Актер 7 арнаның “Моя история” бағдарламасында бір кездері тұңғыш баласына жөргек (памперс) пен дәрі-дәрмек алу үшін дәріханаларға төлқұжатын көрсетіп қарыз алған қиын күндері туралы айтып берді. Бұдан өзге өміріндегі сәтсіз оқиғаларын қуанышты оқиғалармен алмасқанын баяндады.
“2005-2008 жылдары Қазақфильмде мені актер ретінде ешкім көзге ілмеді. Осының барлығы шабыт берген секілді. Үш жылдай мені ешқайда шақырмады… Қолында дипломы мен басында білімі бар адамға да ешкімнің көмегінсіз аяғына нық тұрып, отбасын асырау өте қиын. Мұндайда өзіңмен, бүкіл өміріңмен бетпе-бет қаласың. Қиын сәттер болды. Кейде тіпті тұңғышыма дәрі-дәрмек пен жөргек алу үшін дәріханаға төлқұжатымды көрсетіп, қарыз сұрайтын кездерім болды”, – деп актер өмірінің ең қиын сәтін еске алды.
Әңгіме барысында балаларының есейген сайын оны таңғалдыратын әңгімелер айтып, сұрақтар қоятынын айтты. “Мысалы, тұңғышыммен бір күні мектепке бара жаттық. “Әке, мен саған бірнәрсе айтсам бола ма?” деп ғашық болып қалғанын айтты. Меніңше, екінші немесе үшінші сынып оқып жүрген кезінде. Өзім сынамаға ма, съемкіге ме асығып бара жатырмын. Бар ойым осыда. Жарайсың, иә ондай болып тұрады. Мен балабақшада жүріп ғашық болғанмын деп қоямын. Есімі кім деген ем, артқы жағымнан “Бақытжан” деген дауыс шықты. Мен сазарып кеттім. Фурмонов көшесінің бойында сары жолақтар мен автобус аялдамалары көп болғандықтан, тоқтауға болмайды. Жүрегім қысылып, бозарып бара жатырмын. Балам маған қарап “Әке сен мені анандай деп ойлап қалдың ба? Біздің сыныпта Бақытжан есімді бір қыз, бір ұл бар” деді. Осылай қатты таңқалдырғандары бар” деп актер өміріндегі ең күлкілі оқиғаны есіне алды.