Маралтай ақынның «...дегендері»
Қазақтың талантты ақыны, аты Алты Алашқа мәшһүр Маралтай Райымбекұлы қолтаңбасы ерекше қуатты қалам иесі. Ұлт әдебиетінің поэзия атты әлеміне өткен ғасырдың аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдарының басында келген адуынды жаңа толқынның көш басында тұрған ақынның шығармашылығымен қатар ел аузында айтылып жүрген тапқыр сөздері мен тосын ойлары баршылық.
«Менің орным кабинетте емес, әдебиетте!»
Бірер жылдар Маралтай ақын «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп, ондағы «Жас қалам» қосымшасының шығарушы-редакторы қызметін атқарды. Алып-ұшып жүретін ақынның редакцияда отыратын белгілі бір нақты орны болмаған. Ол өзі шығаратын қосымшаға қатысты жазу-сызуын, қажетті материалдарын кез-келген бөлімдегі, кез-келген үстелде отырып-ақ дайындай беретін. Бір күні Маралтай редакциядағы журналистер отыратын бөлмеге кіріп келсе, төрдегі жұмыс үстелінің жанындағы жұмсақ орындықта жасы егделеу бір қаламгер ағамыз жайғасып алып, қасындағы жас тілшілерге әңгіме тиегін ағытып отыр екен. Бөлмеге екпіндете кіріп келген Маралтайды көре сала аз-кем абдырап қалған әлгі ағамыз, ыңғайсызданып:
-Амансың ба, Маралтай бауырым, кешір, мен сенің кабинетіңе келіп, орныңа отырып алған жоқпын ба? – дейді ақталғандай» болып.
Сонда Маралтай саспастан:
-«Аға, алаңсыз отыра беріңіз, менің орным кабинетте емес, әдебиетте!» - деп ұтымды жауап берген екен.
«Мен – өлең шығаратын зауыт емеспін!»
Жырларына жұрт сүйсініп, үнемі оқырман назарында жүретін Маралтайға бірде бір басылымның тілшісі:
-Аға, газет-журналдарды айтпағанда тіпті кейінгі шыққан кітаптарыңыздан жаңа өлеңдеріңізді кездестіре алмадық. Көпшілік қауым «Маралтай кейінгі кезде өлең жазбай кеттті» деген пікір де айтып жүр. Бұған не дейсіз? – деген сыңайда сұрақ қояды.
Бұған Маралтай;
-Мен – өлең шығаратын зауыт емеспін!- деп қысқа да нұсқа жауап қайырған екен.
«З.З.А.»
Тоқсаныншы жылдардың басындағы алмағайып кезеңдерде тағдыр айдап Тараздан Алматыға келіп, басын тау мен тасқа ұрып, ақындық жүректегі шерін жырмен шайып жүрген Маралтай шалқайып жайғасатын тұрақты тұрағы болмағандықтан ара-тұра қаламдас бауырларының жатақтары мен ақын ағаларының үйіне кезек-кезек барып жүреді екен. Бірде қаламдас досы тұратын үйге барса, есікте дәу қара құлпы тұр. Ары күтіп, бері күтіп зеріккен Маралтай бір жапырақ қағазға «Мен келіп кеттім. З.З.А. Маралтай.» деп жазып, есіктің жақтауына қыстырып кетеді. Арада біраз күн өткенде, әлгінде үйінде болмай шыққан қаламгер Маралтайды кездестіріп қалады:
-Ой, Мәке, өткенде біз үйде жоқта келіп кетіпсің. «Запискіңді» алып оқыдым, бірақ анау «З.З.А» дегеніңді түк түсінбей-ақ қойдым, - дейді.
Бұған Марлтай:
-Түсінбейтін несі бар, оны күллі Алты Алаш біледі. Ол – «Заманның Заңғар Ақыны – Маралтай» деген сөз ғой! - деген екен.
«Заман қатты қиын болған екен ғой, ә?!.»
Белгілі ақын, қырымды журналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жанарбек Әжімжанның бір басылымда Маралтайдың таланты мен тағдырлы жолы туралы жазған мақаласында мынадай көрініс бар:
«Маралтай ес жиған кезде қоғам да түзеле бастаған. Ептеп езуге күлкі үйіретін мына бір жайтты айта кетейік. Ел Тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңдерде он жылдан аса «аттан түспеген» Маралтай кезекті әңгіме-дүкен үстінде: «Өз тағдырымның қақпақылында жүріп ештеңе сезбей қалыппын… Ой Алла-ай, заман қатты қиын болған екен ғой, ә?!», дегені…
Өмірдерек: Ыбыраев Маралтай Райымбекұлы 1969 жылы 1 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында туған. Тұңғыш жыр жинағы 1996 жылы «Жазушы» баспасынан «Ай-Нұр» деген атпен жарық көрген. Бұдан соң оқырманға «Ай» атты жинақ ұсынды. «Қарлығаш», «Қос ішек», «Толқыннан толқын туады», «2000 жылдық Дала жыры», «Жас ақындар антологиясы» сияқты ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген.
Әр жылдары Қазақстан Жазушылар одағында Әдебиетшілер үйінің директоры, «Кентавр» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» теле-радио корпорациясында редактор-жүргізуші болып қызмет атқарды. ҚР Президенті стипендиясының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. 2008 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Кентавр» өлеңдер жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары қызметінде.
Ашу қысса
Менің басым қайда кеткен?...
Дарқан мінез
Аптаның әр сейсенбiсiнде өтiп тұратын
Зекеңнің ашуы
Қайталанған қате
Май мен су
Рақымжанның ренжіші
Шетен қалпақ
Тапқыр жауап
Жаман Хама
Өкше басар іні
… депті жинағының сілтемесіне басыңыз