Бельгияның астанасы Брюссель несімен есте қалады десеңіз, «шаптырып тұрған баласымен» деген жауап алуыңыз ғажап емес. Бүгінде Жульен есімді бала-мүсін осы қаланың символына айналған деуге болады. Келген туристердің барлығы сол мүсінді «зиярат» етпей кетпейді. Бұл мүсіннің өзге мүсіннен ерекшелігі сол, ол атаулы күндерде киім киіп қалады. Кейде оны қалаға келген сыйлы, құрметті деген қонақ мүмкіндігінше, қал-қадірінше киіндіріп кетеді. Бұл дәстүр 1698 жылы Баварияның билеушісі Максимилиан Эммануилдің шаптырып тұрған баланы киіндіруінен басталды. Сол дәстүр бойынша Жульеннің иығына біз де шапан жауып, бөрік кигізбекпіз.
Қазақстан халқының Бельгиядағы «Арман» қауымдастығы сондағы Қазақстанның елшілігімен бірлесіп, аталмыш шараны ұйымдастыру үшін Брюссельдің жергілікті билігіне ұсыныс жасаған екен. «Арман» қауымдастығының төрайымы Айнұр Қасенованың сөзіне қарағанда, билік рұқсат берген. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы күні, яғни осы жылдың 16 желтоқсанында біз «шаптырып тұрған балаға» қазақтың ақ шапаны мен ұлттық бас киімін кигізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе Бельгия билігімен алдын ала келісілді», – дейді Айнұр Қасенова.
Жалпы, бала-мүсін жайында түрлі аңыз бар. Соның бірі – қаскөйлердің Брюссельді жарып жібермек ниетімен жаққан жарылғыш затын бала дәретімен өшірген дейді. Соның құрметіне орнатылған екен-міс. Тағы бір нұсқасы мүсінге қарама-қарсы дүкенде жазылған. Онда: «1619 жылы мен 5 жастағы баламын, Брюссельде жоғалып кетіппін. Екі күн бойы шарқ ұрып іздеген әкем мені осындай күйде – шаптырып тұрған жерімнен тауып алыпты. Қуаныштан жарылардай болған әкем сол жерге менің тауып алған сәттегі кейпімнен мүсін жасап, оны шаптырма қылуды бұйырған екен», – деп жазыпты. Бұдан басқа ел ішінде кезіп жүрген тағы да неше түрлі аңыз-әңгімелер бар.
Бүгінде мүсін-баланың қонақтар кигізіп кеткен 800-ден астам киімі бар көрінеді. Жульенді Санта-Клаусқа, Наполеонға, америкалық атақты әнші Элвис Преслиге ұқсатып та киіндірген екен. Тіпті Францияның королі Людовиг XV те шаптырып тұрған балаға алтынмен аптап, күміспен күптеп киім тіктірсе, ресейлік ғарышкерлер скафандр кигізіп кеткен. Ал біз ұлттық шапанымызды жаппақпыз. Жаһанның түкпірінен келетін туристер енді қазақтың шапанымен де танысатын болады. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығында біз еуропалық астананың тұрғындарына ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді паш еткіміз келеді. Тек еуропалық азаматтар ғана емес, аңызға айналған мүсінді өз көзімен көру үшін Брюссельге арнайы ат басын бұратын мыңдаған турис те қазақтың ұлттық киімін киген «баланы» тамашалай алады», – дейді Айнұр Қасенова. Міне, Тәуелсіздігіміздің мерейтойында «шаптырып тұрған баланың» иығынан шапанымызды көретін болсақ, Антарктидада көк Туымыз желбірейтін болды.
«ҚазАқпарат» мәліметі бойынша дайындаған Салтан СӘКЕН, Астана