Дінге қалай секта кірсе, әнге де дәл солай «секта» кіріп кетті

Дінге қалай секта кірсе, әнге де дәл солай «секта» кіріп кетті

Кентау НАЗАРБЕК, әнші, сазгер:

Ұлы Абай топырағында туып, Абай секілді ән мен жырға іңкәр боп өскен жандардың бірі – Кентау Назарбек. Алашқа әйгілі азамат, көрнекті композитор Теміржан Базарбаевтың шәкірті Кентау Назарбектің әнқоржынында бүгінде 100-ден астам туынды жатыр. Автор олардың көбінің әні мен сөзін жазған, ал кейбірін тіпті өзі орындайды да. Сазгер – бүгінде Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде қоғамдық мамандар бөлімінің басшысы. Мамырдың 30-ы күні шығармашылықта жүргеніне 25 жыл толуына орай, әнші әрі сазгер азамат Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өзінің «Өнерім – менің өмірім» атты ән кешін өткізбек. Біз осы қарсаңда ол кісіні сұхбатқа тартып едік.

– Әнге біреу оқып келеді, біреу өмір­ден тоқып келеді екен, өмірбая­ны­ңызға көз салғанда, сіздің осы екінші топтан екеніңізді көзім шалды. Көр­кемсурет саласының маманы, суретші емес, әнші болып шыққаны қызық ек­ен?..
– Негізі, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылардың кіндік қаны тамып, табанының ізі қалған Шыңғыстау баурайында туып­өстім. Алайда сол Абай, Шәкәрім сынды ән шығарамын деп ойламаппын, шыны керек. Бірақ қолға домбыра, гитара алып, ән шырқауды бозбала күннен бастадық, біздің буын ол кезде әнге ғашық еді ғой. Ал өзімнің кеудемді алғаш ән тербеген тұсы біздің жалындаған шағымызда орын алған Желтоқсан оқиғасы қарсаңы болды. Бізде, яғни Семейде дәл Алматыдағыдай дүмпу болмаса да, тілге деген басымдық, шовинизмнің зардабы кәдімгідей арқа­мыз­ға батып жүрген, сондықтан шын се­зі­ніп, әлгі Желтоқсан жастарымен рухымыз тұтасып кетіп еді.
– Сол 86-да қандай ән жарып шы­ғып еді көкейіңізді?
 – «Анамның тілі» деген ән. Әрине, ол сонша жалпақ елге танылып кеткен жоқ, бірақ өз төңірегіміздегі жастардың арасында ауыздан ауызға тарап кетті. Қазір енді осы 25 жылдық қарсаңында шығар­ма­шылық кешіме енгізетін әндерді қайта сараптап жатырмын, сонда байқағаным, әндерімнің ішіндегі ең танымалы «Бір бәйтерек, бір шынар» әні екен. Саят Бекежанов деген әнші орындап жүр қазір.
– Сіз әйгілі сазгер Теміржан Базар­баев­тың шәкірті екенсіз, ол кісі шәкірті, яғни, мына сіздің репертуарыңыздағы әндерге «халық әндерінен гөрі, профес­сионалдық ария, романс, балладаларға жақын, өз-өзінен симфониялық оркес­трге сұранып тұрады» деп баға бер­ген екен. Ал мағынасы мен маз­мұны жа­ғы­нан әндеріңіз патриоттық па, әлде лирикалық па, қандай сипатқа көбірек келеді?
– Негізі, патриотизм деген тек Отанды сүюмен шектелмейді, біз бірақ солай түсі­неміз. Бәріне патриот көзбен қарау керек дер ем мен, мысалы, махаббат сезіміне де, яғни, сүйетін адамның өзіне де аялай қа­рап, қастерлеп дегендей. Әндерімнің қан­дай екенін ел бағалай жатар, дегенмен өзім жоғарыда айтқан «Бір бәйтерек, бір шынар» атты әнді ерекше атап отырған себе­бім: оны апайым Бақыт екеуміз ата-ана­мыз­дың отасқандарына 30 жыл толуына орай шы­ғар­ған едік. Сол ән қазір бүкіл той-тома­лақ­тың әніне айналған секілді. Тіпті бір жерде естіп қалып, «менің әнім» де­сем, ел «қа­лай сенікі, халық әні емес пе?» деп қарай­ды. Мен оған әрине ренжімеймін, қай­та халық­тық сипат алғанына қуан­амын.
– Барлығы неше әніңіз бар?
– Жүз шақты шығар, бірақ оның бәрі бірдей танымал емес. Тағы бір танымал әнім – «Ардағым», Алма Аманжолова ор­ын­дайды. Содан соң «Жастық шақ» деген тағы бір әнімді Еркін Шүкіман мен консерватория студенттері шырқап жүрсе, «Мен – қазақпын», «Дүниеге келді бір адам» деген әндерімді Ерлан Рысқали нақышына келтіре орындап жүр.
– Әндеріңіздің сөзін көбіне өзіңіз жазасыз ғой деймін?
– Иә, көбіне солай. Принципті түрде солай етем демеймін, біршама ақындарға сөз жазуды ұсынамын, бірақ дәл менің көкейімдегідей, әнге тура келмей қалып жатады. Сондықтан өз кеудемді күмбір­лет­кен әуенге өзімнің өзегімнен жыр тудыруға тура келеді соңында. Алайда ақындармен де бірлесіп шығарамын, мысалы солардың бірі – Үсен Өмірзақов деген ақын. Мұқа­ғалиға – жиырмаға жуық, Абай­ға бес ән жаздым.
– Бір сәт сіздің жеке шы­ғар­машылығыңыздан, жалпы ән, қазақ әнінің бүгінгі кей­пі деген тақырыпқа ойыс­сақ. Осы әлемнің бір бөл­ше­гін құраушы ретінде сіз­дің осы ән әлемі жайлы не түй­геніңіз бар? Неге сүйсініп, неге күйі­несіз?
– Ұстазым Теміржан Базарбаев марқұм, өзі сондай бір тумысынан таза жан еді, өн­ерде де өзінің сол тазалығын жоғалт­паған күйі кетті. Сол кісінің көзі тірісінде айтқан бір ұлы сөз бар: «Қазір ән мен қимыл бірі­гіп кетті» деген. Яғни ән атаулы тек се­кең­деген биге құрылғандай, жанға ләззат беретіні аз дегені ғой. Мен осы пікірге мынандай ой қосар едім, дінге қалай секта кірсе, әнге де дәл солай «секта» кіріп кетті. «Секта» деп отырға­ным, ол – мына еуропа­лық ағым, сосын шығыстық сарын, ла­тын аме­рика ырғағы. Қазақ эстрада­сындағы бү­гінгі әндерді сырт құ­лақ боп тыңда­саң, қа­зақ­тан алшақтап кеткенін бай­қайсыз, қазақы бір дәнегін таба алмай қиналасыз көбінен. Шыны керек, музыкадағы бұл құбы­лысқа тек бірың­ғай әншілер кінәлі деуден аулақпын, сая­сатқа жасалғандай, бұл да мәдениетке жа­салған экспансия, яғни өз ұлттық ерекшелігіміз өзімізге жат боп көрінуі үшін сырттан түрлі әдіс-тәсіл­дер, осы ән, би, жалпы музыка арқылы біз­ге тықпаланып жатыр. Біз бүгін ондай ахуалды түзеу үшін, әншімен болмаса соны бізге сырттан тықпалап жатқан­дармен алысып абырой таппаймыз, ең тиімді жолы тыңдар­ман талғамын түзеу ғана. Өз клас­сикамыз­дың құ­нын дә­ріптеп, халық әндерін, Абай, Шәм­ші т.б кәсіби мықты, елді еш жалық­тыр­майтын әндерді көбірек насихаттау керек.
– Яғни әндерді електен өткізіп, жарайтынын жариялап, қалғанын жарамсыз қылып шығарса дейсіз ғой? Расында, бүгінде «әй дейтін – ажа, қой дейтін қожа жоқ» секілді ән саласында... «Басты құндылық – ақша, ол бар бол­са, кез келген есіктен өтесің де ке­тесің» деген өнердің алтын басын жерге ұратын көзқарасқа қайтсек тойтарыс бере аламыз? Қайткенде біз қазақ үнін, қазақ әнін сақтап қала аламыз?
– Мысалы, бұрын телеарна, радио саласында, сондай-ақ концерттерді ұйым­дас­тыратын мекемелерде көркемдік кеңес деген болатын. Олар әннің де ішіндегі жақ­сысын таңдап, сұрыптап барып, жұрт­шы­лыққа жария етуге жіберетін. Сонда ғана талғам да биіктейді, әйтпесе, не нәрсені бол­сын, жаман да болса, тықпалап бере берсе, адам соны қабылдауға, соған көн­дігуге мәжбүр болады, тіпті жақсымен қа­тар ұсынса, жақсыны алмай, жаманды алуы да ғажап емес. Себебі жақсыны ол ұмытып қалады, жақсы оған жат болып кетеді. Қа­зір эстрадада солай ғой, әуелде тосын ес­тілсе де, ол барлық жерде орындала берсе, ести-ести халық оны жақсы көріп кетеді. Яғни «хит» жасауды көздеген адам, өз талғамын көпке тықпалау арқылы да сол мақсатына жетеді, бірақ ол ән уақыт өте мүлдем ел есінен шығып кетуі де ғажап емес, себебі ол өзі ұзақмерзімді дүние ем­ес еді. Бүгінгі жас бала, ертеңгі ата-ана, ол да бала тәрбиелейді, «мейлі» деп со­лар­дың талғамына бей-жай қарай салсақ, он­да ол жағдай ертең немерелеріміздің ал­дынан шығады, яғни, қазақылықтан мүл­дем ажырап қаламыз ба деп қор­қамын.
– Сөз соңында шығармашылық кешіңізге қайта оралсақ...
– Басында айтқандай, шығармашылық деген қасиетті сүрлеудің мені өзіне тарт­қанына да 25 жыл уақыт толыпты. Бұл адам­ның өзіне бір есеп беруіне болатын мер­зімі деп білер ем. 30 мамыр күні Тал­дықорған қаласында І.Жансүгіров атын­дағы Мәдениет сарайында өткізгелі жатқан кешімнің мақсаты – сол. Оған бүгінде ме­нің әндерімді орындап жүрген Айжан Нұр­ма­ған­бетова, Еркін Шүкіманов, Ерлан Рыс­қали, Алма Аманжолова, Саят Бекежанов сынды әншілер, онымен қоса, сондағы Сү­йін­бай атындағы филармонияның ән­ші­лері де қатысады. Кештің екінші бір бөлігі менің өлеңдеріме берілсе, үшінші бір бөлігінде өзім де ән салып көрмекпін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста