«Бір кем дүние» – ой салатын дүние
«Біз екі аяқтыларға тиіспейміз. Тіршілік заңы солай. Егер олар заңдылықты бұзса, жаратушы алдында өздері жауап береді. Ал біз, бөрілер, сертімізге берік болуымыз керек!» Күңіренген қара қобыздың үнімен қасқырлар үйірінің тіршілігін суреттеуден басталатын қойылымдағы адам мен табиғаттың, бар мен жоқтың, өзге де жаратылыс иелерінің арасындағы тартыс – көрерменін еріксіз алға жетелей береді екен.
Бұл – Астанадағы Қаллеки театрында тұсауын кесіп, елордалық көрерменнің назарына ұсынылған жаңа қойылым – көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның «Текебұрқақ» әңгімесінің желісі бойынша жасалған «Бір кем дүние» драмасы. Шығарманың сахналық нұсқасын қоюшы режиссер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, спектакльді музыка тілінде сөйлеткен – Еділ Құсайынов. Режиссер бұған дейін де А.Сейдімбектің «Күзеуде», Б.Васильевтің «Завтра была война» шығармаларының сахналық нұсқасын жазып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын.
«Бір кем дүние» драмасы адам мен табиғат арасындағы байланысты саралап, пенде атаулының табиғат пен өзге де жаратылыс иелеріне деген салғырттығы мен қатыгездігін сахналық тілмен жеткізуге тырысады. Тіршілік иелерінің ең саналысы да, ең қатыгезі де – адамзат баласы. Қарыштап дамыған өркениет Табиғат-анаға қаншалықты қауіп төндіруде? Қойылым барысында табиғи тепе-теңдікті саналы түрде бұзушы адамдар мен тіршілік үшін арпалысқан жануарлардың өзара ұқсастығын әрі айырмашылығын тамашалай аласыз.
Режиссердің өзі қойылым жайында: «Бір кем дүние» — Шерхан ағаның жаңа жинағының атауы. «Текебұрқақ» әңгімесі осыдан 7-8 жыл бұрын қолыма түскен еді. Алғаш оқып шыққанда-ақ мұның сахнаға сұранып тұрған дүние екенін түсіндім. Бірақ шығарманы сахнаға лайықтау керек еді. Бастапқыда біршама жүрексініп жүрдім де, Шер-ағаның 80 жылдық мерейтойына орай туындының сахналық нұсқасына байқау жариялағанда жазып шықтым... Өткен жылдың қараша айынан бастап қойылымға кірістік. Үш айдан аса уақытымызды дайындыққа бөлдік. Амандық болса, қойылымды көрермендерге бірнеше рет ұсынып, иінін қандырсақ, автордың өзін де шақырамыз деп отырмыз. Әзірше, актерлер ойымның 70-75 пайызын ғана орындай алды», – дейді.
Қуандық ҚЫСТЫҚБАЕВ, актер:
— Ең қызығы, мен мұнда Абадан рөліндемін. Қойылымда қасқырдың өзіндік ұстанымы бар. Оның жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнерін ойлап табу — балетмейстерлер, актерлер мен режиссерден құралған үштік одақтың бірлігінің нәтижесінде шықты деп айта аламын. Абадан бейнесі – Шер-ағаның өзінің прототипі деуге болады. Дайындық барысында кездескен қиындықтардың барлығын төккен тер мен еңбектің нәтижесінде жеңе алдық. Ендігі бағаны көрерменнен күтеміз.
Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы:
— Қойылымда аңдар, жануарлар ақылдылау көрінді маған. Жалпы, спектакльде әлді мен әлсіздің мәселесі анық көрінген. Кейде біз үйірлерге жай ғана ерсілі-қарсылы шауып жүрген аң ретінде ғана қараймыз. Бірақ солар өмір заңын сақтап, табиғатқа кесірін тигізбеуге тырысады. Ал, керісінше, адамдар өмір заңдылықтарын, тепе-теңдікті бұзып жатыр. Бұл – шындық. «Бір кем дүние» — ой салатын спектакль. Динамикасы жақсы, әрекетке құрылған, әртістер өте жеңіл қозғалады. Және рөлді бекітіп, әртістерді іріктеуде режиссердің талғамы жоғары болған. Әсіресе мылқау келіншек – Шынар рөліндегі актриса Айман Карпсейітованың ойыны маған ұнады. Кейіпкерін көрерменнің жүрегіне жеткізе алды. Абадан рөліндегі Қуандық — тәжірибелі актер. Ерекше атап өтейін, қойылымның музыкасы тақырыпты жан-жақты ашып тұр. Композитор Еділ Құсайынов өте талантты, шығыс сазына жан беріп жүрген жігіт қой. Спектакльде үйлесім бар. Режиссер жақсы жұмыс істеген. Бұл — театрдың еңбектенген, тер төккен кезекті табысы.
Расында да, ә дегеннен-ақ баурап алатын қойылым көрерменді еріксіз ойлантып, көп нәрсеге көзін ашады. Соңында сіз өзіңізді бұ дүниенің қожасы емес, тек жаратылыстың бір ғана бөлшегі екеніңізді санаңызға шегелеп шығасыз. Қойылымның айтар ойын сіңіру көрерменнің өз талғамында...