен де, ұлы Шекспирдің шығармасы. Ақ өлеңмен жазылған, тартысы, таралымы өте күрделі туынды.
Елорда театрында – «Гамлет»
Последние статьи автора