«Беймарал» бiздi күлдiре алатын шығар
Жақында Қазақстанның Еңбек сiңiрген қайраткерi, белгiлi сықақшы, әртiс, режиссер Асқар Наймантаев «Беймарал» атты күлкi компаниясын құрды.
Ел арасында «беймарал» сөзi еш алаңсыз, қаннен-қаперсiз, уайымсыз деген мағынаны бiлдiредi. Адамдарға көтерiңкi көңiл күй сыйлайтын компанияның директоры Асқар Наймантаев: «Театрға келген адам күйбең тiршiлiктегi уайымдарын ұмытып, беймарал отырып күлу керек. Сондықтан театр осы атауға ие болды», – дейдi. Ал «Беймарал» күлкi компаниясының алғашқы концертi 8 наурыз күнi М.Әуезов театрында «Әйелдер-ай, әйәйлер-ай, қулар-ай!» деген атпен өткiзiлмек. Әуелде «Терiсқақпай» әзiл-сықақ театрының негiзiн қалап, кейiн өзiнiң жеке жобаларымен айналысып кеткен Асқардың жаңа күлкi компаниясы қазақстандық шоу-бизнесте қаншалықты өз мүмкiндiгiн көрсете алатыны көрерменнiң бағасы мен мәртебелi уақыттың еншiсiнде.