Берлин мұражайындағы Абай әндерін жылына 60 мың адам тыңдайды

Берлин қаласы көшелерінің анықтамалығын ашып қараған адам алдымен Абай-штрассені, яғни, Абай атындағы көшені кездестіреді. Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің сөзі мәрмәр тасқа қашалып, немістің ұлы ақыны Гетенің мұражайында ілінген. Берлин мұражайында Абайдың осы әсем әуені ауық-ауық орындалып, оны жылына 60 мыңдай адам тыңдайды екен. 

Ал Италияның Триест қаласында 2010 жылы 104 кеңестік жауынгерге (оның 36-сы қазақ) обелиск ашылды. Осы боздақтардың арасында соғыста хабарсыз кеткен шығысқазақстандық Шаяхмет Боранбаевтың есімі жүр. Осылардың барлығы бүгінде тоқсанға толған жазушы, майдангер қаламгер, соғыс ардагері Қалмұқан Исабайдың көп жылғы еңбегінің жемісі, дипломатиялық шеберлігінің жарқын көрінісі.
Қалмұқан аға қалың оқырманға «Сұңқар самғауы», «Айқыз», «Шоң би» романдары, «Соңғы ерлік» повесі, «Алғы шепте» әңгімелер жинағы, «Мұндайлар болған» жинағы және басқа да шығармалары арқылы жақсы таныс. Ұзын саны қырықтан астам кітаптың авторы. Жазушының кейіпкерлері заманның ығына қарай автордың қиялынан туған образдар емес, нақты тарихи тұлғалар, сонысымен де құнды. 1967 жылы жарық көрген «Айқыз» романын жазу үшін Аягөз өңірін аралап, қазақтың ержүрек әйелі, ақтар азаптап өлтірген Айқыз Көшімбаеваға қатысты деректерді там-тұмдап жинайды. Қалмұқан аға 1917 жылдан Қазан төңкерісіне дейін қазақтан кім Меккеге барғанын зерттеп, бәрінің тізімін тауып, олардың қай облыс, қай ауданнан екеніне дейін белгілеп, кітап жазды. Талай қазақтың ата- бабасының аты аталған бұл кітап шыққаннан кейін біреу әкесін, біреу атасын іздей бастайды.

Италияда жерленген ұландық батыр
Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жерлесіміз, ұландық Шаяхмет Боранбаевтың туыстары да жауынгер жайындағы деректі Қалекеңнің «Батальон командирі» әңгімесінен тауыпты.
«Шаяхмет ағадан ең соңғы хат Югославиядан келіп еді, – деп отыратын папам. Содан бір күні өзімнің қолыма түскен Ұлы Отан соғысы туралы жазылған «Өшпес даңқ» деген жинақтағы жазушы Қалмұқан Исабайдың «Батальон командирі» деген әңгімесінен Шаяхмет Боранбаев деген фамилияны кездестіріп, әкеме көрсеттім, – дейді қазір Өскеменнің түбіндегі Ахмер ауылында мұғалім болып жұмыс істейтін Гүлнар Шайырғазықызы.
Содан бастап Шайырғазыдан маза кетіп, Алматыдағы жазушы Қалмұқан Исабайға телефон шалады. Ол кісі арқылы Түркменияның Мары қаласында тұратын Бейсен Раисовпен хабарласады. Бейсен Раисов соғыс кезінде Югославия халық-азаттық армиясының 9-корпусы, 18-бригадасының құрамындағы 2-екпінді батальонның («орыс батальоны») командирі болып, Шаяхмет Боранбаев сол батальонда соғысқан екен. Ақыры, 1985 жылы Шәкең Мары қаласына арнайы барып, Бейсен Раисовпен жолығады, әңгімелесіп, ағасы туралы біраз жайға қанығады. «Орыс батальоны» негізінен фашистік концлагерьден қашып шығып, Югославия партизандарының құрамына кірген кеңестік жауынгерлерден жасақталған екен.
Шаяхмет фашистік лагерьден үшінші рет қашқанда ғана құтылып, партизандар қатарына қосылады. Осы сияқты боздақтардың қаншалықты азапты басынан кешкендігін ойша ғана елестетуге болады. Ерлікпен шайқасқан ұландық Шаяхмет Боранбаев сонау батыс қияндағы Югославияның Задлог селосы үшін болған қанды ұрыста 1945 жылғы 31 наурызда жау қолынан қаза табады. Соғыс кезіндегі Югославия халық-азаттық армиясы және партизан отрядтарының бас қолбасшысы, маршал Ио-сип Броз Титоның жарлығымен өзге де бірқатар жауынгерлермен бірге Шаяхмет Боранбаев Югославия мемлекетінің «Ерлігі үшін» орденімен марапатталған екен.
«Соғыста қайтыс болғандардың наградаларының барлығы Триест қаласындағы мұражайда сақтаулы» деген екен Бейсен аға сол кездесуде, – деп жазады нағашысы жайында журналист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымов.

«Айым, әлгі солдаттардың мәселесі не болды?»
– Әкем жат жерде шейіт болған қандастарымыздың зиратын іздеу барысында көптеген мұрағаттарды ақтарып, жерлестеріміз мерт болған өзен мен көпірді тапты. Одан кейінгі арманы біздің жауынгерлердің қаны төгілген сол араға ескерткіш орнату болды, – дейді жазушының қызы, бүгінде Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде қызмет істейтін Айқыз Исабай.
Ол кісі бұл мәселені Қазақстанның Италияда елшілігі ашылған күннен бастап көтерген-ді. Майдангер 2005 жылы сол кездегі мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовке хат жазады. Қазақстанның Италиядағы елшілігіне жауынгерлердің аты-жөнін анықтау жөнінде тапсырма беріледі. Кейін Римде елшілікте жұмыс істеген кезде бұл шаруаның қаншалықты қиын екеніне Айқыздың да көзі жетеді. Югославия мемлекеті жоқ, мұрағаттар сақталмаған.
– Мен Алматыға телефон шалған сайын әкемнің қоятын алғашқы сұрағы «Айым, әлгі солдаттардың мәселесі не болды?». Бірде мен абайсызда «Әке, қазір қауырт жұмыстар көп, қол тимей жатыр» деп қалмасым бар ма?! Сонда әкем маған «қызым, сендер өзі андағы жерде не бітіріп отырсыңдар?» деп кейігені. Сол мезетте мен жат жерде жоқтаусыз қалған боздақтардың әкем үшін қаншалықты қастерлі, олар үшін жүрегінің қаншалықты ауыратынын жақсы түсіндім, – дейді майдангердің қызы.
Бұл, әрине, әр ісін асқан жауапкершілікпен атқарған соғыс ардагерінің талапшылдығы еді. Айқыз Қалмұқанқызы осы бастаманы аяғына дейін тындыруда Қазақстан Республикасының Италиядағы сол кездегі Төтенше және өкілетті елшісі Алмаз Хамзаевтың, елшіліктің жас қызметкерлерінің ерен еңбегін ерекше айтады. Триест қаласының екі бизнесмені портты қала Ақтаумен байланыс орнату мақсатында біздің елшілікке келеді. Сөз арасында қандай көмек қажет екенін сұрайды. Сол сәтте жас консул Әлібек Шайдаров Триест қаласының маңындағы Випава өзеніндегі көпірді қорғау кезінде көз жұмған кеңес жауынгерлері туралы деректерді іздестіріп жүргендерін айтып, Қалмұқан Исабайдың сұрау салып жүрген он кеңес жауынгерінің тізімін көрсетеді. Ақыр аяғында италиялық кәсіпкерлердің көмегімен құжаттар табылып, он емес, 104 жауынгердің аты-жөні анықталады! Осылайша сәтті басталған істі кейін консул Бауыржан Асқаров аяқтайды.
Ал 2010 жылы 25 сәуірде Италияның Триест қаласында сол қаланы азат ету кезінде қаза тапқан Югославия халық-азаттық армиясының 9-корпусы құрамындағы «орыс батальонында» қаза тапқан 104 кеңестік жауынгерді (оның 36-сы - қазақ) еске түсіру мақсатында ескерткіш ашылды. Мәрмәр тақтада «Ескерткіш Қазақстан Республикасы Үкіметінің, ҚР-ның Италиядағы елшілігінің, Триест қаласының мэриясы және тұрғындарының қолдауымен, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Қалмұқан Исабаевтың бастамасымен орнатылды. 2010 ж, 9 мамыр.» деп қазақ, орыс, италия тілдерінде қашалып жазылған.
Офицер Қалмұқан Исабай соғыстан кейін он жыл бойы Германияның Ильменау қаласында комендант болып қызмет істеген еді. 50-ші жылдардағы ашаршылық кезінде бір үзім нан сұраған неміс балалары кеңестік комендатураның асханасының қасынан шықпайтын. Майдангер ағамыз оларға мүмкіндігінше қалған тамақтардан береді. Ол кісінің өзінің айтуынша, бір кездегі жеткіншектер азамат болып ер жетіп, Германиядағы билік басына қызметке келгенде, жазушы ағамыздың өтініштерін аяқасты етпей, орындауға көмектескен көрінеді. Осылайша Абайдың есімін неміс халқына жеткізіп, бір көшесіне атын бергізеді, ол үшін алдымен Қазақстанда Семей, Қарағанды қалаларында көшелерді Гете атымен атауға көп күш салады. Дипломатияның нағыз шебері осындай-ақ болатын шығар!

Өтелген парыз
Мен Қалмұқан ағаның ортаншы қызы Айқызбен Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған едім, жақсы дос болып кеттік. Айқыз көп жылдар бойы Қазақстанның Пәкістан, Корея, Испания, Италия, Бельгиядағы елшіліктерінде жемісті қызмет атқарып келе жатыр. Мен құрбымның бойына дипломатиялық қасиеттердің әкесінің қанымен дарығанына сенімдімін. Студент кезімізде Қалмұқан ағаның көзіне көп түсе бермеуге тырысатынбыз. Өйткені жүрегі жұмсақ болғанымен, танымал жазушының жалпы бала тәрбиесіне қатал қарайтынынан хабардар едік. Балалардың кешкілік бос жүрісін, телефонмен ұзақ сонар әңгімелерін ұнатпайтын, зая кеткен алтын уақыт деп санайды. Қуақы тілді жазушыдан біз ғана емес, қатарлас қаламдастары да тартынатын. Өйткені, ол кісінің өткір қағытпалары әркімнің аузында жүреді. «Қалекең деген екен...» сияқты жинаққа жүк боларлықтай орамды ойлары мен әжуа-әзілдері жеткілікті.
Қалмұқан аға мен зайыбы Зәбира апай төрт бала тәрбиелеп, олардан төрт немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Үлкен қыздары Баян Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, магистр. Ұлдары Қали жеке кәсіпкер. Ал кенже қызы Алма қазір бала тәрбиесімен үйде, Қалекеңнің ұрпақтарын бағып-қағуда. Оқуын үздік оқитын немересі Зере Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданыпты.
Ардақты әкелерінің тоқсан жылдық мерейтойына арнап ұрпақтары «Өтелген парыз» атты жинағын шығарып берді. Талантты адам бар жағынан талантты демекші, осы жинақта жазушының әр жылдары құрдастарына салған шарждарына орын беріліпті.
– Сурет салуды бала кезімнен ұнататынмын. Жиналыстарда отырып, шаршаған сәттерде тарихи оқиғаларды, құрдастарымның, қаламдас достарымның
кескін-келбеттерін әзіл суретке айналдыра бастаймын.
Тіпті, ертеректе қайтыс болған жазушы достарымның жүрегімде сақталған бейнелерін де ойша сала беремін...– дейді жазушы әрі суретші ағамыз.
Айтпақшы, Германияның бір мұражайында Қалмұқан аға салған Абайдың портреті сақтаулы.
Қаламгер ағамыз әлі де тың. Қызының айтуынша, қария күнде ертеңгісін жаңа сканворд алғызып, түске дейін шемішкеше шағып тастайды екен. Біз майдандағы қаруын бейбіт күнде қаламмен алмастырған, шет елдермен мемлекетке жүк боларлықтай дипломатиялық шаруаларды жалғыз өзі атқарған, бүгін тоқсанның төріне шығып отырған қазыналы қариямызды мерейтойымен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймыз.

Керек дерек

Жазушы, соғыс ардагері Қалмұқан Исабай Қызыл Жұлдыз (1945), Еңбек Қызыл Ту (1975), «Құрмет» (2003) ордендерімен, ГДР-дің Герман–Совет достығы қоғамының алтын белгісімен (1983) және көптеген медальдармен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста