Данагүл Темірсұлтанова: Өз қолымен ашқан түркістан театрына атамның аты берілсе, әділдік болар еді

– Данагүл, сізбен қайынатаңыз, белгілі режиссер Райымбек Сейтіметов туралы сөз қозғасақ, қалай қарайсыз? Себебі, артында іздеушісі, сұраушысы болмаса, қанша талантты, даңқты болса да, аталмай бара жатқан мықтыларымыз көп. Айналып келгенде, таланттардың көзі кеткеннен кейінгі тағдыры соңында қалған жақындарының жабыла жасайтын жарнамасына тәуелді болып қалып отыр. Ол кісінің адамгершілік, кәсіби қыры туралы әңгімелесеңіз. Сейтіметовтей адамның үйіне келін болып түсудің де өз қиындығы мен қызығы бар болар…

– Әрине, бар, онсыз бола ма? Біз Азат екеуміз бір-бірімізді студент кезімізден таныдық, білдік. Мен оқуға түскен жылы ол 1 курсты бітіріп, әскерге алынды. Ол кезде Райымбек Сейтіметовтің баласы екенін білмеймін. Азат мен үшін көп қазақтың бірі ғана. Сыртынан алғаш көргенімде «Мәә, мынау қандай ап-арық, ұзын бала» деп, таңырқап қана қойғанмын. Біз 4-курсқа өткенде, ол 3-курсқа келді. Театрға да мен 1987 жылы, ол 1988 жылы келді. Ал,1992 жылы шаңырақ көтердік.

Азаттың әкесі екенін бірден білмесем де, сәл кейінірек елден естіп білсем де, қазақтың үлкен режиссері әрі актері екенін бұрыннан білетінмін. Біздің студент кезімізде болашақ атам ТЮЗ-дің көркемдік жетекшісі болатын. 3-курстан бастап М.Әуезов театрының сахнасында ойнай бастағам. «Қарагөз» спектаклі біздің курстың дипломдық жұмысы болып, ол еліміздің бас театрының сахнасында керемет табыспен қойылып, біз директордың бұйрығымен театрға жұмысқа қабылдандық. Сол кездерде Азаттың әкесі «Қарагөзді» келіп, көріп жүрді. Өзі де жастарды бақылап, театрына тарту мақсатында қадағалап, қарап жүрген болуы керек деп ойлаймын. Сондай бір шақта, ұстазымыз Шолпан Жандарбековамен сөйлесіп тұрған кезінде сыртынан бірінші рет көрдім. Ол жылдарда ТЮЗ-дың атағы дүркіреп, нағыз бабына келіп, шарықтап тұрған шағы болатын. Оны мен айтпасам да, елдің бәрі мойындайтын болар деп ойлаймын. «Қызыл жебе», «Сталинге хат», «Абай» сияқты мықты-мықты спектакльдері бірінен соң бірі сахнаға жол тартып жатты. Біз соның бәріне барып, тамашалап жүретінбіз. Бірде қызық болды. Азат екеуміздің махаббатымыздың алаулап тұрған шағы. Қыз бен жігіт болып қол ұстасып, жүре бастағанбыз. Екеуміз «Қош, махаббатта» бірге ойнаймыз. Азат Асанды ойнайды, мен –Айша роліндемін. Сахнада – премьера. Спектакльде Азаттың бір қап картоп арқалап келе жатқандай, мені иығына асып алып келе жататын көрініс бар. Арасында мені алақанымен жамбастан шартылдатып ұрып-ұрып қояды. Сөйтіп келе жатқан Азат иығындағы мені түсіріп жатты да: «бірінші қатарда мамам мен папам отыр» деп құлағыма сыбырлап, дүрс еткізіп жерге қоя салды. Қаққан қазықтай тұрдым да қалдым. Аяғым жерге жабысып қалған сияқты, не алға жүрмейді, не артқа жүрмейді. Денемнен жан кетіп қалған. Сілейген күйі сахнада тұрмын. Тостағандай көздерім аясынан төңкеріліп өз орбитасынан әлдеқайда ауып кеткен сияқты. Азатқа қараймын, күліп тұр. Маған қалай да жол табу керек. Гүлжан Әспетова апамыздың маған қарата айтатын «әй, шырағым» деген сөздері ес жиғызғандай болды. Ес жиған соң жанталасып, быт-быт деп бірдеңелерді айтып жатырмын. Не айтып тұрғанымды көрермен түгілі өзім де түсінбеймін. Содан ол сахнаны ойнап болып, қапталдағы бөлмеге кетіп өз-өзіме келіп, жинала бастадым. Сахнаға қайта шығу керек, «ол жаққа қарамаймын» деп бекініп алғам. Қайдан, қас қылғандай қанша жерден қарамайын десем де, бірінші қатарда қасқайып отырған Азаттың ата-анасына көзім түсе береді. Көзім түскен сайын қысылып, қара терге түсемін. Спектакль де созылып кеткен сияқты. Ұзақ. Бір кезде бітті-ау. Шыға салып, Азатты қуырып жатырмын. «Кім осылай жасайды, айтшы?» «Сен папамды танисың ғой». «Танығаныммен, мамаңды танымаймын ғой». Сондай қызық жағдай болған. Бір қызарып, бір бозарып, тап сол сахнада келін болып түсетіндей мазам әбден қашып еді.

Кейін үйіне таныстыруға алып барған кезінде әкесі: «Айналайын, хош келдің! Бәрі де оңынан болсын! Төрлет!» деп ақ тілекпен қарсы алды. Ол кісі мені баяғыдан білетін сияқты, менімен бұрыннан шай ішіп шүйіркелесіп жүрген байырғы бір танысы сияқты жатырқамай жақсы пейілімен, керемет көңіл хошымен қарсы алды. Тап бір ұстаз бен шәкірт сияқты болдық. Ал, мамамыздың мамандығы – дәрігер. Ол кісі көп сөйлемейтін ұстамды мінездің иесі. Жер қозғалса, қозғалмайтын байсалды адам. Сол алғашқы таныстықта отырып Сейтіметовтер отбасының кейбір дәстүрін де байқап үлгердім. Асты қалай ішеді, нені немен қосып жейді, асты дастарханға қалай әкеледі, қонаққа қалай тарту етеді – осының бәрінде басқаға ұқсамайтын бір өзгешелік барын аңдадым. Маған әсері күшті болды. Сол күні өзгеше көңіл күймен, бұрын сезінбеген алабөтен сезімге бөленіп қайтқаным есімде.
– Ата-енеңізбен бірге тұрдыңыздар ма?

– Ия, алғашқы екі жыл бірге тұрдық. Осы аз уақыттың ішінде бұл отбасы қалай сөйлейді, қалай жүріп-тұрады, нені ұнатады, нені ұнатпайды, нені қастер тұтады, не нәрсені қабылдай алмайды – осының бәрін өзімше ұғып, зердеме тоқығандай болдым. Жаз болса атам мен енем Ыстықкөлге, Ташкентке, Кавказ елдеріне, тағы басқа жаққа шипажайларға демалуға кетеді. Сол кезде атамның бүкіл жейделерін, шалбарларын, шұлықтарына дейін жуып, үтіктеп, бөлек-бөлек сөрелеріне салып, шкафына іліп қоямын. Маған мұны біреу ешқашан да «істе» деп айтып көрген емес. Жалпы, мен «Тамашадағы» «Келіндер уставы» деген интермедиядағы үркек келін ролімен танылдым. Құдай тағала менің бақытыма қарай тап сондай қытымыр енені тап келтірмеді. Өмір бойы отбасын айрандай ұйытып, еріне шын ықыласымен, қалтқысыз қызмет еткен кең мінезді адамдарға келін болу бақытын бұйыртты. Мың да бір шүкір. Осы уақытқа дейін мамам маған шеке-басы тырысып, бұйрық беріп, «ананы өйт, мынаны сөйт», «ананы бүлдірдің, мынаны күйдірдің» деп айтып көрмепті. Тіпті солай болып қалған күннің өзінде енем: «Ештеңе жоқ, Даночка, өзіміз жасай береміз, отыршы, отыршы»,–дейді. 25 жыл болды, әлі күнге – осы. Меніңше, адам өзі қандай болса, өзінің сана-сезімі қандай қасиеттерді құндылық деп таныса, басқаға да сондай қарым-қатынас ұстанады. Енем, міне, жетпістің бесеуіне шықты, өсек дегеннің не екенін, оның қалай айтылатынын атымен білмейді. Ер адам сияқты. Көп сөзі жоқ. Мәдениетті. Білімді. Өте көп оқиды, медицина саласы бойынша аудармалар жасайды, дәрістер оқиды. Орысшадан – қазақшаға, қазақшадан – орысшаға еркін тәржімелей береді. Медицина иниституында ұстаздық етеді, түстен кейін науқас қабылдайды. Білесіз бе, менің енем басқа енелерге ұқсамайды. Шын айтам, ол – басқа. Өзгеше әдемі, әлі күнге әдемі, сынын да, сырын да жоғалтпаған. Қолындағы барын аямайды, біреуге көмектескісі келіп тұрады. Әрине, ене мен келін арасында болып жататын келеңсіз жағдай, ауырлау қарым-қатынас біздің де арамызда болды. Себебі, ол үйге мен де жас болып түскем жоқ. Келін боп түскенде 26 жаста болатынмын. Көзқарасым қалыптасқан, пікірім орныққан, керек десеңіз, қазаққа кең танылған кезім. Бүгінгі тілмен айтқанда, «жұлдызбын». Өзім білемін, өзім шешім қабылдаймын, өзім жайғастырамын бәрін. Ешкімге тәуелді емеспін. Қалтам толы ақша. Мұндай адамның оңайлықпен біреуге бас ұра кетуі екіталай емес пе? Бірақ бір ақиқат бар – егер әйел күйеуін шын сүйсе, қатты сүйсе, ол ешқашан оның әке-шешесіне қарсы тұрмайды. Ал, күйеуін сыйламаса, адам санатында ұстамаса, оның ата-анасын да сыйламайды. Ең бастысы, әйелі мен күйеуінің арасында, келін мен ененің арасында бет ашылмауы керек. Беті ашылып алған соң, бітті шаруа, «кешір» дегенге кешіре салу, көне салу, түк болмағандай жүру дегеннің бәрі өтірік. Ал, сен келінсің бе, кішісің бе – төзімді бол. Жастықтың білместігімен менің көңіліме қонбаған, енемнің көңіліне сыймаған бірнәрселер болған шығар, бірақ оның бәрі екі жақтың дұрыс таразылай білгенімен, дер кезінде тігісі жатқызылды. «Сен неге сөйтесің?» деп ешкім де екі бүйірін таянып шаптығып беттен алған жоқ. Сәл ғана сабыр көрсетіп едік, бәрі де уақытымен шешімін тауып, өз орнына келді. Мен еш мәймөңкесіз, еш жасандылықсыз ол кісіні шын жүрегіммен «мама» деп айта аламын. Осыған қуанамын. Өз анам қайтыс болғанда, «сіз аман болыңызшы» деп, енемді құшақтап жылағам. Бір кездері бізге де үлкендер«мына жастар…» деді ғой жаратпай. Бұл – уақыт заңы, бұл – уақыт сөзі. Бізден бәленбай мың жыл бұрын айтылған, енді мың жылдан кейін де айтыла береді. Сол секілді жазғырылып жататын жастарға кінә артудың қажеті де жоқ шығар. Бірақ аға буын мен кіші буынның арасында түсінбестік болғанымен, ешқашан үйдегі тәрбие осал болмауы керек. Сол тәрбие барлық қиындықтан құтқарып, алып шығады.

– Ал сіздердің үш балаңыз аталары туралы біле ме? Олар да атасы мен әкесінің жолын қуғысы келе ме?

– Біздің қыздарымыздың атын Айша, Айым деп атамыз қойған. Ұлымыздың атын Қайсар деп Азаттың өзі қойды, бірақ жасқа толғанда тұсауын атамның өзі кесті. Атам қайтыс болғанда, ол үш жаста еді. Бірақ там-тұмдап болса да, есінде қалыпты. Қазір сұрасаңыз, «Атам Халық артисі, актер, ұстаз, ұлы режиссер»,– дейді. Атам Қайсардың Сейтіметов болуына қарсы болды, сөйтті де өз атын фамилия етіп беріп кетті. Алайда мұның азабын енді мен көріп жүрмін. Баламның фамилиясын не мұғаліміне, не дәрігерге, не басқа бір керекті жеріне айта алмай, «Ташкентский» дейтінім бар. Алматыда бұрын Ташкентская аталған көше қазір атам аттас батыр Райымбектің атымен аталатындықтан, «өзі түсініп алар» деген оймен айтамын. Дәрігердің қабылдауына барып отырып, «как фамилия ребенка?» десе, үндемей, карточкасындағы фамилияны сұқ саусағыммен нұқып көрсетемін. Атамның атын дауыстап айтсам, бір сұмдық, әлдеқандай пәле-жала болып қалатын сияқты қатты қорқамын. Кейде такси ұстап «Ташкентский» десем, таксист «ондай көше жоқ, Райымбек деп аталады», деп ділмарситыны бар. «Ой, жаным-ау жоқ екенін сенен артық білемін, жүре берші»,–деймін әбден шаршап. Маған бір ұнайтын нәрсе, театрдағы артистерге әдемі әзіл айтудың шебері Есмұхан ағамыз мені көріп қалса: «Әй, Сейтіметова» деп шақыратыны бар. Ол кісі кейде қалжыңдап болса да: «Біздің Данагүл сегіз жастан сексен жастағы кейіпкерге дейін ойнай береді» дейді. Ағамыздың мұндай лебізіне рахмет. Өз басым қалжыңдап айтса да, астарында шындығы бар деп ойлаймын.

– Райымбек аға кейінгі жылдарда Түркістанға кетіп қалды ғой, сол кезде байланыстарыңыз қалай болды?

– Ия, ол кісі 1990 жылдардағы дағдарысқа қарамастан, Алматыдағы жайлы қонысын тастап, туған жері Түркістанға кетті. Не материалдық базасы, не мамандары жоқ тақыр жерден барып театр ашты. Театрдың ашылуына Президенттің өзі келді. Қолдау көрсетті. Мұндай ауқымды шаруаны ауызбен ғана айтып, лепіріп, көпіріп, мақтануға болатын шығар, бірақ жасауға келгенде екінің бірінің қолынан келмес еді. Бұл –үлкен ерлік. Атам тірі болғанда бүгінде 76 жасқа келер еді. Артында қалған ұрпағы, біздер, өз қолымен ашқан театрына атамыздың аты берілсе, Түркістан қаласынан бір көшенің аты бұйырса, нағыз әділдік сонда болар еді деп ойлаймыз. Құжаттары дайындалып, тиісті орындарға жіберілді де. Бірақ әзірге хабар жоқ. Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда Қалқаман ықшамауданынан үлкен көшенің атын беріп кетті. Алғысымыз шексіз. Әрине, атамыз Түркістанға кеткен соң, араластығымыз сирей бастағанымен, Азат екеуміз Түркістанға іздеп барып тұратынбыз. Атам маған палау жасатып, сол жақтағы бүкіл туыстарды қонақ етіп, арқа-жарқа қуанып қалатын. «Палауың керемет екен» деп мені мақтап қоюды да ұмытпайтын. Бұл да енемнің арқасы. Әйтпесе, кешіріп қойыңыз, біздің, Орал жақтың жақтың лексиконында «палау» деген сөз де жоқ, Оралда палау дегеніңіз – езіліп кеткен ақ күріш пен ет болатын. Шашылып түсетін шашпа палауды алғаш осы Азаттың үйінен жегенмін. Менің палауымды алғаш көргенде, Азат: «мына ботқаңды маған жегізгелі отырсың ба?» деп шошып кеткен еді. Біздің балаларымыз әжесінің асқан етіндей етті, мәнтісіндей мәнтіні еш жерден жемегендерін айтады. «Біз Накешканың мантысын жақсы көреміз»,– дейді. Олар әжесін «Наке» дейді. Енемнің аты – Нинель. Мінез ғой, ол кісі немерелеріне «Неге мені әже деп айтпайсыңдар?» демейді. Елдің бәрі:«Нәке, Нәке» деп, ілтипат көрсеткендеріне қарап, біздің балаларымыз да әжелерін солай атап кеткен. Оған әжелері мәз болады. Осындай берекелі, мерекелі шаңырақтың отын жағып, ұлтына өлшеусіз қызмет еткен, соңғы демі таусылғанша театр деп, өнер деп өткен атамның ізін жалғайтын ұрпағын өсіріп отырғанымды мақтаныш санаймын.

Сұхбаттасқан – Айгүл Аханбайқызы

skifnews.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста