Бір үйге бір «Балдырған» керек

Бүгінгі қазақ баласы өз ана тілінде шығатын көркем кітаптар мен газет журналдарға зәру. Олардың көретін мультфильмдері мен кинолары, оқитын кітаптары мен газет-журналдары, ойнайтын ойыншықтары мен компьютерлік бағдарламалары – негізінен, орыстың тілінде «сайрап» тұр. Қазақ балалар әдебиетінің заманға сай дами алмай отырғандығын айтпағанның өзінде, біздің баспасөз нарығында балалар басылымдарының үлесі тым аз екендігі өкінішті жайт.

Мысалы, іргеде отырған орыстар балалар әдебиеті мен баспасөзіне «орыс рухының негізі» (фундамент русского духа) деп қарайды. Сондықтан да олар осы салаға мемлекеттік деңгейде көңіл бөледі. Ал біз ше? Біз болсақ балаларға арналған газет-журнал шығарудан мүлде артта қалып бара жатқандаймыз. Басқа-басқа, кезінде республика аумағына кеңінен тарап, қазақ баласының дүниені танып, өсуіне, азамат болып қалыптасуына өлшеусіз септігін тигізген әйгілі «Балдырған» журналы, бүгінде өз оқырмандарымен емен-жарқын қауыша алмай отыр. Өткен жылы журналдың таралымы небары 3370 дана болған екен. Елдегі тоғыз миллион қазақ үшін бұл теңіздегі тамшыдай ғана нәрсе. Оның үстіне, жалпы балалар мен жасөспірімдер басылымдарына тиісті министрлік тарапынан соңғы жылдары қажетті көңіл де, қаржы да бөлінбей келді. Бұл мәселенің әлі де «шекесі қызып» отырғаны шамалы. Дегенмен журналдың жағдайы көп жылдан бері «Балдырғанды» өз баласындай көріп келе жатқан ақын Тұманбай ағамыздың беделінің арқасында ғана қалпын сақтап тұрғандай. Кеңес өкіметі кезінде журналды 15 жыл басқарған Мұзафар Әлімбаев ағамыз да қазақ балалар баспасөзінің болашағы үшін «қызылдармен» талай қызылкеңірдек болғанын білеміз. Қолында билігі бар бүгінгі байлар мен қаншама шенеуніктер «Балдырғанмен» өсіп, өнді?! Оларға осы проблемаларды айта бастасаң, өздері бала болмағандай күй кешеді. Баласын немесе немересін «Балдырғанға» жаздырған шенеуніктер бар ма екен өзі?! Айта берсе – сөз көп, айтпасқа – амал жоқ...

Осы ретте жұрт назарын балалар басылымдарына назар аудартуға ұстаздар қауымының өздері-ақ кірісіп кетіпті.
Жақында Алматы қаласының бiр топ ұстаздары елiмiздiң барлық мектеп пен балабақша ұстаздарын, тәрбиешiлер мен ата-аналарды және шәкiрттерді «Балдырған» журналының межесi – 75 мың!» деп аталатын арнайы акцияға қатысуға үндеп отыр. Мұндағы мақсат – «Балдырған» сынды бірегей балалар басылымына бойында қазақ қаны бар ұл-қыздарымызды, немерелерiмiздi көптеп жаздыру.

Балалар әдебиетіне бет бұруға үндейтін бұл бастама қазақтың көрнектi ақыны, Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Тұманбай Молдағалиевтың алдағы Наурыз мерекесi қарсаңында болатын 75 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынып отырған шаралардың бірі. Бір идея төңірегінде бас біріктірген білікті ұстаздар қауымы өз үндеулерінде былай дейді:

«Тұмағаңды «Балдырған» журналынан бөлiп қарау мүмкiн емес. «Балдырған» – балажан ақынның жүрек лүпiлi. Ақынның бар қызығы балалармен де, «Балдырғанмен» де ортақ. Қажыр-қайраты бар Тұмағаң балалар бақыты үшiн күн-түн демей тер төгiп келедi. Қазiр балалар оқитын көркем әдеби кiтаптардың таралымы тапшы болып отырған кезеңде «Балдырған» сол олқылықтың орнын жаңа шығармалармен толықтыруға үлес қосуда.

«Балдырған» журналының таралымы қазiр 40 мыңнан асады екен. Осы жерде ойланып көрелiк. Аз ба, көп пе? Өсiп келе жатқан ұрпақ қамын осы бастан ойлауға тиiстiмiз. «Балдырған» әр қазақ шаңырағының төрiнен орын алуы қажет».
Игі бастама көтеріп, көпшілікке үндеу жариялаған бастамашыл ұстаздар қауымының көшбасында Алматы қаласы мектеп директорлары кеңесiнiң төрайымы, Қазақстанның Еңбек Ерi, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры Аягүл Миразова ханым тұр. Бұған есімдері елге белгілі балалар жазушылары да қосылуда. Сіз де өз балаңызға осы журналды жаздырып беруді ұмытпаңыз... Бір үйге бір «Балдырған» керек-ақ!

Әдібай ТАБЫЛДЫ,  жазушы, этнопедагог-ғалым, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Қазіргі кезеңде елімізде әртүрлі сипаттағы жекеменшік балалар басылымдары жарық көруде. Әйтсе де 50 жылдан астам тарихы бар «Балдырғанның» жөні бөлек. Кезінде мен де бұл журналдың сүйікті оқырманы болғанмын. Бүгінде оның тұрақты авторларының біріне айналдық. «Балдырғанның» өзге балалар басылымдарынан артықшылығы – ұлттық сипаттағы мазмұнында және тек көркем дүниелерді беруінде. Тіпті журналдағы суреттердің өзі компьютердің көмегінсіз қолмен салынған, бала психологиясының қабылдауына жеңіл.
Еліміздегі ұстаздар қауымы журналдың таралымын ұлғайту жөнінде жақсы ұсыныстар айтып жатыр. Әрине, бұл бастаманы мен де қолдаймын. 40 мың тираж редакциялық есеп тұрғысынан көп болып көрінгенмен, идеологиялық жағынан қарағанда, аздық етеді. «Бала – ұлттың болашағы», ендеше, «Балдырған» сынды үлкен балалар басылымдарына мемлекеттің өзі тікелей қамқорлық жасауға міндетті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста