«Жеті жарғыны» жазушылардың бірі, үш жүздің бас билеріне ақыл-кеңесін айтып, батасын берген, ел ішін даудан, ел сыртын жаудан қорғаған, бүкіл ғұмырын, бар күш-жігерін қазақ елінің ынтымағы мен тұтастығы үшін сарп еткен, билердің биі атанған Әнет баба Кішікұлы 1628 жылы туып, 1725 жылы (кейбір деректерде 1626-1723 жылдар аралығында өмір сүрген делінеді) 97 жасында өмірден озған. Сүйегі Түркістанда «Әзірет Сұлтанда» жерленген. Ахмет Ясауи кесенесіндегі Көктасқа Баба есімі жазылған.
Әнет баба – қоғам қайраткері
Әнет бабаның есімі иісі қазақ баласына әйгілі Әз Тәуке хан заманында жасалған «Жеті жарғы» мемлекеттік, праволық, әдет-ғұрыптық заң жүйесінің ережесіне айналған тарихи құжатты жазушылардың бірі ретінде белгілі. Бұхар медресесін оқып бітіріп, Әнет Кішікұлы ғұлама атанады. Медреседе алған білімін қазақ елінің бірлігін, тұтастығын нығайтуға арнайды. Оған талай тарихи дерек куә. Қазақ совет энциклопедиясында «Әнет баба Кішікұлы (1626-1723) – Орта жүз биі, тобықты руынан. Бұхар медресесінде оқып, ғұлама атанған.Түркістанда хандық құрған Әз Тәукенің кеңесші биі болған, әдет заңы – «Жеті жарғыны» жасасқан. Әнет баба – қазақ хандығын нығайтуда, қалмақ-жоңғар шапқыншылығынан елін қорғауда ақылшы мәмлегерлігімен халық сеніміне ие болған, Әнет баба атанған» деп жазады. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының жазбаларында мынадай жолдар кездеседі. Ол кезде оқуды тауысқан соң, әрбір шәкірттің қабілетіне қарай құжат беріледі екен.
Әнет баба өзімен қатар оқыған балалардан үздік шығып, ғұлама-даммулалардың батасын алып, жолға шыққалы тұрғанда, Бұхардың дінбасы Шейх ұл-ислам оған былай деп сұрақ қойыпты:
– Әнет, міне, сен ғұлама болдың. Қадамың құтты болсын! Енді Түркістанға жүргелі отырсың. Бірақ онда біз сайлаған имам бар. Ол – бір қасиетті адам. Саған муфтиліктен басқа лауазымды лайық көрмей отырмыз. Не істеген жөн?
– Әміріңізге құлдық, Шейх ұл-ислам. Мен Түркістанға барғанда лауазым іздеп бара жатқан жоқпын!
– Енді не іздеп барасың?
– Елімді іздеп барамын. Ен сахараны еркін жайлаған қазақ деген халқым бар. Сол халыққа қызмет ету үшін барамын, – депті Әнет баба.
Сол сөзді өміріне мәңгі серік еткен Әнет баба бар саналы ғұмырын қазақ елінің тұтастығына, тәуелсіздігіне арнайды. Көзі тірісінде-ақ ел ішінде шешендігімен, әділдігімен, мәмлегерлігімен аты аңызға айналған.
Әнет баба – билердің биі
Үш жүздің бас билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Әнет бабаның ақыл-кеңесін тыңдап, батасын алған екен. Ол жайлы талай тарихи дерек, ел аузында аңыз болып сақталып қалған әңгімелер баршылық. Бірде Мамашәріп би Төле биден:
– Уа, Төле би, біз адассақ, сізден ақыл сұраймыз, сіз адассаңыз, кімнің ақылына жүгінесіз? – деп сұрапты.
Сонда Төле би:
– Әнет баба бар емес пе?! – деген екен.
Төле би төбе би болып сайланған соң, өзін сынатайын деп Әнет бабаға келеді. Келсе, Әнет баба он екі қанат ақ боз үйдің қақ төрінде төрт қабат төселген көрпенің үстінде көкірегіне құранды қойып, шалқасынан жатыр екен. Төле амандасып, өзін таныстырып, жай-күйін айтқан соң, Әнет баба Төле биге арнап төбел бие сойдырып, төрткілдеп ошақ қаздырып, қонақасы беріпті. Кететін кезінде қасына шақырып алып, керегеде ілулі тұрған қорамсақты нұсқап:
– Төлежан, анау қорамсақтан бір жебе суыршы, – депті.
Төле Әнет бабаның айтқанын істеп, қозы жауырын қу жебені суырып алып, бабаға ұсыныпты.
– Жоқ, бұл жебені өзің ал, Төле. Алып, ортасынан сындыр, – депті Әнет баба.
Төле тізесіне қойып, басып қалғанда жебе орта белінен морт сыныпты.
– Енді тағы үш жебе сындыр, – дейді Әнет баба.
Төле үш жебені сындырып, алты шыбық жасапты.
Енді осы алтауын сындырып көрші, – дейді Әнет баба.
Төле алты шыбықты әрі майыстырады, бері майыстырады, сындыра алмаған соң, қорамсағына салып алыпты да, Әнет бабадан қол жайып бата сұрап, батасын алған соң, жолға шығыпты.
Былай шыға бере, Төленің жанындағы жолдастары түкке түсінбей:
– Төке, Әнет бабаның мұнысы несі? Бізді жебе көрмей жүр дегені ме? – деп сұрапты.
– Жоқ, сендер түсінбедіңдер. Әуелі жалғыз жебені сындыртқан себебі – жалғыз болсаң, кез келген қарулы қол беліңді сындырады дегені. Алты бірдей шыбықты сындыр дегені егер басың бір, ауызбіршілігің бір, тобың бір болса, алты алаштың баласына ешкімнің шамасы келмейді дегені еді, – дейді Төле би жолдастарына. «Көптің аты – көп, бірліктің аты – бірлік. Әй, аруағыңнан айналайын Әнет бабам-ай, бір күні сен де кетесің-ау бұл қу дүниеден», – деп Төле би көкірегі жалын атып күрсінген екен деседі.
Ал қаз дауысты Қазыбек би ақыл-кеңесін тыңдап, білім-біліктілігін үйрену үшін Әнет баба ауылының іргесіне көшіп келіп, екі-үш жыл көрші отырған екен. Әнет бабаны ұстаз тұтқан. Ұлы баба да Қазыбек биден білімін, ақыл-кеңесін аямапты. Ел дауы, жер дауы, жесір дауы көбейіп, Қазыбек би Ордабасы, Күлтөбеге аттанғалы жатып Әнет бабаға кіріп, бата сұрайды.
– Жортқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын! – деп батасын беріпті Әнет баба.
Кіші жүздің биі Әйтеке би де үнемі Әнет бабамен кеңесіп, ақылын тыңдап отырған. Ел ішінде «Әйтеке айтқан сөзінен айнымайтын адал, шешен, ірі, нар тұлғалы адам болған. Әрі батыр, әрі шешен, әрі көсем Әйтеке биді Әнет баба осы қасиеттері үшін қатты сыйлаған. Ол да Әнет бабаның ақыл-кеңесін тыңдап жүреді екен. Түркістанға, Күлтөбеге билер кеңесіне бара жатып та, келе жатып та Әйтеке Әнет бабаға арнайы келіп, хабарын айтып, амандасып өтеді екен» деген сөз қалған.
Әнет баба және дін
Ұлттың ұлт болып қалыптасқанын анықтайтын негізгі факторлар – тіл, дін, тарих, дәстүр, жер. Діні мықты елдің іргесі мықты. Әз Тәуке ханның кеңесшісі болған Әнет баба да жастайынан дін іліміне ерекше көңіл бөліп, шариғат ережелерін жітік білген. Бұхардағы Көкілташ медресесін тәмамдап, ғұлама атанған. Ол тек қазақ халқы арасында ғана емес, бүкіл Орта Азия халықтары арасында араб, парсы тілдерін жетік меңгерген ғұламалардың қатарында болған. Әнет бабаның шариғат заңдарын жете білуі қазақтың ең алғашқы заңдар жинағы – «Жеті жарғыны» жазуда көп көмегін тигізген. Ел бірлігіндегі діннің рөлін жете түсініп, дін беріктігін де насихаттаған.
Бүгінде Семей қаласындағы қос мұнаралы орталық мешіт ұлы баба – Әнет баба Кішікұлының есімімен аталады.
Ұрпақтары ұлы бабаны ұлықтады
Бар ғұмырын қазақ елінің бірлігі, ынтымағы, тұтастығы мен тәуелсіздігі жолына арнаған ұлы бабалар есімі ескерусіз қалмақ емес. Тәуелсіздіктің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, ұлы бабалардың қазақ елі үшін істеген істерін мақтан етіп айтып, жазып, ұрпақтарының ұлықтауына жол ашылды. Билердің биі атанған Әнет баба Кішікұлы да бүгінде өз бағасын алып, ұрпақтары тарапынан ұлықталды.
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында желтоқсанның 2-сі күні Әнет баба Кішікұлына қойылған ескерткіш ашылып, этнограф, шежіреші Молдабек Жанболатовтың «Әнет баба» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, ескерткіш авторы Әскербек Сәкіжанов, «Әнет баба» тарихи-танымдық кітабының авторы Молдабек Жанболатов, бірқатар қоғам қайраткері мен аудан жұртшылығы қатысты.
Салтанатты шараны Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев ашты.
Бердібек САПАРБАЕВ, облыс әкімі:
– Әрбір саналы адам ата-бабаларының еліне сіңірген еңбегін ескерусіз қалдырмауы тиіс. Тарихсыз ел болмайды. Ал сол тарихын білмеген ел ілгері дамымайды. Осы тұрғыдан келгенде, Әнет бабаның тарихтан алар орны орасан. Ол – ел бірлігі, тұтастығы, тәуелсіздігі үшін мол еңбек сіңірген ғұлама, тарихи тұлға. Біртұтас Қазақ мемлекетін қалыптастыруда еткен еңбегі ұмытылмақ емес. Тәуелсіздік алғанға дейін ұлы бабаның елге сіңірген еңбегін ескеріп, тиісті бағасын беруге кеңестік мемлекеттің саясаты мүмкіндік бермеді. Міне, бүгін Тәуелсіздіктің арқасында ұлы бабаны ұлықтап отырмыз. Бүгін қазақтың өлгені тіріліп, өшкені жанып, жоғалғаны табылғандай. Әнет баба айтқан өсиеттерді жинақтап, ол жайлы кітап жазып, оған ескерткіш орнату – ұрпаққа мол өнеге. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Әнет бабаға ескерткіш орнату – бұл ұлылар мекені Абай елінің ұлылығының бір көрінісі және Тәуелсіздіктің жемісі.
Салтанатты шараға жиналған Абай елінің жұртшылығы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев мырзаға тілек хатын жеткізді. Бұл хатта аудан жұртшылығының облыс әкіміне:
– Семей, Өскемен, Астана қалаларында баба атына көше беру;
– Семей, Өскемен, Алматы, Астана Шымкент, Түркістан қалаларында Әнет баба ескерткішін орнату;
– Семей, Өскемен, Алматы, Астана қалаларындағы жоғары білім беретін әділет, заң оқу орындарының біріне баба есімін беру және онда Әнет баба жетілдірген ар ілімін, құқық қорғау ісін және ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр үлгісін зерттеп, насихаттау орталығын құру;
– еліміздегі ұлағатты заңгер, құқық қорғаушылар мен озат студенттерге арнайы жүлде тағайындап, төсбелгі шығарып, жыл сайын салтанатпен табыстау туралы тілегі айтылған.
Сонымен қатар Абай елінің жұртшылығы Бердібек Мәшбекұлының бұл шараларды облыс көлемінде шешіп, республикалық мәртебедегі құзырлы орындардың алдына мәселе етіп қоятындығына кәміл сенетіндігін жеткізді.
Әскербек СӘКІЖАНОВ, мүсінші, ескерткіш авторы:
– Тәуелсіздік алған тұстан-ақ Әнет баба мүсінін сомдауға кірістім. Ол кісінің суреті жоқ. Сондықтан Әнет бабаның шығармашылық портретін жасауға тура келді. Ол үшін көп ізденіп, көп мағлұмат жинап, деректерге сүйене отыра, баба портретін жасап шықтым. Ұлы бабаны тұғырлы орнына қондыруға бүгінгі Тәуелсіздіктің арқасында ғана қол жеткізіп отырмыз.
Молдабек ЖАНБОЛАТҰЛЫ, «Әнет баба» тарихи-танымдық кітабының авторы:
– Ел ішінде Қарлығаш әулие деген құрметті атқа ие болған, кезінде заман тауқыметін көтерген Әнет баба кейін солақай саясаттың тезіне түсіп, әділ бағасын ала алмай келді. Саяси құрсау сөгіліп, Тәуелсіздіктің туы тігілгеннен бастап Ұлы баба жайлы сөз қозғаудың сәті түсті. Әнет бабаның сүйегі қасиетті Түркістан жерінде жерленгені анықталып, есімі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіндегі Көктасқа жазылды.
Ұлы бабаға ескерткіш орнатып, ол жайлы тарихи-танымдық кітап шығаруға қол жеткізу Тәуелсіздіктің шапағаты деп білемін.
Серғазы ҚАЛИЕВ, педагогика ғылымының докторы, профессор, Әнет бабаның ұрпағы:
– Ұлы бабаның қазақ еліне сіңірген еңбегін, халыққа қалдырған өсиетін жинап, жарыққа шығару, оған ескерткіш орнату ел үшін де, ұрпақ үшін де өте маңызды. Бірнеше жыл ізденіп, қажырлы еңбек еткен «Әнет баба» тарихи-танымдық кітабының авторы Молдабек Жанболатовқа, ескерткіш авторы Әскербек Сәкіжановқа шексіз алғыс айтамын. Әлі де болса Өзбекстан, Иран, Ресей елдерінің мұрағаттарынан Әнет баба жайлы тың деректерді тауып, ел игілігіне жаратсақ, игі іс болар еді.