Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры өзінің 19-маусымының шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясының премьерасымен (қоюшы режиссері – Әлімбек Оразбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері) ашты. Қазақ сахнасында тұңғыш рет 1940 жылы шығарылған бұл туынды бүгіндері ұлттық театр өнеріндегі ғұмыры ұзақ қойылымдардың біріне айналды. Сахнадан түспей, үздіксіз қойылып келе жатқанына келер жылы 70 жыл толады.
«Абайды» Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының қоюындағы ең басты ерекшелік – мұнда екі Абай бар. Бірі – толысқан, ақыл-ой кемелденген аға Абай (Халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар). Екіншісі – өмір тартысына енді түсіп жатқан, ештеңеден беті қайта қоймаған жас Абай (Нүркен Өтеуілов, Сырым Қашқабаев). Біріншісі – Абайдың мәңгілікке айналған ақындық, данышпандық образы. Екіншісі – оның көрер қызығы мен азабы әлі алда, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған табиғи бейнесі.
Аға Абай сахнадағы тартысты оқиғаларға араласа алмайды, бәрін сыртынан – өзге бір дүниеден бақылайды, «қайран елі, қазағы қайран жұртының» озбыр би-болыстары мен жылт еткен жарыққа ұмтылған келешегі зор жастарының арасындағы бітіспес талас-тартысты көріп, іші удай ашиды, жүрегі қан жылап қиналады. Жас Абай осы оқиғалардың бел ортасында жүр. Пьесадағыдай Айдар мен Ажарды қорғап шаршы топта дауға түседі, ел ісіне араласады, Оразбайдай озбырлардан таяқ та жейді, Айдардай асылынан, Әбдірахмандай ардақтысынан, Мағауиядай үмітінен едел-жедел айырылып, қатал тағдырдың тепкісін көреді. Қазақтың басындағы ауыртпалықты, қараңғы елге озбыр байшыкештердің тізе батырып, қан қақсатқанын ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов осылай жеткізгісі келсе керек. Тартыс ширығып, шарықтау шегіне жеткенде қос Абайдың да күңіренген үні қосылып, «Мен ішпеген у бар ма?» деп күрсінгенде көріп отырған сенің де іші-бауырың еріксіз езіліп кете барады...
САХНА СЫРТЫНДА
Еркін ЖУАСБЕК, Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры, көркемдік жетекшісі:
– Театр маусымының ашылуы актерлер мен режиссерлер үшін ғана емес, көкірек көзі ашық көрермен қауым үшін де айтулы мереке деп есептейміз. Құтты болсын! Бұл спектакль – біздің жаңа дүниеміз. Қазақтың діліне, жан дүниесіне Абайдың сөзімен, Абайдың көзімен тағы бір рет үңілуге жаңа қадам жасап отырмыз. Бүгіндері біздің қойылымдарымыз 20-ға жетті. Дүйсенбіден басқа күндердің барлығында көрермендерімізді спектакльмен қарсы алатын жағдайға жеттік. Репертуарларымыз жан-жақты, алуан жанрды қамтиды. Комедия, трагедия, ертегі, алуан түрлі музыкалық қойылымдар, тіпті мюзикл жанрында да жұмыс істеп жатырмыз.