Бұл ежелгі Руна жазуы
ХХ ғасырдың басында кеңестік билік тiл құрылысы деп аталатын саясат жүргiздi. Ондағы мақсаты – одақ құрамына енген ұлттар мен ұлыстардың тiлiнің өмiрдiң сан-саласында емiн-еркiн жұмсалуына конституциялық ерiк беріп, iс жүзiнде қоғамдық-әлеуметтiк қолданыс аясын шектеп, мемлекеттiк тiл – орыс тiлiнiң көлеңкесiнде қалдыру. Ұлттық тiлдердi кешендi ғылыми зерттеу бағдарламасын коммунистiк идеологтар өз мүддесi тұрғысынан тыңғылықты ойластырды. “Ұлттық тiлдердiң мәдениетiн көтерудi жеделдетемiз” дегендi желеу етiп, шет аймақтағы республикаларға орталықтан жолдамамен жiберiлген еуропалық нәсiлдi бiлiктi ғалымдарға тапсырысты орындау жүктелдi.
Мәселен, өзбек тiлiн Е. Поливанов, А. Боровков, В. Решетов, қырғыз тiлiн К. Юдахин, И. Батманов, қарақалпақ тiлiн С. Малов, Н. Баскаков сынды оқымыстылар саралап, табиғи акустикалық-артикуляциялық заңдылығын еуропалық методологиялық модельге бағындырып, бiр iзге түсiрiлген дербес әлiпбиiн түзiп, сол бойынша ғылыми грамматикасын жазды. Екi тiлдi сөздiктерiн құрастырды. Түркi жұртының ғасырлар бойы тұтынып келген бұрынғы араб графикасының орнына латын қарпiмен жазу үлгiсiн күштеп таңуы – тарихи жадын өшiрумен қатар этникалық-туыстық тұтасуына қарсы ойластырылған мықты тосқауыл болды. Өйткенi, кеңестiк идеологтар араб әлiпбиi исламизмге, түркi тiлдерiнiң сингармонизм заңы пантүркизмге спецификалық тән құбылыс деп шошынды. Кейiнгi ұрпақ ана тiлiн “әлiппеден” бастап әлгi жат жұрттық ғалымдардың еңбектерi арқылы бойына сiңiрiп, жазба тiлiн игердi. Бiздiң бағымызға осы аумалы-төкпелi дәуiрде Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы сияқты халқымыздың маңдайалды перзенттерiнiң ана тiлiн ғылыми жүйеге түсiруге, саф таза ерекшелiгiнің сақталуына қосқан үлесi ұшан-теңiз. Орталықтың қақпайлағанына көнбей басын бәйгеге тiккен алаш ардақтыларының кейiнгi тағдыры өктем саясаттың құрбандығына шалынып, шейiт болды. Сөйтiп, қазақ тiлiнiң табиғатына жасалған ғылыми сынақтардың зардабы жұқпалы аурудай санаға тамыр жайғаны сонша, одан таяу арада құлан-таза арылу екiталай халге жетті. Егер бұл бетiмiзбен iлгерi кете бергенде мұның арты орны толмастай үлкен қасiретке апарып тынарын ойлаудың өзi жан түршiктiредi.
Құдайға шүкiр, тәуелсiздiк сонысымен қымбат, сонысымен қасиеттi! Алайда, үш ғасырға жуық өзгеге кiрiптар болған елдiң санасының әп-сәтте сауығып кете қоюы оңай емес. Соның бiр айғағы – мерзiмдi баспасөз бетiнде қазақ жазуын латын графикасына көшiруге орай қоғамдық пiкiрдi қалыптастыруға жанталасқан күрес үрдiсi. Оны ту қылып ұстанушылардың қадау-қадау басты уәжi – отаршылдық идеологияның егiп, сепкен дертiнен шұғыл айығып, орыс тiлiнiң тигiзер ықпалынан қорғанып, әсерiнен құтылу, екiншiден, түркi тiлдес ұлттармен рухани тұтасу арқылы күш бiрiктiрiп, әлемдiк саясатта ұпайын жiбермеу. Бұл позиция елдi елiктiрiп әкететiн ағым болғанымен астарында бұққан гәп бар.
Түркi халықтарын бiр-бiрiнен ыдыратып, тарыдай шашып жiберуде жазу үлгiсiнiң үлкен рөлi болғанын тарихи бастан кешiрдiк. Ендi одан сабақ алатындай шекемiзге тиген жоқ па?! Бұған оқымыстыларымыз әзiрге дәрменсiздiк танытып, ғылыми шикiлiгiн аңғартты. Егер бiз латын графикасын таңдап, оған қайтадан көшер болсақ, бұйдаланған тайлақтай бәзбiреудiң мүддесi тұрғысынан дегенiне ерiп, ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстауына көнетiн нағыз ғаламдастырудың қақпанына өз еркiмiзбен барып түсетiнiмiз зиялыларымыздың әзiрге қаперiне кiрмей отыр.
Демек, графикалық тiл – ұлтымыздың тәуелсiздiгiн қорғаудың стратегиялық басты критериi. Бұған жеңiл-желпi қарап, атүстi шешiм жасауға әсте болмайды. Бұл күрмеуi қиын, өте нәзiк мәселе. Әсiресе, ақпарат кеңiстiгiндегi бiздiң үнiмiздiң әлсiздiгiн ескерсек, онсыз да басқа тiлдiк жүйедегi насихат пен уағыздың тәрбие iсiне ықпалы пәрмендi қазiргi жағдайда барлық салада қазақтың төлтумалық қасиетiн топан судай бiрден жуып-шайып жiбередi. Сосын, “тоқал ешкi мұйiз сұраймын деп, құлағынан айрылыпты” дегеннiң керi келедi.
Зады, ауыздағы қызыл тiлдi суырып алып, орнына басқасын орнату қандай әбестiк болса, алфавит мәселесiн қозғай беру де сондай солақайлық. Ағылшындар мен орыстарда, арабтар мен жапондарда жазу таңбасының кескiнiн ауыстыру туралы ешқашан мәселе көтерiлген емес, демек, қазақтардың да бұған ендi қайтып оралып соқпайтындай мәңгiлiк таңдау жасауы шарт. Ендеше, от пен судың арасынан шығатын жол қайсы?
Асылы, бізде мыңдаған жыл тұтынған төлтума ежелгi руникалық хат мәдениетi мен таңбатану iлiмi бола тұра, сан мәрте әлiпбиiмiздi ауыстыруға сыртқы саяси күш мәжбүр еттi. Әлбетте, бұл жағдайлар халықтың қалыптасқан тарихи дүниетанымы мен қадым заманнан қордаланған бай тәжiрибесiнен қол үзiп, кенжелеп қалуына себепшi болды. Бұлайша тарихи естен тандырып, зерденi жексұрындықпен жойып жiберу – халықтың рухани өсiп, кемелденуiне жасалған сұрқия опасыздық едi. Жалпы, өз еркiмен жаңа алфавитке көшу мәселесi туа бiткен әлiпбиi жоқтарға ғана тән құбылыс.
Ұлттық тiлге, сол арқылы ойлау жүйесiне ықпал жасап тұратын құрал – жазу. Туыстас түрік тiлдерін бiрiктiретiн функцияны да сол жазу атқарады. Бұл ретте ежелгi түрік жазу өрнегi – қандас түрік ұлты мен ұлыстарының бәрiне бiрдей эталон. Сөздiң конструкциялық құрылысы, сөзжасам пiшiндерi, сөз тудыру принциптерi, үндестiк заңына негiзделген емлелiк-ереже қағидалары, өзгеге ұқсамайтын графикалық дизайны байырғы түріктердiң тарихи жыл санауға дейiнгi дәуiрлеген биiк өркениетiн айғақтайды. VIII ғасырдағы арабтың жойқын шапқыншылығынан ерiксiз тiрiдей ажырап қалған ата-баба жазуын өз билiгiмiз өзiмiзге тигенде жалтақтамай, жатырқамай қайтадан алуымыз қанымыз құрамындағы ақпараттың оянуы мен рухани соны тынысымызды ашып, патриоттық сезiмiмiздi қоздырар, күллi түріктiң айдынын асқақтатып, басын бiрiктiрер бақ болып қонар едi.
Сондай-ақ, ежелгi әлiпби нұсқамызға көшуде кездесетiн сан алуан қиыншылықтарды меңгеру барысындағы мүмкiндiк мұқым иiсi төрүк жұртына тепе-тең бөлiнуiмен әдiлеттi шешiм болары хақ. Бұл үшiн түрік тiлдес халықтардың өкiлдерi қай алфавиттi тұтынып отырса, сол жазу үлгiсiн ежелгi түрік руникасына тiкелей өтуге трансформация жасауына әбден болады. Кәсiби ғалымдар қауымы түркітану ғылымының iргетасы – ежелгi руна жазуын игеруге борышты. Байырғы бәдiзделген бiтiгiн бәзбiреудiң аузына шайнап салып бергенiнен, яки ғылыми транскрипциялауынан оқып, пiкiр сабақтауға дағдыланған оқымыстыларды түркітанушы санатына қосу ақылға қонбайды. Бұл үйдiң ең әуелi шатырын, сосын қабырғасын тұрғызғандай айтар ауызға ұят, сорақы тiрлiк.
Славян тiлдерiндегi “язык” сөзiн Олжас Сүлейменов ежелгi түркiнiң “iazyk – надпись, письменный текст” ұғымынан шығарады. Бұл бастапқы “iaz – пиши” түбiр сөзiнен туған деген қорытынды жасайды (Язык письма. Взгляд в доисторию – о происхождении письменности и языка малого человечества. Алматы-Рим, 1998 г., стр.312). Бiрақ бұл арадағы Олжекеңнiң этимологиялық талдауы сәл басқаша. Шындығында, ежелгi түріктер о баста “иаз” деп жазуға арналған материалдың (саз, ағаш, көн, тас, металл) кедiр-бұдыр қыртысын қырнап өңдеу, яки бетiн жазу процесiне тегiстеп ыңғайлау, әзiрлеу мағынасында қолданған. Бұл “кедiр-бұдырды иазу” ұғымы жазу материалының сапалық дамуымен қатар жарыса жұмсалып, уақыт өте келе “пiшу, бiтiк” (Руника жазуының генезисi немесе “Пiшiн” таблицасы – ежелгi құпия iлiм. “Ана тiлi” газетi, 2001, № 20) сөздерiнiң қызметiн атқаратын ауыспалы мағынаға иеленiп, синонимдiк қатар түзедi.
Осыған орай, тiлiмiздег“жаз” лексикалық бiрлiгiнiң полесемантикалық ерекшелiгi қалыптасқан. VIII ғасырда басталған араб экспансиясы тiлiмiздiң сөздiк құрамын өзгертiп, “бiтiк” орнына “жаз+у” сыңары белсендi жұмсалуына түрткi болды. Арнайы әдебиеттерде ежелгi түрік жазуы мен ескерткiштерiне қатысты “көне” анықтауышын қолдану бұлжымас ғылыми нормаға айналған. Мәселен, Астанадағы тәуелсiздiгiміздің 10 жылдығына арналған “Байырғы түркi өркениетi: жазба ескерткiштер” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары жарияланған 36,5 баспа табақ кiтапты бастан-аяқ ақтарып шыққанда онда “көне түркi жазбасы”, “көне түркi руникасы”, “көне түркi сөздiгi”, “көне тарих”, “көне мәдениет”, “көне ескерткiштер” деген сөз тiркестерi өрiп жүр.
«Көне» сөзiнiң мағынасы орыс тiлiндегi “старый” дегеннiң қазақша аудармасы екенi аян. Яғни, лексеманың номинативтi мағынасы ескi дегендi бiлдiредi. “Көне шапан” десек, шапанның әбден тозығы жеткен, ескiлiгiнен ақпарат бередi. Демек, келтiрiлген сөз тiркестерiндегi құрылымдық “көне” сыңары семантикалық реңкi, стильдiк қызметi жағынан екiұдай терминдiк ұғым тудырады. Сонымен қатар оқыған жанның сана-сезiмiнде бiрден “бүгiнгi күннiң эстетикалық талғамына жарамсыз, ескiрген” деген түсiнiктiң сәулеленiп тұра қалатыны даусыз. Керiсiнше, бұл терминдiк ұғымның орысша баламасы “древнетюркский” деп мағыналық сыр-сипаты дәлме-дәл толық ашылған. Мұнан шығатын логикалық түйiн, маман ғалымдардың кезiнде жiберген сауатсыздығынан қалыптасқан жаңсақ терминнiң мазмұнына мағынасын сәйкестендiрiп, тiлiмiздегi жұмсалатын “ежелгi, бағзы немесе байырғы” адекватты баламасын тұтынса, бiздiң де сорлы емес, мәдениетiмiздiң қайнар бұлағы әрiден басталатындығынан дерек беретiн ақпараттық қыры ашылар едi.
Түркі халықтарының ортақ игiлiгi саналатын ежелгi руникалық қазынамыз бiр кездегi бөгде ұлт өкiлдерiнiң тәржiмалауымен ғылыми айналымға түстi. Ал ол аудармаларды түпнұсқамен салыстырып оқи алатын, оның ғылыми сапасына баға беретiн ұлтымыздың компетенттi маман ғалымдары некен-саяқ, тiптi жоқ. Сондықтан, ескерткiш мәтiнiн транскрипциялауда қыруар кемшiлiктер мен ағаттық жiберiлген. Мысалға жүгiнсек, “Бың йыллар түмен күнлiк бiтiгiмiн белгүмiн анта йасы ташқа йаратытдым”, яғни “Мың жылдар [бойы жүргiзiлген] түмен [сансыз] күндердiң жазуларын андағы жазық тасқа жараттырдым” (“Ежелгi түркi жазуы соғды жазуынан шықты” деген болжамның қателiгi туралы. “Қазақ әдебиетi” газетi, 2001, №20, 18 мамыр) деген сөйлемдегi бiз үшiн өте маңызды деректi ақпаратты түпнұсқа бойынша Тайжан Досанов қалпына келтiрді. Оның Түрік халықтарының жазба дәстүрiнің ғұмыр жасын кем дегенде екi мың жылға [бәлкiм, онан да көп болуы ықтимал] ұзартқандығы ғылыми ерлiкке пара-пар жаңалық.
Бiрақ арнайы ғылыми зерттеу мекемелерi мен жекелеген ғалымдар тарапынан бұған әзiрге назар аударылған жоқ. Мiне, бұл түркітану ғылымына қосылған елеулi жаңалықты оқымыстылардың қорыта алмауының өзi мемлекеттiк деңгейде ғылыми элитамыздың өресiздігiн көрсететiн фактор. Ал ғылыми айналымдағы әйгiлi С. Маловтың аудармасы бойынша аталған сөйлем әдейi бұрмаланып, ақпараттық мағынасынан жұрдай боп, өңi мүлдем терiс айналдырылғаны анықталып отыр. Осылайша дереккөздерiн сөйлетудегi шала-пұлалық атақ-даңқы жер жарған “түркiтанушыларды” тарихи ақиқаттан ауытқытты. Мұнан түйетiн қорытынды – ежелгi түрік жазба ескерткiштерiнiң түпнұсқаларын бiр орталыққа жинау текстологиялық зерттеу жұмысын жаңаша қайта жүргiзудi қажет етедi.
Латын графикасына көшудi жақтаушы отандастарымыздың терең үңiлмейтiнi – кириллица, араб, латын алфавиттерiнiң түпкі тегi бiр, барып тiрелетiнi Финикий жазуы екендiгiн ескермейдi. Ал ежелгi шумерлер мен түрік руникасы арасында байланыс барлығын еуроцентристiк көзқарас терiске шығаруға қанша әрекеттенгенiмен бәрiбiр ғылым жоққа шығармайды. Демек, бағзы руникалық жазуының бiздiң өркениет тарихындағы орнымызды айғақтайтын адамзат қоғамына қосқан құндылығымыз ретiнде маңызы зор. Бiрсыпыра бiлгiштер ежелгi руника жазуын тiлiмiзге лайықтағанмен бүгiнгi өмiрге iлесе алмайды деп соғады. Бұл да негiзсiз айтыла салған пiкiр. Бағзы иероглифтiк жазуындағы жапондар мен қытайлар өзгелерден артық болмаса, кем емес.
Латын алфавитiне көшудi жақтаушы бүгiнгi қазақ бiлiмпаздарының көбi
оны компьютермен байланыстырады. Шындығына келсек, дербес (персональный) компьютердi жетiлдiрiп, қалың бұқараға арнап конвейерлi өндiрiске енгiзудің отаны Жапония, сондықтан, олардың компьютерi өз иероглифтерiне негiзделген. Егер жоғарыдағы дәйектi тiрек етiп, ұстанар болса, жапон иероглифiн алу жөн едi ғой. Бiрақ басқа жұрттар, мәселен, ағылшындар, қытайлар, арабтар компьютердiң тiлi жапон графикасына негiзделуi шарт деп байбалам салған жоқ қой. Бұлардың қайсысы да өз тiлдерiне компьютердi икемдедi емес пе? Ғылыми-техникалық прогресс адам үшiн қызмет етедi ғой. Егер тiлдi компьютерге икемдеудi мақұл десек, күнi ертең одан да тиiмдi технологиялық жасампаздық жаңалықтың табылмасына кiм кепiл?! Сонда алфавитiмiздi тағы да өзгертуiмiз керек пе? Демек, жазу үлгiсiн ауыстыруды компьютермен байланыстырушылардың сүйенген дәлелi дәйексiз тұжырым. Бiз саяси тәуелсiздiк алғанмен рухани тәуелсiздiгiмiзге әлi жете қойған жоқпыз. Бұл үшiн графикалық тiлiмiздiң сыртқы пiшiнi мен iшкi мазмұны реформаланған ежелгi төлтума жазу үлгiсiмен ұштасқанда ғана жан-жақты өрлеуге тың серпiлiс туғызады.
Аманқос МЕКТЕПТЕГІ,
филология ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті.