Бұл туралы әнші өзінің Instagram-дағы парақшасына жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Елімізге белгілі жыршы-термеші Айгүл Елшібаева Құрбан айт мерекесін сылтау қылып никаб, хиджабты насихаттайтын әйелдерге шүйлікті.
Дәстүрлі әнші әлеуметтік желі арқылы әйелдердің никаб, хиджаб киюіне қарсылығын білдіріп жүреді. Бұл жолы әнші Құрбан айт мерекесінің қарсаңында әйелдерді алданып қалмауға шақырыпты.
— Мұсылманның Құрбан айт мейрамын сылтау қылып, қара жамылғыларын сататын, саудаларын жүргізетін, конкурс ұйымдастырып, арабтың никап-хиджабын насихаттайтын, діни сауаты жоқтарды алдайтын қазақтың ақ кимешегінен, орамалынан қашатын уахап-салафит қатындардың алдауына көнбеңдер, — деп дейді әнші.
Сондай-ақ әнші қазақтың өз ұлттық киімі бар екенін, тақуалық хиджаб, сақалмен өлшенбейтінін айтады. "Ата-бабамыз тақуалық жүректе деген халықпыз" деп жазады.
Әншінің бұл пікіріне әлеуметтік желі арқылы қарсылық білдіргендер болыпты
Қара никаб, хиджаб сатып күнін көрген уахап-салафит қатындар мені блокқа тығамыз деп үндеу жариялапты. Қазақ ұлтынан садаға кеткір, тақуалықты хиджаб деп білетін, қара жамылып қалғыр адасқандар. Аққа құдай жақ, — дейді әнші.
instagram.com/aigulyelshibayeva01
Әншінің айтуынша, оған қарсы шығатын арнайы аккаунт бар. Сол жерде хиджаб тағатындар әншінің пікіріне қарсылық танытса керек.
Сондай-ақ әнші салафизмнің не екенін білмейтіндерге, оның қайдан келгенін түсіндіріп жазған.
Айгүл Елшібаеваның бұл жазбасына әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдіріпті. Бірі "Айгүл дұрыс айтасың" деп әншіні қолдаса, енді бірі "Не жұмыстарың бар. Әркім қалағанын кисін" деп жазған.