«Дарабоз» биыл да үздіктерді анықтайды
Қазақ балалар әдебиетінің дамуына айрықша үлкен серпін беріп келе жатқан дәстүрлі Халықаралық «Дарабоз» бәйгесі – ZHERSU корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы.
Жоба авторлары жуырда биыл сегізінші рет өткізілгелі отырған шығармашылық байқаудың шарттарын жария етті. Бәйгеге балабақша тәрбиеленушілері мен 1-8 сынып оқушыларына арналған прозалық, поэзиялық және сахналық шығармалар қабылданады. Повестер 20-25 беттен, әңгімелер, ертегілер 10 беттен, топтама өлеңдер, балладалар, ертегі өлеңдер, шағын поэмалар, сахналық қойылымдар 5-10 беттен аспауы шарт. Шығармалар компьютерлік стандартқа сай, кириллицамен, 14 кегельмен (аралық 1,5) теріліп, үш дана етіп басылып, беттелуі қатаң талап етіледі. Бәйге жабық бәйге түрінде өтетіндіктен, автордың бүркеншік атының анықтамасы, аты-жөні, мекенжайы, байланыс телефоны жазылған парақ кіші конвертке салынып, желімделіп, сыртына тек бүркеншік аты ғана жазылады. Кіші конверт салынған үлкен конвертке үш дана шығарма салып, желімдеп, сыртына мекенжайы, бүркеншік аты немесе басқа бір лақап есім жазылуы керек. Байқау шартына сай емес, бұрын жарық көрген, мерзімінен кешігіп келген шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Бәйгеге түскен шығармалар мына мекенжай бойынша қабылданады:
050008. Алматы қаласы, «Дарабоз» бәйгесіне. №010057505 куәлік иесіне.
Шығармалар 2013 жылдың 10 сәуіріне дейін қабылданып, бәйге қорытындысы Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында жарияланады.
Шәкен Күмісбайұлы, байқаудың ұйымдастырушысы, балалар жазушысы:
– «Дарабоз» байқауы 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны ZHERSU корпорациясының тікелей демеушілігімен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып келе жатыр. «Дарабоз» жабық әдеби байқауының басты мақсаты – жас өскіннің назарын өз кітабына аудару. Балалар жазушыларына қолдау көрсету арқылы жас ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды, білімді өскелең ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Бұл игі жоба осымен сегізінші рет өткізілгелі отыр. Биыл да өткізіліп, жеңімпаздар Балалар күні қарсаңында анықталды. Жүзден тұлпар, мыңнан жүйрік шыққан шығармалардың жеңімпаздары БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Ал оқырмандар байқауда үздік шыққан шығармалар жиынтығын «Кәусар бұлақ» сериясымен жарық көретін кітаптан оқи алады. Кітаптар шыққан соң қалыптасқан дәстүр бойынша республикамыздағы барлық кітапханаларға, мектептерге тегін үлестірілетін болады. Бәйгенің басқа бәйгелерге қарағанда ерекшелігі – ол жабық түрде өтеді, яғни қазылар алқасы шығармаларды кім жазғанын білмейді, онда тек бүркеншік есімі жазылады. Шығарманың жақсы жазылғанына қарай баға беріледі.
Шығармашылық бәйге қоры:
Есенқұлқажы Маманов атындағы бас бәйге – 1 000 000 (1 миллион) теңге
Бірінші бәйге (екеу) – 375 мың теңгеден
Екінші бәйге (екеу) – 170 мың теңгеден
Үшінші бәйге (үшеу) – 110 мың теңгеден
Ынталандыру бәйгесі (төртеу) – 77 мың теңгеден.
Бәйге әділқазыларының шешімі тексерілуге жатпайды. Байқау қорытындысы бойынша жүлде алған туындылар арнайы жинаққа топтастырылып, балабақша, мектеп кітапханаларына тегін таратылады. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді.