Болатбек ОРАЗБАЕВ, айтыскер ақын: Ораздың образында жүріп, өзімді жоғалтам деп ойламаймын

Алматыда 29-30 мамыр күндері айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алу кеші өтпек. Халықаралық айтыс ұйымдастырылмақ. Айтыстың ерекшелігі – ол додаға Оразбен үзеңгілес болған, кезінде өзімен сөз қағыстырған ақындар қатысады. Тіпті, Қытай, Қырғыз елінен де айтулы айтыскерлер келмек. Бүгінгі айтыссүйер қауым үшін Оразалы ортаға қайта оралғандай болып жүр. «Орнында бар оңалар» деген. Ораздың мақамы құлаққа қайта естіліп жүр. Оразалының шәкірті атанған Болатбек Оразбаев өткенде ғана Атырауда Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста топ жарды. Оның алдында Көкшетауда өткен «Бірлік пен берекенің Жерұйығы» атты халықаралық айтыста да 1-орынды қанжығасына байлаған. Осылайша, айтыс сүйген үлкен-кішінің көзайымына айналып үлгерді. Ораз ақынның кешінің алдында Болатбек ағаларыңды сөзге тарттық…

Ұлан: Болатбек, қалайша Оразалының шәкірті атандыңыз?

Б.Оразбаев: Ел солай қабылдайды. Әйтпесе, ол кісінің қасында күндіз-түні жүріп, айтыстың белгілі бір әдіс-тәсілдерін жата-жастана үйренген жоқпын. 2003 жылы таныстық, ол кісі 2004 жылы дүниеден озды. Ақынмен танысқан шақта айтысқа қатысып та жүрген жоқ едім. 2003 жылы жаңадан ауылдан мектеп бітіріп келгенмін. Үлкен додаға түспеген кезім. Бірде Алматының «Саяхат» автобекетінде Оразалыны көріп қалдым. Қасына барып амандастым да, таныстым. «Иә, атыңды сырттай естуім бар, оқушылардың айтысынан көрдім», − деді сонда. Содан бірден араласып, бауырдай болып кеттік.

Негізі, Ораз ағамыздың айтыстарына қарап отырып-ақ, біраз нәрсені үйрендім дей аламын. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп, Жамбыл да өзін Сүйінбайдың шәкіртімін деген. Бірақ, Сүйінбай Жамбылдың аузына сөз салып берген жоқ қой. Сол сияқты Оразалы да – маған рухани ұстаз. Ораз ағамыздың «жағымпаз болма, ешкімнің ығына жығылма, ешкімнен тайсалма» деген ақылы жадымда. Сол ұстанымнан тайған емеспін.

Ұлан: Үлкен додадан соңғы жылы ғана көріп жүрміз. Оған дейін неге шықпай жүрдіңіз?

Б.Оразбаев: 2007 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы «Аламан айтыс» ұйымдастырды. Сол телевизиялық жобада 2-орынға дейін жеттім. Содан кейін күйбең тіршіліктің қамымен біраз жыл айтыстан қол үзіп қалдым.

Ұлан: Қатыса бастап едіңіз, қатарынан үш айтыста топ жардыңыз…

Б.Оразбаев: Былтыр Алматыда «Оразсыз өткен он жыл» деген атпен Оразалы ағамызды еске алу кеші өтті. Сол кеште Балғынбек Имашев екеуміз айтыстық. Сонда Жүрсін Ерманов ағамыз байқап, «енді үлкен айтыстардан қалдырмай, шақырып тұрамын» деген. Солайша, елде өткізілген айтыстардың бәріне дерлік қатысып жүрмін.

Ұлан: Атыраудағы айтысты телеарнадан көрдік. Әлеуметтік желілер мен кейбір сайттарда сол айтыс қызу талқыланды. «Қазылар құрамында өз ағалары отырған соң, жеңісті Болатбекке алып берді» деген пікірлерді де көзіміз шалды. Бұған не дейсіз?

Б.Оразбаев: Қазылар алқасының құрамында 6 кісі болды. Оның ішінде біреуі ғана менің жерлесім болып, іш тартты деуге болар. Бабым жарамаса, ол да маған жоғары ұпай қоюға жұрттан ұялар еді, меніңше. Ал қалғаны жалпы қазаққа ортақ тұлғалар ғой. Мені бұрыннан танып-біліп жүрген кісілер де емес. Асанәлі Әшімовтей азулы азамат отыр. Бекболат Тілеухандай турашыл ағамыз болды. Ол алтылықтан бөлек, залда жүздеген халық куәгер боп отыр. Бас жүлдені маған әділетсіз берсе, сол жерде-ақ көпшілік қарсылығын танытар еді. Керісінше, бәрі қолпаштап, құттықтады.

Ұлан: Әлеуметтік желілерде Аспанбек Шұғатаев екеуіңіздің айтысыңызды эфирге тым қысқартып беріпті десіп жатыр. Ол эфирдің уақыт сыйымдылығына қатысты жайт қана шығар, әлде?..

Б.Оразбаев: Әрине. Әйтпесе, халықтың көкейіндегі бірді-екілі мұңды айтқанымызбен, «Нұр Отанға» тиіскен жоқпыз (күлді). Аспанбек екеуміз бірінші айтыста 45 минут айтысыппыз. Қалған 22 ақынның айтысын ысырып қойып, екеуміздің айтысты толық береміз десе, үш күнгі эфир бір айтыспен-ақ толып кетеді ғой.

 «Заготовка» деген – айтарыңды ойланып бару

Ұлан: Сол 45 минуттық айтыстың жартысы «заготовка» емес пе? Өйткені, тым термешіл, теңеушіл болып кеттіңіздер ғой…

Б.Оразбаев: Кез келген ақын айтысқа дайындалып барады. Сүйінбай мен Қатағанның айтысын айталық. Ақын бабамыз қырғызға бүкіл елдің намысын арқалап барды. Ел намысын аяқасты етпес үшін екі елдің де арғы-бергі тарихын әбден зерделеп, айтар ойын жинақтап барды деп ойлаймын. Қазіргі ақындар да қарсыласының дәл сахнада не айта қоярын білмейді, бірақ  халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көкейіне түйіп барады. Ол жасырын емес. Алайда, бұл айтыс бастан-аяқ тек жаттанды сөзден тұрады деген сөз емес. Үлкен айтыс ешқашан ондай жасанды болмайды.

«Заготовка» деген – айтарыңды ойланып бару. Мыңның алдына шығарыңды сезініп бару. Қарсыласың ойыңа келмеген алуан сұрақ қояды. Табан астында сөз тауып, жауап беруіңе тура келеді. Екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын адам ондай сәтте қайдан жауап берсін?! Бүгінгі күнгі бірде-бір ақынды осал дей алмаймын.

Ұлан: Атыраудағы айтыста сізді Оразалының образында көрдік. Мақамыңыз да, дауысыңыз да, тіпті, шапаныңыздың түсіне дейін ел есінде қалған Ораздың шапанына ұқсас. Барынша ұқсауға тырысқандайсыз. Өз кейпіңізді жоғалтып алудан қорықпайсыз ба?

Б.Оразбаев: Жоқ. «Ораздың мақамы» деген тек оның басына теліп қойған мақам емес, Сүйінбай мен Жамбылдардан қалған мақам ол. Шапанды айтсаң, табылғанын киіп шықтық қой (күліп).

Ұлан: Қандай саланы оқыған адамсыз? Қайда қызмет атқарасыз?

Б.Оразбаев: Аграрлық университеттің мал шаруашылығы факультетін бітірдім. Ол оқудың грантын оқушылар арасындағы айтыста топ жарып, ұтып алғанмын. Дәл қазір жұмыссызбын. Биыл көңіліме жақын оқуға тапсырғалы жүрмін. Кинорежиссураға ма, әлде драматургия бөліміне ме, бұйырғанын көрерміз.

Ұлан: Гитарамен де ән айтасыз. Өзіңіз ән шығарасыз ба?

Б.Оразбаев: Көп әнім жоқ. Үш-төрт ән ғана бар әзірге. Жас орындаушылар орындап жүр.

 Физик ағайым айтысымды жазып беретін

Ұлан: Ең алғаш айтысқа шыққаныңыз есіңізде ме?

Б.Оразбаев: Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылындағы орта мектепті тәмамдадым. Еңбекшіқазақ ауданының 70 жылдық мерейтойына орай оқушылар арасында айтыс ұйымдастырылды. Айтысқа мектеп атынан мен қатысатын болдым. Айтар сөзімді физика пәнінің мұғалімі Асқар Айдарұлы жазып берді. Әйтпесе, ол жастағы балада қайбір жетіскен сөз бар дейсің. Содан біраз уақыттан кейін мектепте «Қыз сыны» өтті. Байқау ішінде «Айтыс» номинациясы бар екен. Қатысушы бір қыздың айтысатын жұбы болмай қалды. «Залда ақын болса, айтысам», − деді әлгі қыз. Елдің бәрі маған жалт бұрылды. Ауданның 70 жылдығындағы айтысқа қатысқанымды біледі ғой. Амал жоқ, шықтым. Алғаш рет суырып салып айтысқаным да сол кез болды. Сөйтіп жүріп, ширығып кеттік.

Ұлан: Үйде де өнерге баулыған біреу болған шығар?

Б.Оразбаев: Әкем марқұм Мейірбек Оразбаев айтыскер ақын болған. 1928 жылы қазақ жерінде дүниеге келген. Алайда, ашаршылық кезінде үлкен аталарымызбен Қытай асып кеткен. 1968 жылы елге қайта оралған. Әкеміз сал-серілік құрған өнерпаз болған. Айлап ел аралап кетеді екен. Кейде

Қырғыз асып дегендей. Ақындығы-нан бөлек, темір зергері де еді. Балаларын да өнерге баули білді. Мен үйдің оныншы баласымын. Бауырларымның да әу дейтіндей өнерлері бар, дегенмен айтыста жүрген мен ғана.

Ұлан: Өлең жазасыз ба?

Б.Оразбаев: Жоқ. Өлең жаза алмаймын. Жазу ойда бар. Жазғанда да, «сүйдім-күйдім» деген поэзия емес, терме, толғау жазғым келіп жүр. Бүгінгінің жыраулары – Жәркен Бөдеш, Светқали Нұржан, Сабыр Адай ағаларымыз. Жазар болсам, сол азаматтардың деңгейінен төмендемеу парыз. Айтыс өнері тарихында да жыраулық поэзияны жаңғыртушы бір өкіл ретінде қалғым келеді.

Ұлан: «Ұланның» болашақ үлкен айтыскерлеріне қандай кеңес бересіз?

Б.Оразбаев: Оқу керек. Білмеген нәрсеңді айта алмайсың. Мысалы, кешегі айтысқа қатысу үшін Жеңістің де тарихын, қарсыластарымыздың да тарихын зерттеуге тырыстық. Бала кезде география мен математиканың маған қажеті жоқ деп ойлайтынмын. Сөйтсек, соның бәрі айтыста бар екен. Мәселен, бір ақын Павлодардан келе жатыр, ендеше соның туған өлкесінің тарихын зерттейсің. Ол өлкеде қандай жақсы-жайсаңдар өткен, кешегі мен бүгінгі саясаты қандай − соның бәрін тілге тиек етіп айтыссаң, сөзің ұтымды шығады. Ал «түрің анандай екен, бойың мынандай екен» деп, жеңіл сөзді өре берсең, қазір тыңдаған халық ду күлер. Ал ертең кітапқа түскенде, абыройлы ой таба алмай қалуы мүмкін. Айтыстың үлкен мақсаты − халық арасындағы мәсе-лені жоғарыға жеткізу, ел алдында айту. Ақындар деген – сайланбаған депутаттар. Бастысы, шындықты жоғалтпау, сарай ақынына айналмау.

 Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА

 

(«Ұлан», №21, 26 мамыр 2015 жыл)

zhasorken.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста