Домбыра, қобыз жасауға несие неге берілмейді?
Жазда жері сағымға, қыста елі соғымға бай Сарысу ауданының төрінен орын тепкен Игілік ауылында қазір 200-дің үстінде түтін бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік етіп, өзіне лайықты көш-керуенін жалғастырып жатқан Игілікте біраз игі тірліктердің басы қайырылыпты. Мектеп, клуб, фельдшерлік пункт, мешіт үйі сонадайдан мен мұндалайды. Бір әттеген-айы, ел ауызсуды әлі күнге құдықтан алып ішіп отыр. Бірақ, ауылға құбыр тартуға жоба жасалынған екен. Сәтін салса таза су ішетін күн алыс емес секілді.
Осындағы өнер мектебінің іші де күмбірлеген үнге толы. Мына бөлменің есігін ашып қалсаңыз, домбыра тартуды үйреніп жатқан жас бала, ана бөлмесінде қобызын құшақтаған оқушы қыз… Әрқайсысы әртүрлі шығарманы орындап жатса да бәрі қосылып осы шаңыраққа тән, құлаққа жағымды бір әуенге ұласады. Өйткені, осы шаңырақта өнер үйреніп жүрген жас балалардың бойында ерекше бір құлшыныс, қуаныш, күш-қуат бар екен. Оларға дәріс беріп жүргендердің ішінде Балтабай Дәуірбековті Сарысу жұрты ғана емес, облыс халқы жақсы таниды. Өнердің арқасында өніп-өсіп, қос ішектің арқасында қанатын кеңге жайған Балтекеңнің үйінде домбыра, қобыз жасайтын шағын цех бар. Ол шаңыраққа да сәлем бердік. Шағын ғана бөлмеге домбыраның бірнеше түрлері ілініпті. Әлі бітпей, жарым-жартылай істелгендері де баршылық.
Жалпы, бұл өнер қонған шаңырақ. Балтабай ағаның перзенттері – Білтебай, Алмабай, Жанар, Динара, Әсел, Жарас, Айткүл, бәрі-бәрі шетінен домбырашы, қобызшы. Барлығы да термені, халық әндерін нақышына келтіріп айтады. Немерелері Жандос, Аида, Жалғастар да атадан дарыған өнерді жалғастырып келе жатқан дарындар. Жамбыл гуманитарлық колледжінің ІІІ курсында оқитын тағы бір немересі Алмас студенттер арасында өткен республикалық байқаудың «Қылқобыз» аталымы бойынша лауреат.
– Домбыра, қобыз жасаумен айналысып келе жатқаныма 14 жылдан асты, – дейді Балтабай Бекболұлы. – Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Домбыраның барлық түрін жасаймын. Әрине, бұл кәсіпті бірден меңгеріп кеткеніміз жоқ. Тәжірибе жоқтықтан опынған жағдайлар да болды. Әлі есімде… Музыкалық аспап жонуды жаңадан үйреніп жүрген кезімде бақандай елу домбыраны Алматыға апарып, үлкен бір концерттің кезінде сатпақшы болдым. Сонда тізіліп тұрған домбыраны көріп, бір кісі бұрылды. Әлгі кісі домбыраның бір-екеуін шертіп көріп: «Мұның не? Маңқа домбыраларыңды неменеге самсатып әкелгенсің?» деп, теріс бұрылып кетіп қалды. Кейін білдім, бұл – Нұрғиса Тілендиев екен. Сөйтсем домбыраның шанағынан пернелеріне қарай көз жібергенде, сызғышпен сызғандай түп-түзу болып тұруы тиіс екен. Сәл қисайса, үні бұзылатын көрінеді. Нұрғиса ағамның жасаған дүниемді жаратпай тастауы сабақ болды. Қазір тапсырыс көп. Тіпті, кейбір домбырамызды 1000 АҚШ долларына бағалап, сатып алып кетеді. Жалпы, өзім бала кезімнен ағаш жонуға құмар болдым. Ирек, қисық өсіп тұрған ағаштарды көрсем, көз алдыма талай бейнелер елестейтін. Қазақ осы ұлттық аспаптарымен бай емес пе? Бір жылдары қылқобыз дегенді ешкім қолға ұстамай, құрып бара жатыр еді. Қазір Аллаға шүкіршілік, ұлттық аспаптарға деген қамқорлық жақсы. Ауылдағы өнер мектебі талай жастың болашағына жарқын жол ашты. Үнемі байқап жүремін, оқушылар мейлінше өнер сабағынан қалмауға тырысады. Жас балалардың өнерге деген құлшынысы – өмірге деген қызығушылығы, ұмтылысы емес пе?
Иә, өнер – құдірет. Құдіретті бәрі мойындайды. Тек банктер болмаса… Ер адам қашанда сабырлы, салмақты ғой. Ал әйел әділетсіздікке шыдап тұра алмайды. Осы үйдің отанасы Халбүбі апамыз сырын айтамын деп шынын айтып қалды. Оның айтуына қарағанда, отағасы қолға алған кәсіпке әл-әзірге банктер тарапынан ешқандай қолдау-қолпаштау болмай тұр екен. «Несие береміз деген соң жаз бойы құжат жинаумен уақытым өтті. Немерелерімнің аузынан жырып алған 40 мың теңгем осыған бекерге кетті. Ақырында несие берілмеді. Шынын айту керек, банктер бұл кәсіптен пайда түсетініне сенбейді. Тіпті, кепілдік қойсаң да жолатпайды екен. Аллаға шүкір, 15 жылдан бері осы аспаптарды сатудың арқасында күнімізді көріп келеміз ғой. Әкімдіктегілер мерейтой иелеріне сыйлық жасауға кей кездері домбыра-қобызымызды қарызға алып кетіп, ақшасын кейін әкеп беріп жатады. Рахмет, әкімдік қолдау көрсетті. Бірақ, банктегілердің басы осы іске иілмей-ақ қойды» деп күйінеді апамыз шайын қамдап жатып.
Әрине, бұл жерде бас салып банкті кінәлауға болмас. Олар да ары-бері есептеп, көздері анық жетпегеннен кейін бұл іске ақша салғысы келмеген шығар. Бірақ аудан басшыларының айтуына қарағанда, жалпы банктердің Сарысуға қаржы салуға құлқы жоқ. Соңғы 2 жылда «Даму» қоры бұл өңірдегі 1-ақ жобаны қаржыландыруға келісім беріпті. Өткен жылы «Халық банкіне» ұсынылған 41 жобаның екеуі, «Банкцентркредитке» ұсынылған 15 жобаның үшеуі ғана өткені осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Үлкен жобалардың өзін жолда қалдырып жатқан банк домбыра мен қобызға қайдан қаржы бөліп берсін?
Мейлі, әр қазақтың шаңырағының төрінде домбыра тұруы керек дегенді ұран қылып ұстаған халықпыз ғой. Қазақ аман тұрғанда ұлттық өнерді ұлықтап жүргендердің де жағдайлары жаман болмас. Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек домбыраны серік еткен Дәуірбековтар отбасының кәсібіне алдағы уақытта жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша несие берілетінін айтып қалды. Әзірге әкімнің ұлттық өнерге деген осы жанашырлығы ғана көңілге демеу болып тұр.