Британдықтармен білім алмасу
Кеше Астанадағы Назарбаев университетінде «Халықаралық ғылыми серіктестікті қалыптастыру және білім алмасу» атты екі күндік халықаралық семинар өз жұмысын бастады.
Университеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ғылыми басқосуға 300-ге тарта қазақстандық ғалыммен қатар, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Германия, Аргентина, Испания және Оңтүстік Корея университеттерінен ғалымдар қатысуда. Энергетика, шикізатты өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, білім беру салалары бойынша стратегиялық серіктестікті орнатуға бағытталған шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Британ кеңесі (British Council) қолдау білдірген. Шара барысында түрлі сала бойынша семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар қазақстандық оқушылар мен оқытушылар үшін британдық ЖОО-лардың ресми көрмесі ұйымдастырылған.
Саймон Уильямс, Қазақстандағы Британ кеңесінің директоры:
– Қазақстан жоғары білім мен ғылымды дамытудың өте ауқымды әрі керемет ұлттық жоспарын жасақтады. Бұл британдық ғалымдар үшін үлкен жаңалық болды. Аталмыш жоспар ғылым, білім беру жүйесі және өндіріс, яғни белгілі бір өнеркәсіптік сала арасында өте тығыз қарым-қатынастар орнатады. Британдық кеңес Қазақстанның бұл бағыттағы қадамына қолдау көрсетуге тырысуда. Біз Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері, ғылыми ортасы, ғалымдары арасындағы тығыз қарым-қатынастарды орнатуға және күшейтуге мүдделіміз. Кеңес Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін дамытудың ғылыми, озық идеяларын қолдағысы келеді.
Қазіргі уақытта Британ кеңесінің қолдауымен еліміздің 16 жоғары оқу орны Ұлыбританияның ең үздік университеттерімен әріптестік орнатып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бүгін кешке қорытындыланатын конференция барысында Қазақстан мен Ұлыбритания ғалымдары және университеттері арасындағы әріптестік байланыстарды жетілдіруге байланысты бірқатар келісімшарттарға қол қойылмақ. Соның негізінде екі ел ғалымдары бірлескен жобаларды іске асыруды көздеуде.