«Екі жұлдыз» төрешілері төмен бағаға неге әуес?
«Екі жұлдыз» бағдарламасының түсірілімін құр қалдырған емеспін. Әсіресе осы жолы «Екі жұлдыздың» тақырыбы халық әні және халық композиторларының әндеріне арналатынын естігенде қуанғаным-ай! Халық әнінің жөні бір бөлек, сондай-ақ сүйікті орындаушыларың сүйіп тыңдайтын әндеріңді орындағанына не жетсін!
Бірақ ә дегеннен-ақ төрешілердің төрелігі қатты қынжылтты. Бәйгеге түскен тоғыз жұптың арасында үш жұптың қойылымы дұрыс бағаланбады. Төмен ұпаймен тұқыртып тастады. Өз басым бұл сыншылар қиялының қамақта отырғанын, иек астынан ары аспағанын көрсетті деп ойлаймын. Болат Құсайынов пен Гауһар Қаспақова, Дастан Оразбеков пен Айқын Төлепберген, Ринат Малцагов пен Динара Қайырова жұптары қойылым үшін төмен бағаланды. Соның біріне ғана тоқталып өтейін.
Ринат Малцагов пен Динара Қайырова жұбы орындаған Ақанның «Балқадишасы» – қазақ үшін орны ерекше ән. Ринат пен Динара қалай шырқар екен деп күттім, шыны керек, осы уақытқа дейін әртүрлі орындауда естісем де, дәл осынша буынымды балқытқан емес еді. Сөйте тұра, төрешілер бұл жұпқа да мін тағып шыға келді. Қойылымның нашар екенін алға тартты. Ал сахналық қойылым былай өрбиді: ән басталғанда сахна ортасында заманауи ақ көйлектегі қыз жатады, ән шарықтаған сайын жансыз бейнеге қимыл бітіп, жүзін жас шайып кеткен. Ақ көйлегінің сыртынан арқан таңулы. Ойыма бірден барлық заманның бақытсыз келіншектерінің жинақы бейнесі оралды. Сүймеген жанға еріксіз ұзатылу – Балқадиша тағдыры бұрынғыда қалған жоқ, ол бүгін де бар. Міне, сахнадағы өзі байлаулы, жанары жасты келіншек бүгінгінің Балқадишасы еді. Динара мен Ринат жұбынан мен бақытсыз Балқадишаны құтқарған ғашықтар жебеушілері – Қозы мен Баянды көрдім. Ал төрешілер «Балқадиша мұндай болмаған» деп әннің тарихын айтуға көшіп кетті. Әр қазақ бұл тарихты беске біледі деп айта аламын. Сахнадағы қыз – Балқадиша емес, барлық заманның бақытсыз жандарының жинақтық бейнесі, ал алба-жұлба киім мен аққан бояу қазақ қызының сыртқы бейнесі емес, аласапыран ішкі дүниесі еді.
Қазақ әні дегенде, бүрмелі көйлек, үкілі тақия, алтыбақан ғана елестейтін болса, әндеріміз заман көшіне ере алмайды деген сөз. Баяғының ғана еншісі. Бүрмелі көйлек, үкілі тақия кимейтін, алтыбақан теппейтін халықтың тұрмысынан шығып қалды деген қорытындыға жетелейді. Ал мен олай ойламаймын. Сондықтан тар шеңберге қамалған төрешілердің түсінбегенін түсінбедім.
Суреттелген думан осы сенбі Ұлттық арна эфиріне шығады. Қалың көпшілік бағасын сол кезде берер. Ал алғашқы әсер осындай болды.