«Біржан сал» жайлы тұңғыш фильм түсірілді
Өткен жылдың тамызында табиғаты ғажайып Бурабай баурайында бастау алған Біржан сал жайлы фильм түсіру идеясы бір жылда пісіп, өз жемісін беріп үлгерді. Солайша дәл елорданың туған күнінде «Самұрық» кинотеатрында «Біржан сал» деп аталатын жаңа туындының тұсауы кесілді.
Кино идеясының авторы, әрі режиссері, сондай-ақ басты рөлді сомдаушы да – Досқан Жолжақсынов. Сценарийін белгілі жазушы, сыншы Таласбек Әсемқұлов жазса, жүрек тербетер бұл фильмнің сазгері – Төлеген Мұхамеджанов.
Идеясынан бастап соңғы нүктесіне дейін кәсіби мамандардың қолынан шыққан бұл туынды несімен ерекше? Біріншіден, фильмге арқау болған кейіпкердің өзі – қазақтың кесек тұлғаларының бірі, серілігімен есімі дүйім елге белгілі болған – «Біржан сал». Екіншіден, әншінің қайталанбас бейнесі бұрындары опера, драма театрларында сомдалғанымен, фильмде алғашқы рет көрініп отыр. Осынау қазақ жерінің, оның ішінде Көкше даласының сұлулығын, халқының кеңдігі мен қонақжайлылығын, салт-дәстүрі мен ғұрпын толық қамтыған «Біржан сал» туындысында Халық әртісі Хабиба Елебекова, Сәбит Оразбаев сынды сахна мен кино тарландары да ойнайды.