Елбасы белгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі Базарбай Жұманиязовтың қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы ауыр қайғыға ортақтаса отырып, көңіл айтты.
Қазақстан Президенті қазақ өнерінің көрнекті өкілі Б. Жұманиязов отандық кәсіби музыка саласының дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.
«Оның асқақ рухты «Махамбет» операсы, көптеген симфония-поэмалары, әсем әндері мен романстары ұлттық рухани қазынамызды байытып, мәдениетіміздің алтын қорынан лайықты орын алды. Б.Жұманиязов тәуелсіз еліміздің өнерін өркендету жолында да талмай еңбек етті», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев дара дарын иесінің өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, биік талғамнан туған музыкалық туындылары халық жүрегі мен жадында мәңгі қалатынын атап көрсетті.