«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, сонау ықылым заманнан бері қасиетті қара домбыра қазақпен бірге жасасып келеді. Шүкір деп айтайық, халқымыз әнші-күйшіден де, домбыра жасайтын хас шеберлерден де ешқашан кенде болған емес. Солардың бірі дәстүрлі әнші, термеші әрі домбыра жасау шебері – Әбдікәрім Мәметұлы. Бүгінгі тақырыпта республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың дипломанты Әбдікерім аға өзінің дәстүрлі ән өнеріне қалай келгендігі жөнінде және домбыра жасаудың қыр-сыры туралы өз ойларымен бөлісті.
– Менің дәстүрлі ән өнеріне келуім балалық шақтан басталды. Сонау Семей өңірінің қойлы ауылында мал бағып жүріп, радиодан Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиевтардың ән салғанын тыңдап өстім. Соның әсері болар, домбырамен ән салу менің арманыма айналды. Ауылдың бас шопаны болған әкеме Балтабай, Болат сынды азаматтар көмекші болды. Екеуі де домбырамен керемет ән айтатын. Солардың қасында жүріп домбыра тартуды үйреніп, мектепке келгенде бес-алты әнді нақышына келтіріп орындайтын әнші бала атандым. Ауыл клубының сахнасында ән сала бастадым, – деп сол жылдарды еске алады Әбдікәрім аға.
Осылайша, Семейдің Шұбартау ауданындағы бұрынғы Калинин, қазіргі Айқыз ауылының мектебінде оқыған Әбдікәрім Мәметұлы сегізінші сыныптан кейін Семей қаласында орналасқан Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеге құжаттарын тапсырады. Алайда ол оқу орнында домбырамен ән салуды үйрететін бөлім жоқ болғандықтан, ұстаздардың бірі оны облыстық филармонияға жібереді. Өстіп жүріп ол Семей өңірінің саңлақ әншілері: Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Бақыт Үдербаева, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков сынды дәстүрлі ән мектебінің майталмандарымен қатар ән салу бақытына ие болады. «Өнер-өмір мектебін мен осы Семей облыстық (ол кезде жеке облыс болатын) филармониясында қызмет еткен жылдары үйренген едім», – дейді ол.
Әбдікәрім Мәметұлы 1981 жылы Алматыдағы республикалық эстрада-цирк өнері студиясына оқуға түседі. Онда халық әртістері Кәукен Кенжетаев, Гүлжиһан Ғалиева, Ғарифолла Құрманғалиев, Құбаш Мұхитов сынды ұлы тұлғалармен қатар Жәнібек Кәрменов, Еділ Құсайынов секілді қазақтың біртуар талантты ұл-қыздарынан дәріс алады. Ұстазы Жәнібек Кәрменовтің класына түсіп, халық композиторлары: Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Естай әндерін орындаудың қыр-сырын меңгереді.
– 1982-83 жылдары күйші-сазгер, ҚР Халық Қаһарманы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ұлт-аспаптары оркестрінің солист-әншісі болып жұмысқа алындым. Бұл өнердегі ең бақытты шағым еді, – дейді Әбдікәрім аға.
Бұдан кейін әкесі ауырып, қайтадан туып-өскен ауылына баруға тура келген. Өстіп үлкен астана сахнасын аудан-ауылдың мәдениет үйі мен клубына айырбастайды. «Бір үйдің сенім артқан үлкен ұлы болғандықтан, бауыр-қарындастарым үшін өнермен жартылай қоштаса бастадым. Бірақ бұл әрекетіме еш өкінбеймін», – дейді ол. Әбекең 1986-1995 жылға дейін Семейдің Аягөз аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарады. Әнші-термеші ретінде көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденеді. 1987 жылы «Ән-домбыра» атты концерттік бригада құрып, талантты әншілермен бірге республиканың әр аймағын аралап, халыққа өнер көрсетеді. 1995 жылы заманның өзгергеніне байланысты Алматы қаласына қоныс аударып, әртүрлі салада жұмыс істеп, ақыры қазақтың қара домбырасы оны өзіне қайта тартады.
– Мен өзім бала кезден кішкентай домбыраларды ашып-жаба беретінмін. 95 жылы Алматыға келгенде дәстүрлі әнші Жоламан Құжымановтың інісі Нұрлан маған домбыра жасаудың қыр-сырын үйретті. Ол домбыраны жақсы жасайды, бірақ әнші емес. Сондықтан мен оған домбыраның үнін, даусын шығаруға көмектесетінмін. Негізін үйретсең, домбыраны кез келген адам жасай алады. Бірақ екінің бірі домбыраны сөйлете алмайды. Қазақстанда домбыраның үнін жақсы шығаратын шеберлер саусақпен санарлық қана. Шүкір, тәубе, қазір Қазақстанның барлық әншілері домбыраны, басқа аспаптарды да менен алғысы келеді. Өйткені мен өзім әншімін әрі домбыраны өзім жасаған соң, оның үніне ерекше мән беремін. Сосын қай әншіге қандай домбыраның үні қажет екенін білемін, – дейді ол.
Есімі жұртшылыққа тек дәстүрлі әнші ғана емес, домбыра жасаушы шебер ретінде де танылған Әбекең табиғи дарын мен шеберлік ұштасқанда ғана жақсы домбыра шығатынын айтады. Қазір ол 15 жылдан бері домбыра, сандық, жетіген, қалқан, найза, тіпті теріден домбыраның сыртқы қабына дейін жасаумен айналысып келеді. Кезінде оған Қазақстанның халық әртістері Қайрат Байбосынов, Алтынбек Қоразбаевтар шеберхана ашып берген. Енді қазір ол өзінің жеке цехын ашып, шәкірттер дайындауда. Жастарды өнерге баулып, домбыра жасауды үйрететін шебердің білген-түйгені де аз емес. «Домбыраны кез келген қатты ағаштан жасауға болады. Ал дауысы оның бет тақтайына байланысты. Біз оның қалыңдығын, ішіндегі екі тақтайшасын, серіппені жұқарту арқылы дыбысын шығарамыз. Ал бет тақтайын тек шырша немесе қарағайдан жасаймыз. Суық жерде өсетін қарағайлардан жасалған домбыраның дауысы жақсы шығады», – деп шебер ойымен бөлісті.
Әбдікәрім МӘМЕТҰЛЫ, дәстүрлі әнші, шебер:
– Егер бір домбыраны сапасыз жасасаң, осымен-ақ өзіңнің ортаңда қадір-қасиетіңді жоғалтып алуың мүмкін. Сондықтан өзіме де, шәкірттеріме де талапты өте жоғары қоямын. Бір өкініштісі, бүгінде қолөнер шеберлерінің барлығы әр жерде шашырап, күнкөрістің қамымен кетті. Ұлттық өнердің мұртын бұзбай ұрпаққа қалдыру үшін шеберлерге мемлекет тарапынан қамқорлық қажет-ақ. Сонымен қатар шеберлерді біріктіретін, домбыраның қоңыр үнін шығаруды одан әрі жетілдіру үшін бізге ғылыми орталық керек. Сонда ғана бұл саладағы мәселелер ретімен шешілетін болады.
Қалай десек те, ұлттық қолөнеріміздің, домбыраның, қазақи болмыс-бітімнің мерейін үстем етуге тырысып жүрген Әбекеңнің бұл айтқаны көпшілікке ой саларлық пәтуалы сөз екені даусыз. Әрине, өз ісіне жетік, білікті маман бұл реттегі мәселелерді айтып, одан шығу үшін ғылыми орталық құру қажеттігін тілге тиек етуде. Ал оны іс жүзінде жүзеге асыру, қазақтың домбырасының қоңыр үнін ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру үшін құзырлы органдар маманның айтқанына құлақ асып қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Домбыраның тілін түсінген шебер
Последние статьи автора