Кентау НАЗАРБЕК, әнші, сазгер:
Ұлы Абай топырағында туып, Абай секілді ән мен жырға іңкәр боп өскен жандардың бірі – Кентау Назарбек. Алашқа әйгілі азамат, көрнекті композитор Теміржан Базарбаевтың шәкірті Кентау Назарбектің әнқоржынында бүгінде 100-ден астам туынды жатыр. Автор олардың көбінің әні мен сөзін жазған, ал кейбірін тіпті өзі орындайды да. Сазгер – бүгінде Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде қоғамдық мамандар бөлімінің басшысы. Мамырдың 30-ы күні шығармашылықта жүргеніне 25 жыл толуына орай, әнші әрі сазгер азамат Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өзінің «Өнерім – менің өмірім» атты ән кешін өткізбек. Біз осы қарсаңда ол кісіні сұхбатқа тартып едік.
– Әнге біреу оқып келеді, біреу өмірден тоқып келеді екен, өмірбаяныңызға көз салғанда, сіздің осы екінші топтан екеніңізді көзім шалды. Көркемсурет саласының маманы, суретші емес, әнші болып шыққаны қызық екен?..
– Негізі, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылардың кіндік қаны тамып, табанының ізі қалған Шыңғыстау баурайында туыпөстім. Алайда сол Абай, Шәкәрім сынды ән шығарамын деп ойламаппын, шыны керек. Бірақ қолға домбыра, гитара алып, ән шырқауды бозбала күннен бастадық, біздің буын ол кезде әнге ғашық еді ғой. Ал өзімнің кеудемді алғаш ән тербеген тұсы біздің жалындаған шағымызда орын алған Желтоқсан оқиғасы қарсаңы болды. Бізде, яғни Семейде дәл Алматыдағыдай дүмпу болмаса да, тілге деген басымдық, шовинизмнің зардабы кәдімгідей арқамызға батып жүрген, сондықтан шын сезініп, әлгі Желтоқсан жастарымен рухымыз тұтасып кетіп еді.
– Сол 86-да қандай ән жарып шығып еді көкейіңізді?
– «Анамның тілі» деген ән. Әрине, ол сонша жалпақ елге танылып кеткен жоқ, бірақ өз төңірегіміздегі жастардың арасында ауыздан ауызға тарап кетті. Қазір енді осы 25 жылдық қарсаңында шығармашылық кешіме енгізетін әндерді қайта сараптап жатырмын, сонда байқағаным, әндерімнің ішіндегі ең танымалы «Бір бәйтерек, бір шынар» әні екен. Саят Бекежанов деген әнші орындап жүр қазір.
– Сіз әйгілі сазгер Теміржан Базарбаевтың шәкірті екенсіз, ол кісі шәкірті, яғни, мына сіздің репертуарыңыздағы әндерге «халық әндерінен гөрі, профессионалдық ария, романс, балладаларға жақын, өз-өзінен симфониялық оркестрге сұранып тұрады» деп баға берген екен. Ал мағынасы мен мазмұны жағынан әндеріңіз патриоттық па, әлде лирикалық па, қандай сипатқа көбірек келеді?
– Негізі, патриотизм деген тек Отанды сүюмен шектелмейді, біз бірақ солай түсінеміз. Бәріне патриот көзбен қарау керек дер ем мен, мысалы, махаббат сезіміне де, яғни, сүйетін адамның өзіне де аялай қарап, қастерлеп дегендей. Әндерімнің қандай екенін ел бағалай жатар, дегенмен өзім жоғарыда айтқан «Бір бәйтерек, бір шынар» атты әнді ерекше атап отырған себебім: оны апайым Бақыт екеуміз ата-анамыздың отасқандарына 30 жыл толуына орай шығарған едік. Сол ән қазір бүкіл той-томалақтың әніне айналған секілді. Тіпті бір жерде естіп қалып, «менің әнім» десем, ел «қалай сенікі, халық әні емес пе?» деп қарайды. Мен оған әрине ренжімеймін, қайта халықтық сипат алғанына қуанамын.
– Барлығы неше әніңіз бар?
– Жүз шақты шығар, бірақ оның бәрі бірдей танымал емес. Тағы бір танымал әнім – «Ардағым», Алма Аманжолова орындайды. Содан соң «Жастық шақ» деген тағы бір әнімді Еркін Шүкіман мен консерватория студенттері шырқап жүрсе, «Мен – қазақпын», «Дүниеге келді бір адам» деген әндерімді Ерлан Рысқали нақышына келтіре орындап жүр.
– Әндеріңіздің сөзін көбіне өзіңіз жазасыз ғой деймін?
– Иә, көбіне солай. Принципті түрде солай етем демеймін, біршама ақындарға сөз жазуды ұсынамын, бірақ дәл менің көкейімдегідей, әнге тура келмей қалып жатады. Сондықтан өз кеудемді күмбірлеткен әуенге өзімнің өзегімнен жыр тудыруға тура келеді соңында. Алайда ақындармен де бірлесіп шығарамын, мысалы солардың бірі – Үсен Өмірзақов деген ақын. Мұқағалиға – жиырмаға жуық, Абайға бес ән жаздым.
– Бір сәт сіздің жеке шығармашылығыңыздан, жалпы ән, қазақ әнінің бүгінгі кейпі деген тақырыпқа ойыссақ. Осы әлемнің бір бөлшегін құраушы ретінде сіздің осы ән әлемі жайлы не түйгеніңіз бар? Неге сүйсініп, неге күйінесіз?
– Ұстазым Теміржан Базарбаев марқұм, өзі сондай бір тумысынан таза жан еді, өнерде де өзінің сол тазалығын жоғалтпаған күйі кетті. Сол кісінің көзі тірісінде айтқан бір ұлы сөз бар: «Қазір ән мен қимыл бірігіп кетті» деген. Яғни ән атаулы тек секеңдеген биге құрылғандай, жанға ләззат беретіні аз дегені ғой. Мен осы пікірге мынандай ой қосар едім, дінге қалай секта кірсе, әнге де дәл солай «секта» кіріп кетті. «Секта» деп отырғаным, ол – мына еуропалық ағым, сосын шығыстық сарын, латын америка ырғағы. Қазақ эстрадасындағы бүгінгі әндерді сырт құлақ боп тыңдасаң, қазақтан алшақтап кеткенін байқайсыз, қазақы бір дәнегін таба алмай қиналасыз көбінен. Шыны керек, музыкадағы бұл құбылысқа тек бірыңғай әншілер кінәлі деуден аулақпын, саясатқа жасалғандай, бұл да мәдениетке жасалған экспансия, яғни өз ұлттық ерекшелігіміз өзімізге жат боп көрінуі үшін сырттан түрлі әдіс-тәсілдер, осы ән, би, жалпы музыка арқылы бізге тықпаланып жатыр. Біз бүгін ондай ахуалды түзеу үшін, әншімен болмаса соны бізге сырттан тықпалап жатқандармен алысып абырой таппаймыз, ең тиімді жолы тыңдарман талғамын түзеу ғана. Өз классикамыздың құнын дәріптеп, халық әндерін, Абай, Шәмші т.б кәсіби мықты, елді еш жалықтырмайтын әндерді көбірек насихаттау керек.
– Яғни әндерді електен өткізіп, жарайтынын жариялап, қалғанын жарамсыз қылып шығарса дейсіз ғой? Расында, бүгінде «әй дейтін – ажа, қой дейтін қожа жоқ» секілді ән саласында... «Басты құндылық – ақша, ол бар болса, кез келген есіктен өтесің де кетесің» деген өнердің алтын басын жерге ұратын көзқарасқа қайтсек тойтарыс бере аламыз? Қайткенде біз қазақ үнін, қазақ әнін сақтап қала аламыз?
– Мысалы, бұрын телеарна, радио саласында, сондай-ақ концерттерді ұйымдастыратын мекемелерде көркемдік кеңес деген болатын. Олар әннің де ішіндегі жақсысын таңдап, сұрыптап барып, жұртшылыққа жария етуге жіберетін. Сонда ғана талғам да биіктейді, әйтпесе, не нәрсені болсын, жаман да болса, тықпалап бере берсе, адам соны қабылдауға, соған көндігуге мәжбүр болады, тіпті жақсымен қатар ұсынса, жақсыны алмай, жаманды алуы да ғажап емес. Себебі жақсыны ол ұмытып қалады, жақсы оған жат болып кетеді. Қазір эстрадада солай ғой, әуелде тосын естілсе де, ол барлық жерде орындала берсе, ести-ести халық оны жақсы көріп кетеді. Яғни «хит» жасауды көздеген адам, өз талғамын көпке тықпалау арқылы да сол мақсатына жетеді, бірақ ол ән уақыт өте мүлдем ел есінен шығып кетуі де ғажап емес, себебі ол өзі ұзақмерзімді дүние емес еді. Бүгінгі жас бала, ертеңгі ата-ана, ол да бала тәрбиелейді, «мейлі» деп солардың талғамына бей-жай қарай салсақ, онда ол жағдай ертең немерелеріміздің алдынан шығады, яғни, қазақылықтан мүлдем ажырап қаламыз ба деп қорқамын.
– Сөз соңында шығармашылық кешіңізге қайта оралсақ...
– Басында айтқандай, шығармашылық деген қасиетті сүрлеудің мені өзіне тартқанына да 25 жыл уақыт толыпты. Бұл адамның өзіне бір есеп беруіне болатын мерзімі деп білер ем. 30 мамыр күні Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткізгелі жатқан кешімнің мақсаты – сол. Оған бүгінде менің әндерімді орындап жүрген Айжан Нұрмағанбетова, Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали, Алма Аманжолова, Саят Бекежанов сынды әншілер, онымен қоса, сондағы Сүйінбай атындағы филармонияның әншілері де қатысады. Кештің екінші бір бөлігі менің өлеңдеріме берілсе, үшінші бір бөлігінде өзім де ән салып көрмекпін.