Беташарын ұзақ күткен «Келін»
Өткен аптаның соңында Алматыдағы «Мега» ойын-сауық орталығының кинозалында «Келін» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі болды. Картина 2008 жылдың желтоқсан айында дайын болғанымен, киносарапшылардың әрі-сәрі әңгімесінен кейін бе, әлде көрерменге көрсетудің ретін таппағандықтан ба, жұртшылық «Келіннің» «беташарын» ұзақ күтті. Фильм алғаш ақпан айында жабық жағдайда көрсетілген соң, «Келіннің» тұсаукесерін жасауға «Қазақфильм» киностудиясы рұқсат бермей отыр» деген де сыбыстар естілген-ді. Әйтсе де қоюшы-режиссер Ермек Тұрсыновтың картинасы төңірегіндегі әңгіме оң шешімін тапқан болса керек, әйтеуір, көрерменге «Келінмен» қауышуға мүмкіндік туыпты. Бүгінде «Келін» көркем фильмі Алматы кинотеатрларында көрсетілуде.
Түсіріліп біте салысымен төңірегінде дау-дамай өршіп, жұртшылықты дүр сілкіндіргендіктен болса керек, картинаның тұсаукесеріне жұрт өте көп жиналды. Тіпті бір орынға бірнеше билет сатылып, көрермендер мен арнайы шақырылған қонақтар орынға таласып, ұйымдастырушыларды әбден састырды. Фильм экраннан көрсетілмес бұрын «Қазақфильмнің» қазіргі басшысы Ермек Аманшаев Ермек Тұрсыновқа картинасы үшін алғыс айтып, сәттілік тіледі. Ал режиссер фильмдегі актерлер мен түсіру тобын толықтай сахнаға шақырып, әрқайсысын көрерменге жеке-жеке таныстырды.
«Келін» қалай түсірілді?
«Келіннің» тарихы әріде жатыр. Қырғыз режиссері, белгілі актер Ақтан Арым Құбаттың айтуынша, фильмнің идеясы осыдан он жыл бұрын ойластырылған. «Менің жұмыстарымның ішінен Сергей Бодров осы «Келінді» ұнатып, мені Ермек Тұрсыновпен таныстырған еді. Екеуміз бірлесіп жұмыс істеп, Ермек фильмнің сценарийін жетілдіріп жазып шықты. Сөйтіп, дайын сценарий «Қазақфильмнің» бұрынғы басшысы Сергей Әзімовтің қолына түсіп, ол аталған фильмді Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің тендеріне өткізді», – деді идея авторы әрі креативті продюсер Ақтан Арым Құбат.
«Келін» тудырған дау
Көрерменге жетіп үлгермей жатып «Келін» көп сынға ұшырады. Фильмді өткір сынға алғандардың бірі «Қазақфильм» көркемдік кеңесінің мүшесі, киносценарист, жазушы Дулат Исабеков болды. Ол аталған көркем фильмді шындыққа жанаспайтын, өтірік, қияли кино деп баға берген еді. «Ермек Тұрсыновтың «Келін» көркем фильмі – өтірік кино болғанымен қоймай, қазақты жерге қарататын, масқаралайтын картина. Әрбір жаңа фильм жарыққа шыққан сайын қазақ ұяттан жерге кіретін болды», – дейді жазушы. Кино түсіремін деп басы дауға қалған Ермек Тұрсынов та сындарға қарсы уәж айтады. «Көркем фильмнен тарихи дерек іздеудің қажеті жоқ. Өмірдегі ақиқат пен өнерді шатастырмағанымыз жөн. Менің «Келініме» көркемдік дүние деп қарау керек», – дейді режиссер.
Мазмұн
«Келін» фильмі Көк Тәңірге табынған, өздерін көк бөрінің ұрпағымыз деп санаған көне түркілер жайлы. Картина біздің заманымыздың III-IV ғасырларында ата-бабаларымыз көне түркі тілінде сөйлеген және жануарлардың тілін түсінген уақытты суреттейді. Ислам дәуіріне дейінгі кезеңде адамдар өздерін табиғаттың бөлшегі ретінде санайтын. Фильмде тәңіршілдік, шаманизм көрініс табады. Көне түркілер өлген адамның денесін жерге көмбей, көк иелері – киелі құс, грифтерге беретін болған деседі. Көне түркілер түсінігінде ерлер – күш иесі, әйел ұрпақ жалғастырушы деп саналған. Фильмдегі оқиға қарағайлы, қарлы Алтай тауында өрбиді. Көне түркі ғұрпымен қыз ұзатылады. Бақташы және Мерген атты екі жігіт бір қарияның қызына таласады. Қария кім көп қалың берсе, қызын соған беруді ұйғарады. Бұл бәскелестікте Бақташы жеңіп, қыз соған бұйырады. Негізгі кейіпкерлер: бақташы, аңшы, ене, қайны және келін. Келін ерінің отбасына енді үйрене бастаған кезінде түзде Бақташы мен Мерген жекпе-жек кездесіп, Бақташы қаза табады. Осылайша, оқиға шиеленісе түседі. Келінді енесі әмеңгерлік жолымен өзінің кіші ұлына қосады. Ал келін аңшының ашынасына айналады. Кино барысында бірнеше эротикалық кадрлар бар. Ақырында аңшы да, қайнысы да қаза тауып, келін бақсы енесімен бірге қалып, дүниеге сәби әкеледі. Әкесі қайсы екені белгісіз нәрестеге кемпір көк бөріні сауып, сүтін ішкізеді де, өзі ажалымен бетпе-бет кездесуге аттанады. Ал келін сәбиі мен енесінің бақсылық асатаяғын құшақтап қала береді. Негізгі оқиға – осы.
Сырт көз
«Келіннің» алғашқы көрсетілімін тамашалауға киноның майын ішкен майталмандар, режиссерлер, актерлер де келді. Фильм аяқталысымен біз олардан кинотуынды туралы пікірлерін алмақ болғанымызда Асанәлі Әшімов сынды ақсақалдарымыз қандай да бір ойларын білдіруден бас тартты. Тек режиссер Сатыбалды Нарымбетов өзіне картинаның ұнағанын, жақсы дүние айқай-шумен келетінін бірауыз сөзбен жеткізді. Сондай-ақ «Келін» белгілі режиссер Болат Атабаевтың да көңілінен шығыпты. «Өз басым, «Келін» көркем фильмін талғамы жоғары эстетикалық туынды деп санаймын. Режиссер эстетиканың мәтінге байланып қалмағанын дәлелдей алған. Тек дыбыс эмоциясы арқылы адамның ішкі дүниесін бере білген. «Қазақфильмге» өте талантты, эстетикалық талғамы жоғары режиссер келіпті, басымды иемін», – деді Болат Атабаев.
Түйін
Иә, мүмкін, кино мамандарының көзімен қарағанда, «Келін» эстетикалық дүние шығар. Бірақ көрерменнің бәрі маман емес қой. Дәл қазіргі кезде халыққа патриоттық рух беретін, қазақылығымызды дәріптейтін фильм қажет. Рушылдықтан арыла алмай, ауызбіршілігіміз болмай отырғанда, көне түркілердің тарихын бұрмалағаннан не ұтамыз? Егер «Келіннен» тарихи дерек іздемесек, онда фильмдегі эротика мен жабайылықты эстетика деп түсіну керекпіз бе? Сөз жоқ, ертең «Келін» шетелден жүлде алады, тіпті «Оскар» сыйлығын алуы да ғажап емес. Өйткені бұл – қазақ көрермені үшін емес, шетелдегі байқау үшін түсірілген көбедей-көп фильмдердің бірі. Ал қазақ көрермені жүрегі қазақ режиссер туғанша өзбектің, түріктің фильмдерін тамашалап жүре бермек. Себебі жоқты бар қылып, өздерін бай, өмірлерін керемет етіп көрсететін өзбек режиссерлері туындылары арқылы өз ұлтына рух береді. Ал қазақ секілді онсыз да тіршіліктің тауқыметінен шаршаған халық өздерін жұбату үшін өз режиссерлеріміздің қазақты бейшара етіп көрсететін фильмдерін емес, әрине, өзбек пен түрік режиссерлерінің телесериалдарына мәз болып, соған да қанағат етпек.