Қазақ радиосының тарихында небір дүлдүл ақындар мен бұлбұл әншілердің үні, өнері насихатталды. Әсіресе шалғайда жатқан ауыл адамдары үшін әр таңда басталатын радио тірлігінің әсері ерекше болатын. Еліміздің тыныс-тіршілігімен қоса, халқымыздың өнері мен мәдениетін насихаттайтын бірден-бір Қазақ радиосы әлі күнге сол үрдіспен еңбек етуде. Біздің бала кезімізде жиі шырқалатын Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнінің тыңдаушысына әсері ерекше еді. Ән қандай, әнші қандай?! Әуе толқынынан төгілген сазды да сезімге толы осы әнді айтқан әншінің Болат Сыбанов екенін естігенмен, жүзбе-жүз танысқаным бертінде еді.
Қазақстанның Халық әртісі Мәдениет Ешекеев бастаған Семей өңірінің өнер адамдары Алматыдағы «Қазақконцерттің» концерт залында, есеп беру концертінде өнерлерін көрсетті. Орта бойлы, шашын артына қайырған қараторы әнші үкілі домбырасын қолына алып, сахнаға шыға келгенде өңі нұрланып кетті. Сері көңілмен сезімге беріле орындаған Болаттың өз әндері көрермен жүрегінен орын алып, бір серпілтіп тастады. Ду қол соққан жұртшылық әсем әндердің әсерінен шыға алмай, қуанышқа бөленді.
Бұл менің әншіні алғаш көруім еді.
Болат Сыбанов 1938 жылдың мамыр айында Семей облысы Жаңа Семей ауданына қарасты Изатолла ауылында туған. Семейдің іргесіндегі Құрманғожа ауылында балалық шағы өтті. Әкесі Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Шиеттей баламен қалған ана көп бейнет шекті. Болат он жасынан ауыл арасындағы той-думанда ән салып, әнші атанды. Өнердегі үлгі тұтар ұстазы, жанашыр ағасы Мәдениет Ешекеев: «Болат үндінің актері Радж Капурдың әндерін екі қасықтың сүйемелдеуімен орындағанда көрермен қызыққа батып, ду қол шапалақтайтын», – дегені әлі есімде. Осылай қолына қасық ұстап, ән салған бала кейін гармон тартып татардың «Сарман», «Ай өзегі», «Ғалиябану» әндерін нақышына келтіре орындап, тағы да бір қырынан танылған.
Жастайынан тағдыр тауқыметін көп көріп, қара жұмыс істеп жүргенде қаладағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Сол жерде оқып жүріп аудан, облысаралық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, бақ сынайды. Осындай бір талпыныс кезінде театр өнерінің майталман актері әрі режиссері, Қазақстанның Халық әртісі Бәйтен Омаров ән байқауында әділқазылық етеді. Болат Сыбановтың алғаш өнерге келуі жайлы Бәйтен ағамыз көзі тірісінде былайша еске алған еді:
«Біз кәсіптік-техникалық училищеде байқау ұйымдастырдық. Болаттың бала кезі болатын. Қыстыгүні клуб суық. Байқауды аяқтайын деп жатсақ, бір бала сахнаға жүгіріп шықты. «Аға, мені тыңдаңыз» деп тұрып алды. Аяғында керзі етігі бар, қонышынан екі қасықты суырып алып, ритмге келтіріп, «Бродяганың» әнін айтып берді. Одан: «Қайда оқисың?» – деп сұрадым. Ол: «Мектепте оқимын, тұрмыс жағдайым нашар, жалғыз шешем бар, мені театрға алыңыз», – деді. Біз: «Класыңды бітіріп кел, сосын хабарлас», – дедік. Жылдың аяғына қарай тағы келді. Амал не, ынталанып тұрған бала, театрға алдық. Жұмыс істеп жүрді, рөлдер бердік. Сөйтіп, әндерін салып жүрді. Біз Қ.Мұхамеджановтың «Комиссар Ғаббасов» деген пьесасын қойдық. Жақсы ойнады.
Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» деген пьесасында Болат өзінің «Ақбұлақ» әнін орындады. Осы әнмен бірталай жерге танымал болды».
Сөйтіп, дарынының арқасында әділқазыларды таңдандырып, Болат 1957 жылы қазақ театрының шаңырағы атанған Семейдің Абай атындағы драма театрына актер болып қабылданады. Сол кездегі театр саңлақтары Сламбек Қыдыралин, Хасен Байырманов, Әбілқасым Жаңбырбаев, Күләш Сәкиевалардан тәлім-тәрбие алған ол эпизодтық рөлдерден ірі тұлғаларға дейін сомдайды. Ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне тән орындаушылық мәнері бар Болат Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Көтібар, Зейтін Ақышевтың «Жаяу Мұсасындағы» Мұса рөлдерінде ойнап, музыкалық драманың ажарын ашады. Оның 1965 жылы Семей театры қойған «Қыз Жібек» музыкалық драмасындағы Төлеген рөлін тамашалаған Халық әртісі Қалибек Қуанышбаев: «Қарағым, әншілігің ұнайды, бірақ театрдан қол үзбе», – деп ризашылығын білдіріпті.
Жарқын ШӘКӘРІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«Дүниеден өткен азамат жайлы айту жер басып жүрген пенденің парызы ғой» деп ойлаймын. 1969 жылдың аяғында Шырақбек Қабылбаев жетекшілік ететін ішкі істер министрінің ансамблі болды. Жәнібек – әнші, мен күйші болып қызмет еттік. Бір күні Жәнібек телефонда біреумен сөйлесті де, «жүр кеттік» деді.
– Қайда кеттік?
– «Алматы» қонақүйіне, соның директоры Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев «Семейден Болат Сыбанов келді» деді.
Бірінші қабатында директордың өз бөлмесі бар екен, Рақымжан ағамыз отыр, қасында көзі оттай жайнаған, шашы тікірейген жігіт отыр екен.
– Даусын тыңдаңдар, Жәнібек, сені әдейі шақырдым, –деді ана кісі. – Болат әнді өзінше кестелеп айтады екен. Мұхтар Әуезов «Әміре ән айтқанда қошқар мүйіздендіріп жібереді» дейтін. Бұл жігіт өзінше еркелендіріп жібереді екен, – деді.
Болат Сыбанов – ақын, композитор. Ол – ел сүйіспеншілігіне бөленген адам, сегіз қырлы бір сырлы. Семей өңірінде жанынан ән шығарып, күй шығарып жүрген әншілеріміздің баршылық.
Қазақтың біртуар әншісі Жәнібек Кәрменов Швецияға барған сапарында сол жердегі өнерлі қазақтың аузынан Болат Сыбановтың «Жан ана» әнін естіп, мақтаныш сезіммен оралыпты.
Болат Сыбанов – арнайы оқу орнын бітірмегенмен, сахнада шыңдалған өнер иесі.
Біраз уақыт Бақытжан Байқадамов басқарған Қазақтың мемлекеттік ән-би ансамблінде әншілік етіп, елге оралғандағы мақсаты жүрек түкпірінен шыққан назды да сазды әндерін әрі қарай дамыту еді.
Ол Семей филармониясының жанынан «Ақбұлақ» ансамблін құрып, алыс сапарларға шықты, жас әншілерді өнер додасына салды».
***
Болат Сыбановтың «Әндер жинағы» жеке жинақ болып жарық көрген. Әншінің орындауында кезінде «Қазақфильм» телестудиясы арнайы фильм-концерт әзірлеген, төл туындалары жеке-жеке күйтабаққа шыққан.
2001 жылы «Елім-Семей» агрокомпаниясының перзиденті Мұрат Махметұлы Нағымжанов пен «Алтын сақа» фирмасының директоры Қайрат Төлеуғалиұлы Жексенбиннің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Сыбановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы «Өнер – менің өмірім» атты жинақ жарық көрді. Сонымен қатар, «Әнші Болат Сыбанов ән шырқайды» деген атпен ән-альбомы жарық көрді. Бұл дискіде әншінің өмірінің соңында шығарған біз білмейтін көптеген әні бар. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Болаттың ұлы Қанат Сыбановтың орындауында әкесінің екі әні айтылып жүр. Бұл құнды дүние Қазақ радиосының алтын қорына қабылданып отыр. Болат Сыбановтың жұбайы Үміт апай әншінің мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, әрі қарай насихатталуына көп көңіл бөлуде. Ұл-қыздары Самат, Қанат, Гүлнардан өрбіген ұрпақтың ата жолын қуатынына еш дау жоқ.
Қазақтың ұлттық өнеріне өзінің тума дарындылығымен үлес қосқан Қазақстанның Халық әртісі Болат Сыбановтың өмірі осылай өткен-ді.