Бірлігі бекем ақын отбасы
Лев Толстой өзінің атақты романында «Бақытты отбасылар бірдей бақытты» деген екен. Шындығында, солай ма? Өйткені танымал адамдардың өмірі мен отбасы қарапайым халықты қызықтырмай қоймайтыны анық. Абайдың айналасы туралы «Абай жолынан» білеміз. Ал өз ғасырының шоқ жұлдызындай жарқ еткен біртуар ақын Мұқағалидың шаңырағы туралы не білеміз?
Құдай қосқан қосағы Лашынмен мұзбалақ ақын бес перзент сүйді. Тұңғышы Майгүл тағдырдың жазуымен оқушы шағында мотоцикл қағып кетіп, жазым болған. Жұлдыз, Айбар, Алмагүл, Шолпандар қазір үйлі-баранды. Әкесі өмірден өтерде небәрі тоғыз жаста болған сүт кенжесі Шолпан әке мен ана арасындағы махаббатты ел-жұрт бейпіл сөзбен былғағаннан ада, пәк, шынайы махаббат пен сыйластық болғандығын айтады.
Шолпан МАҚАТАЕВА, ақынның кенжесі:
– Әкеміз жазуға отырғанда, жұмыс істегенде анамыз: «Әкелеріңнің мазасын алмаңдар. Жұмыс істесін», – деп бізді бөлек алып кететін. Үйде өлі тыныштық орнағанда, әкем ерекше шабыттанып: «Маған өлең құйылып келеді, жазып үлгермей қаламын», – дейтін. Жұмыстан тыс уақытта балаларын ойнатып, қыдыртуға да уақыт табатын. Есімде қалғаны, Республика сарайы ашылған тұста әкем шешем екеумізді ертіп, өзбек өнерпаздарының концертіне барған едік. Концертке әкем апыл-ғұпыл киінбей, алдын ала дайындалып, ерекше әрленіп баратын.
Мұқағалидың жары Лашын апамыз жан серігінің барлық шығармасын жинап, басуға мұрындық болғанын білеміз. Жұбайы өмірден өтсе де, тек жақсылығын айтып, есіне алып, үнемі аузынан тастамаған екен. Мұны қазақтың маңдайына біткен дарынның қадіріне жете білгендігі деп ұққан жөн. Лашындай анасының ізін басып, Мақатаев мұрасын насихаттауды қолға алған Жұлдыздың жары Бақытгүл апай 2005 жылы М.Мақатаев атындағы халықаралық қорды ашып, ерлік жасады.
Бақытгүл Айдарова, Мұқағалидың келіні:
– Атамыз өзінің күнделігінде: «Егер менің шығармаларым қатталып басылып шығар болса, өзінің жазылған уақыт ретін сақтаса екен», – деген ойын жазған екен. Сол арманын жүзеге асырмақ ниетте осы уақытқа дейін шыққан атамыздың барлық шығармасын хронологиялық ретпен топтастырып, 1500 беттен тұратын үлкен кітап етіп шығарып, ақынның 80 жылдық тойына тарту етпекпіз. Бұл кітапты шығаруға Мәдениет министрлігі қолдау білдірсе, тағы бір өлеңдер жинағын Тұңғыш Президент қоры шығарып жатыр. Ал атамыздың өлеңдерін орысша сөйлеткен Жанат Мұхамбетовтің аударма кітабын мерейтойға әзірлемек едік, бірақ үлгермей жатырмыз.
Менің негізгі мамандығым – құрылыс инженері. Қара шаңыраққа ие болып отырған соң, өзімнің жобам бойынша арнайы үй салдырттық. Үлкен үйді салдыртудағы басты мақсатымыз – атамыздың туған күні 9 ақпанда жылда дәстүрлі түрде Мақатаевтардың басын қосып, атамыздың бала-шағасын жинап, атаның өлеңдерін оқып, ән шырқап, еске алу кешін ұйымдастыру.